СЫРДАРИЯ ӨЗЕНІНДЕ МҰЗ АЙДЫҢ ОРТАСЫНДА ЖҮРУІ МҮМКІН

526

0

СЫРДАРИЯ ӨЗЕНІНДЕ МҰЗ АЙДЫҢ ОРТАСЫНДА ЖҮРУІ МҮМКІН  Әзірге қала және елді мекендерде су тасу қаупі жоқ. Су тасу қаупі бақылауда, бұл туралы Өңірлік коммуникацилар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Қоршаған орта және су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыханов мәлімдеді.  

Әділхан Қарлыхановтың айтуынша, судың мол көлемі Шардара және Көксарай су қоймасын толтыруда.

«Мұздың бірқалыпты өтуі ауа-райына байланысты. Биылғы жылы атқарылған жұмыстар мұзды қауіпсіз түрде өткізеді деп ойлаймыз. Бүгінге дейін Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына босатып жатқан су көлемі 500 м/с құрап, 1 наурыздан бастап Шардарадан келетін су көлемі 500-ден 400 м/с азайтылды. Оның 380 м3/с Көксарайға, қалғаны Сырдария өзеніне түсуде, – деді Әділхан Қарлыханов.

Сонымен қатар, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағанбетовтың айтуынша, өзенде мұз еру процесі жүруде.

«Мұз жүру әлі басталған жоқ. Ал, оңтүстік аудандарда ауа райының жаңбырлы болуы мұздың жұқаруына әсерін тигізді. Қазіргі таңда, мұз еру процесі басталды. Егер жауын-шашын болса, мұз тұрған жерінде еріп кетуі мүмкін. Кепіл де айта алмаймыз. Дегенмен, мұз еру наурыз айының ортасында жүреді деп күтіп отырмыз», – деді Серік Сермағанбетов.

Сондай-ақ, алдағы 3 жылда 19 қауіпті учаскелерді қалпына келтіру үшін 13,7 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінеді.

Айта кетейік, бүгінге дейін Сырдария өзенінің 95 қауіпті учаскесінде жер жұмыстары атқарылды. Дарияның қауіп тудыратын учаскелерінде кезекшілік қойылды. Техникамен қамтамасыз етілген 172 мекеме бекітіліп, 500-ге жуық техникамен, қажетті материалдық-техникалық қорлары жасақталған. Екі тікұшақ дайындыққа келтірілген. Мұз жару жұмыстарын жүргізуге арнайы мамандандырылған мекемемен алдын ала келісім жасалынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<