Шаруасы оңды, малы қоңды

415

0

Қазалы. Аудан кәсіпкерлік саласы бойынша аймақта алдыңғы қатарда келеді. Өткен жылы қаржы айналымы 14 млрд теңгеге жеткен. Тек қана мал шаруашылығына қатысты субсидия көлемі – 1 млрд 100 млн теңге. Бұл – ауыз толтырып айтарлық жетістік. Бүгінде тіркелген 4 494 кәсіпкерлік субъектісінің 4300-ден астамы белсенді жұмыс істеп тұр.

– Өткен жылдың 9 айында ауданда 11,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл – шағын және орта бизнес нысандары­на қатысты ақпарат. Ауданның 7 977 тұрғыны осы нысандарда тұрақты жұ­мыс­пен қамтылған. Ал өңдеу өнер­кәсі­бінде былтыр 11 млрд 718 млн теңгенің өнімін шығардық. Сауда айналымы 7 млрд 546,6 млн теңгеге жетті, – деді ау­дан­дық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов.

Халықтың жеке кәсіппен айналысуына барлық жағдай жасалған. Аудан әкімдігі ғимаратындағы «Open Space» кеңес беру бөлмесі – осы сөзіміздің дәлелі. Мұнда аудан тұрғындарының барлық мәселесі шешімін табады десек, артық айтқандық емес. Жер қаты­настары, архитектура, тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығы, мемлекеттік көр­сетілетін қыз­меттер салаларында сауалдары бар жұртшылық осы бөлмеге бас сұғады. Мұнда барлық саланың маманы отыр.

– Халықтың жан-жаққа сабылып жүр­мей, мәселесін бір жерден шешіп кетуіне зор мүмкіндік. Мәселен, жер те­лі­мінің құжатын рәсімдейтіндер өз­герту, автотұраққа жер сұрау тәрізді жұ­мыстармен келеді. Басым көпшілігі – кәсіпкерлер. Барлық саланы бір жерге осылай біріктіріп отырмыз. Бұл өз кезегінде кәсіпкердің не болмаса жеке адамның алдынан шығатын ке­дер­гілерге тосқауыл. Былтыр жаңадан 18 кәсіпкерлік нысаны тіркелсе, биыл 20-сын тіркейміз бе деп отырмыз. Кәсіпкерліктің дамуы­на осындай жаңа­шылдықтардың мол әсері бар. Өткен жылы 506 азаматтан 156,1 млн теңге салық түсті, – деді А.Бөріқұлақов.

Темірбетон зауытының тынысы

Аудандағы темірбетон зауы­тының тарихы 1978 жылдан басталады.  Алғаш­қы жылдары Батыс темір жол құрамында болып, қажетті құрылыс заттарын дайындаған. Бүгінде зауыттың қайта құрылып, бойына қан жүгіруіне «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолы зор септігін тигізді. Үй құрылысына қажетті құрылыс заттарынан бөлек жолға, көпірге қажетті бұйымдар шығаруды бастады. Өткен жылы пайдалануға берілген «Әлсейіт» көпіріне қажетті барлық жабдықты осы зауыт өндірді.

– Былтыр 33 метрлік балкаларды шығара бастадық. Қазалыдағы Әлсейіт көпіріне екі жылда 9500 бетон жібердік. Үйге, темір жолға, көпірге қажетті темірбетонның 60 түрін өндіреміз. Зауытта 80-дей адам бар. Атыраудың ірі компанияларымен және жергілікті құрылыс мекемелерімен жұмыс істеп келеміз. Шикізатты Жаңақорған, Шиелі аудандары мен Ақтөбе қаласынан алдырамыз. Сапаны бас­ты орынға қоямыз. 18, 21, 24, 33 метрлік балка шығаратын зауыт Қазақстанда санаулы, – дейді зауыт директоры Сәбит Өтегенов.

Мекеме былтыр құны 1 млрд 150 мың теңге тұратын 16 мың текше метр бетон шығарды.

 

Мал басы өсіп келеді

Аймаққа аты танымал «Сыр маржаны» ЖШС егіннен бөлек, мал шаруа­шы­лығын да қолға алған. Бүгінде серіктестік құрамында 300 басқа арнал­ған мал бордақылау алаңы жұмыс іс­тейді. Әдепкіде 500 басқа лайықталған алаң қазір 3 мың бас ірі қараны бір мезетте қабылдай алады.

– Қазір 700 бас мал тұр. Жергілікті халықтан, шаруа­шы­лықтардан асылтұ­қымды бұқашық сатып аламыз. 1 жасқа дейінгі бұқашықтарды 230 келі салмақпен алып, 3 айда 430 келіден кем қылмай бордақылаймыз. Оған қоса, Қызылорда қаласындағы Талсуат елді мекенінен 15 гектар жер алып, ет комбинатын салып жатырмыз. «Байқоңыр» ӘКК-мен бірлескен жоба. Құны – 1,5 млрд теңге. Осы жылдың аяғы немесе келер жылдың басында іске қоспақпыз. Онда 5 түрлі ет өнімі өндірілмек, – деді «Сыр маржаны» ЖШС директорының орынбасары Талайлы Бөріқұлақов.

Шаруашылық өткен жылы Чехиядан 280 бас асылтұқымды ірі қара әкелген. Қашар кезінде келген сиырлар сәуір айында төлдейді деген жоспар бар. Одан бөлек, Солтүстік Қазақстаннан әкелген 12 бас бұқа бар. Төлдің аналығын кө­бейтуге қалдырып, аталығын борда­қы­лауға жөнелтеді. Бұл күнде шаруа­шылықта барлығы 170-тей адам жұмыс істейді.

Шебердің қолы ортақ

Қазалы қаласының тұрғыны Мейрамбек Нұғманов 5 жылдан бері жиһаз жасаумен айналысады. Қолынан түрлі туынды жарыққа шыққан шебердің өнері кәсіпке ұласты. Бүгінде Арал, Қазалы аудандарымен қатар Сексеуіл кентіне де өнімін өткізіп жүр.

– Әуелі өз қаражатыма шағын станок сатып алғанмын. Сонымен кәсіпті бастадым. Кейін оны дамыту үшін «Даму» қоры арқылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен 5 млн теңге жеңілдетілген несие алдым. Нәтижесінде жиһазды дайындау ғимаратын салдым, бояу цехын дайындадым және бірнеше станок сатып алдым. Тапсырыс жақсы, кейде тіпті үлгермей жатамыз. Қазір бес адам тұрақты жұмыс істейді, – дейді жеке кәсіпкер.

«Эксклюзив» –

ұлт өнерінің жанашыры

Ұлттық үлгідегі киім мен үй жабдықтарын алғыңыз келсе, «Эксклюзив» сауда орталығына келіңіз. Жеке кәсіпкер Ғалия Төребекованың бұл орталықты ашқанына көп болмаса да, ауданға танылды. Мұнда ұлттық киімдер мен перденің сан түрі бар.

– Бұрын үйден тігіп жүретінбіз. Анам ісмерлігін кәдеге асырғысы келіп, көп ойланды. Бір шешімге келіп, көлемді несие алдық. «Даму» қоры несиемізді субсидиялап, жеңілдік жасады. Қазір анамның қарамағында жолдасым екеуміз дизайнер болып жұмыс істейміз, – дейді Эльмира Кана­лиева.

Марат Нағашыбаев – осындағы ою-өрнектер мен көркемдеуші орнамент­тердің авторы. Сканер арқылы аппаратқа енгізіп, матаның бетіне түсіреді. Лазерлі станок әп-сәтте қиялыңыздағы бейнені төріңізге қойып береді. Матаны Ташкент, Дубайдан әкелетін кәсіпкердің сауда орталығында заманауи үлгідегі жалюздер де жасалады.

Дәулет Қырдан,

Қазалы ауданы. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<