Шеберлігі шыңдалған Шайхы-ислам

704

0

Қазалы қалалық мәдениет үйінде ұйым­дас­тырылған қолөнер шеберлерінің көрмесін қызыға тамашалап жүргенбіз. Қалың шоғыр арасынан  жүзінен  мейір лебі төгілген жас жігіттің алдындағы ғажап бұйымдар еріксіз өзіне тартты. Соның бірі – ерекше пішінді, жеп-жеңіл мүйіз  сырнай болатын. Кәсіби дағдымызбен шебер жігітпен жақынырақ танысуға ұйғарып, тілге шақырдым. Жас жігіттің «Арал ауданынан келдім. Аты-жөнім Шайхы-Ислам Мағауияұлы» деген жауабын естігенде шебердің өзімнің бірнеше жыл бұрын мақаламның басты кейіпкері болғаны санамда жарқ ете түсті. Арада өткен  жылдар ағынымен Шайхы-Ислам біршама өзгеріпті.  Шеберлігі де шыңдала түскені жасаған бұйымдарынан да анық байқалып тұр.

Осы ретте кейіпкеріміздің өмірдерегіне аз-кем тоқтала кетсек. Шайхы-Ислам Мағауия аға мен Базаркүл апаның үш перзентінің кенжесі. Оның  осынау өзгеше кәсіпке деген құштарлығы сонау балалық шағынан  қалыптасыпты.  Саздан  мүсіндер жасауға құмар ойын баласының зеректігі  кім-кімді де елең еткізер еді.  Небәрі алты жасқа қадам басқан бөбек жасаған төрт түліктің мүсіндері көпшіліктің таңданысын туындатты. «Адамның тағдыры, өмір жолы шыр етіп дүниеге келгенінде алдын ала маңдайына жазулы тұрады. Соған орай тағдыр жолы өрбиді» деседі көнекөз қариялар. Рас болса,  Шайхы-Исламның да пешенесіне бұйыр­ғаны кез келгенге қона бермейтін қолөнер шеберлігі шығар, кім білсін?!

Білуімізше,   Шайхы-Исламның есімін әкесі Мағауия кітаптан алып қойыпты. Ұғымы «Ислам ғылымының ғұламасы» дегенді білдіреді екен. Мұның да өзіндік сыры бар. Мәкеңнің әкесі Абдулла Қосым қожаның ұрпағы, Піркен ишаннан дәріс алған білімдар адам болыпты. Кеңес өкіметінің қысастығына шыдамаған бейбіт тұрғындар бас көтерген, тарих парағына «Асан көтерілісі» деген атпен енген қанды оқиғаға қатысқан Абдулла қуғынға ұшырап, Қарақалпақстанға көшуге мәжбүр болыпты.   Меккеге қажылыққа барып, парызын өтегені үшін қудаланғанымен Алланың ақ жолына деген сенімінен ажырамаған атаның ұрпақтары да адалдықты, адамгершілікті ту көтеруде.

Бала Шайхы-Ислам ермексаздан мүсіндер жасауды меңгерді. Басқа  құрдастары ойын қызығымен жүргенде біздің кейіпкеріміздің бар уақыты осынау өзгеге қиын да қызықсыз, өзіне нағыз жанның рахатындай сезілетін шаруаның жетегінде өтетін. Арада уақыт өте атақты қолөнер шебері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Құдайберген Құлманбетовпен  жүздесті. Есімі елге кеңінен мәлім зергер мұны жассынбады. Білгенін үйретуден жалықпады. Шайхы-Ислам алдынан даңғыл жол ашылғандай күй кешті.  Ағаштан, мүйізден түрлі бұйымдар дайындады. Зергерліктің қыр-сырына  қанықты. Күмістен алқа, сырға, сақина, білезік  дайындады. Батыр бабаларының құрметіне наркескен қылыш жасады. Шебердің сол күнгі қуанышында шек болмады. Өзін әлемдегі ең бақытты жандай сезінді. Ол Құдайберген Құлманбетовпен бірлесе арнайы тапсырыспен шолақ жеңді  сауыт жасады. Қара күмістен дайындалған, салмағы жеті келі тартатын сауыт 18 мың сақина шығыршықтан құралды. Ұстазы дайындап берген шығыршықтарды тоқуға жиырма күнге жуық уақыт жұмсалды. Осындай аса күрделі жұмысқа қаншама жігер, еңбек, өзімділік қажет екенін өзіңіз есептей беріңіз.

Шайхы-Ислам Мағауияұлы респуб­ли­калық мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен конкурста  «Үздік жасампаз» аталымын жеңіп алды. Аудан, облыс, республикалық көрме-конкурстарда бірнеше мәрте топ жарды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіпкерлік белсенділігін қол­дауға бағытталған «Жұлдыз­дарға қара» қайырымдылық байқауы аясында қайта­рымсыз грант, облыс әкімі

нің «Сыр үміті» сыйлығын иеленді. 

Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Үздік жас кәсіпкер» байқауында I дәре­желі дипломымен марапатталды. Сонымен қатар, «Өзіңе сене баста!» атты мүмкіндігі шек­теулі кәсіпкерлерге арналған көрме-бай­қауында облыс әкімінің Алғыс хатын алса, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы шеңберінде ерекше жандардың шығар­ма­шылығына ар­налған VIII облыстық «Жүрек жылуы» өнер фестивалінде «Қолөнер» номинациясы бойынша бас жүлдені еншіледі. Алар асуың аласармасын, Шайхы-Ислам!

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<