Сыр спорты сенім биігінде

283

0

 Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бір топ спортшылармен, халықаралық жарыс жеңімпаздарымен кездесіп, оларға пәтер кілті мен ақшалай сертификаттар табыстады.

Кездесуге III жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпазы  Ди­­ас Бахраддин, парадзюдо бой­­ынша Әлем чемпионы Олжас Ора­залыұлы, сондай-ақ дзюдодан Пара Азиаданың күміс жүлдегері  Азамат Тұрымбетов, грек-рим күресінен Әлем чем­пио­натының қола жүлдегері Айдос Сұлтанғали және байдарка мен каноэ есуден Азия ойын­дарының қола жүлдегері Мерей Медетов және отырып ойнау волей­болынан Пара Азия ойын­да­рының қола жүлдегерлері Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов және Алмат Манабаев қатысты.

– Биыл облыс спортшылары әлемдік аренада көптеген  жоғары табыстарға қол жеткізіп, тәуелсіз еліміздің мәртебесін асқақтатты. Облыста бұқаралық спорт, жоғары спорт шеберлігі, ұлттық спортпен қатар мүм­кіндігі шектеулілер ара­сында да спорт қарқынды дамып келеді. Португалияның Одивелаш қаласында парадзюдодан өткен Әлем чемпионатында ел құрамасына жалғыз алтын медальді  қызылордалық Олжас Оразалыұлы алып берді. Бұл жеңіс Қазақстан Паралимпия спорты тарихындағы алғашқы медаль. Сіздердің жеткен жетіс­тік­­теріңіз өскелең ұрпақтың па­­триоттық сезімін күшейтіп, мың­­даған жастың спортқа, салауатты өмір салтына ынтасын арттырары сөзсіз. Сіздер біздің елдің халықаралық спорттағы мәртебесінің жоғары екендігін дәлелдеп, жаттықтырушылар мен жан­күйерлер ғана емес, барша қа­зақстандықтардың үмітін ақ­та­дыңыздар, – деді аймақ басшысы.

Өз кезегінде, Диас Бахраддин, Айдос Сұлтанғали және Эрик Қасқабаев облыс әкіміне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

– Біз келесі жылы бұдан да үлкен нәтижелерді көрсетеміз деп сендіре аламыз. Облыс пен қазақ елінің атын әлемдік додаларда биікке көтеру біздің басты мақсат, – деді грек-рим күресінен әлем бойынша жүлдегер  Айдос Сұлтанғали.

Үздік спортшылар – Ар­ген­тинаның Буэнос-Айрес қала­сында өткен III жас­өс­пірімдер олимпиадасының жеңімпазы Диас Бахраддин мен парадзюдо бойынша алғашқы Әлем чемпионы Олжас Ора­залыұлы жаңа пәтердің кілтін алды. Сонымен бірге спорттағы жетістіктері үшін Айдос Сұлтанғали 3 млн теңге, Мерей Ме­детов пен Азамат Тұрымбетов 1 млн теңге, ал Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов және Алмат Манабаев 500 мың теңге ақшалай сертификатқа ие болды.

Айта кету керек, өткен демалыс күндері Алматы қаласында Қазақ спорт және туризм академиясы мен «Спорт жұлдыздары» республикалық журналы ұйым­дастырған марапаттау рәсімінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Үздік спортқа жанашыр облыс әкімі» номинациясы бойынша марапатталған болатын. Сонымен бірге облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, № 2 спорт мектебі және облыстық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Шоңғалова жыл қорытындысы бойынша үздік деп танылды.

Ержан ҚОЖАСОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<