ТАБИҒАТ ЖАНАШЫРЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

519

0

Қызылордада қоршаған ортаны қорғау саласының 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Мерейлі мерекеге орай бірқатар сала қызметкері марапатталды.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов қатысып, жиналғандарды мерекемен құттықтады.

– Қазақстан Республикасының экология саласының 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған бүгінгі шараның маңызы зор. Өңір тұрғындарына туған жерінің табиғатын қорғап, жасыл желекке айналдырудың маңызды екенін насихаттап, осы бағыттағы бастамаларда үлгі көрсетіп келе жатқан экологтар еңбегін жоғары бағалаймыз. Иықтарыңыздағы жүктің салмағы, атқарып жатқан міндеттеріңіздің жауапкершілігі орасан зор. Табиғатты қорғау саласында күш-жігерін аянбай еңбек етіп жүрген сіздер ерекше құрметке лайықтысыздар, – деді С.Қожаниязов.

Тыныс-тіршілік үшін маңызы зор сала мамандары облыстың әлеуметтік-экономикалық, экологиялық деңгейінің артуына өлшеусіз үлес қосып келеді.

Шарада Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Дастан Өтеуов Қазақстан Рес­публикасы Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі Орман шаруашылығы және жан­уарлар дүниесі комитетінің II дәрежелі «Биоәртүрлілікті сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

– Елбасы тапсырмасына сәйкес табиғат саласын дамытуға тың серпін беріліп жатыр. Осы орайда тынбай еңбек ететін боламыз, – деді Дастан Орынбасарұлы.

Сыр елінің табиғатын аялауда, эко­мәдениетті өркендетуге өз үлесін қосып, еңбек етіп келе жатқан мамандар да мерекелік төсбелгі және облыс әкімінің алғыс хатын иеленді.

Шынар БЕКБАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<