Тәуелсіздіктің бойтұмарындай төл теңге

134

0

Ұлттық валюта – теңгенің енгізілу күні қарсаңындағы оқиға әлі күнге жадымнан шыға қойған жоқ. Күн жексенбі еді. «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Әскербек Рахымбеков телефон шалып, жоғарыдан тапсырма алғанын, облыстық әкімшіліктен редакцияға арнайы Үкімет пакеті келгенін айтып, жұмысқа тездетіп жетуімді өтінді.

Жексенбі күні жұмысқа шақыру сирек кездесетін жағдай. Сол күні қарашаның ызғарлы суығы өңменіңді тесіп жіберетіндей, редак­ция­ның сыртқы есігін ашып-жапқанда сарт еткен дыбыс барлық бөлмелерге естілетін. Шақырылғандар – ҰҚҚ қыз­меткерлері, облыстық әкім­шіліктің бөлім бастығы, бас редактор, бас редактордың орын­басары және мен пакет­тегі құжаттармен таныстық. сол кездегі облыс әкімі Сейілбек Шаухаманов іс­са­парда болғасын арнайы пакетті қабылдап, бізге тап­сырған әкімнің бірінші орын­басары Нәжмадин Мұсабаев екен.

Пакеттегі құжатта Пре­зи­­денттің жарлығы және Үкіметтің қаулысы, не­гізгі азық-түлік баға­лары­­ның шекті мөлшері жария­ланыпты. Ша­масы асығыс­тықтан, мә­се­ленің қауырт­тығынан болса керек, газетке жариялануға тиісті материал­дардың жар­тысына жуығы орыс тілінде жіберіліпті.

Ертеңгі газетке оларды қазақшаладық, жиналғандардың барлығы сауатты жігіт­тер, бір-бірімізді сүйемелдеп, қорытып деген­дей, айналасы 2-3 сағатта баспаханаға жібердік. Мен үшін 1993 жылдың 14 қараша күні осындай айтулы оқиғалармен есте қалған болатын.

1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасында Ұлттық валю­та енгізу туралы» Жарлық шығарды. Ұлттық валютаны «теңге», ал оның жүзден бір бөлігін «тиын» деп атауды сол кездегі ҚР Жоғарғы кеңесі комитетінің төрағасы Сауық Тәкежанов ұсынған еді.

Теңгенің де өз шығу тарихы бар. Ұлттық теңгені жасауға екі жыл уақыт қажет болды. Қазақстан өз төл ақшасын шығару үшін 1990 жылы теңгенің алғашқы үлгісін жасайтын арнайы жұмысшы тобын құрды. Тәуелсіз елдің ұлттық валютасын жасап шығарған Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлелов еді. Олар жұмыстарын Қа­зақстан мәдениетінің тарихи даму аспек­тілерін зерттеуден бастаған.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев: «Біз ұлттық ақшамызды бір-ақ рет және бір атаумен шығаруымыз керек. Екінші қайтара оның аты өзгермейді. Сондықтан оны әбден зерттеп барып, бір шешімге келуіміз қажет» деді.

Теңге әлемдік биржада 2006 жылдан бастап төбесінде сызығы бар Т әрпімен белгіленіп келеді. Ұлттық банк жариялаған үлкен байқаудың қорытындысы бойынша осы символ үздік деп танылып, оны ойлап шығарушылар миллион теңге сыйақы алды.

Ең алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және оның ұлдары» фабрикасында басылып шықты. Алғашқы партияны сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалған. Оларды төрт ИЛ-86 ұшағы тасыды. Бір аптаның ішінде олар Лондонға 18 рет ұшып барып-қайтып келген. Жаңа валютаның айналысқа енгізілуінің көрші елдерден құпия ұсталғаны сонша барлық құжаттарда Президент резиденциясының құрылысы үшін құрал-жабдықтар тасылуда деп жазылған.

Алғашқы теңгелер жерасты қоймасынан елдің барлық банктеріне 8 күн ішінде жет­кізілген. 1993 жылы қазан-қараша ай­ла­рында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шықты. Қарашаның 12-сіндегі Пре­зи­дент Жарлығынан 3 күннен кейін теңге айналымға енді. Ескі ақшаны қазақстандық теңге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада таңғы 8.00-де басталып, 20 қараша күні 20.00-де аяқталды. Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге баға­лаған. Кейін еліміздің саяси және әлеу­меттік, мемлекетаралық қатынастары еске­ріліп 1 теңге 500 рубль болды. Ал бірін­ші айналымға енген 1 теңгенің АҚШ дол­ларына шаққандағы құны 4,35 теңге болды.

1992 жылы теңге дизайнындағы бейнелер бекітілді. Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл Фараби, үш теңгелікте – Сүйінбай, бес теңгелікте – Құрманғазы, он теңгелікте – Шоқан, жиырма теңгелікте – Абай, елу теңгелікте – Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылайхан бейнесі салынған. Теңге дизайнерлерінің бірі Прага сәулет институтының түлегі, бірнеше халықаралық конкурстардың жеңімпазы Х.Ғабжалеловтың пікірінше, ақшада айтулы азаматтардың бейнесін берудің бірнеше себебі бар. Біріншіден, қосымша күрделі бедер-бейнелер банкноттарды қолдан жа­­саудан қорғайды, екіншіден тарихи тұлға­­ларымыздың суреттері біздің жас мемле­кетіміздің өз тарихы мен болмысын танытады және қазақ ақшаларын әлемдегі басқа валюталардан даралап, айшықтап тұрады.

Қазақстанның ақша сарайы металл тиындарды шығаруға дайын болмаған­дық­тан жедел қағаз түрінде шығарды, бірақ 1 жылдан соң оларды металл тиын­дарға ауыстырды. 1994 жылы қағаз тиындар жезден жасалған монеталармен алмасты.

1993 жылы құрылысы басталған банкнот фабрикасы 1995 жылы толық аяқталды. 19 мамыр 1995 жылы ресми ашылу рәсімі өтті. Бұл стратегиялық нысанға осынша көп журналистке кіруге алғаш рет рұқсат берілді. Н.Назарбаев осында басылып шыққан алғашқы миллион теңгені бүкіл Қазақстанға көрсетеді.

1995 жылы Алматыда өз банкнот фабри­камыздың тұсауы кесілді. Қазір Тәуелсіз Қазақстан төл валютасын өз елімізде басып шығарады. Теңге 2006 жылы өз бейнесін өзгертті. 2006 жылғы үлгідегі банкноталар бірыңғай стильде орындалған,  суреттер бет жағында негізінен тігінен, сырт жағында көлденеңінен орналасқан. Тұтастай алғанда, дизайн Қазақстанның қазіргі бейнесін көрсетеді. Барлық мемлекеттік нышандар, сәулет объектілерінің және елдің табиғат нышандарының бейнелері кіреді.

Банкноттардың бет жағында, ортаңғы бөлігінде «Астана-Бәйтерек» монументі қа­зіргі заманғы сәулеттің конструкторлық жә­не инженерлік ойдың жетістігі, тәуел­сіз Қа­зақстанның даму нышаны орналас­ты­рылған. Банкноттың ортасында түр­­лі-түсті жолақтарда Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның әнұраны ноталарының фрагмент­тері бей­неленген, оларға номиналды сандық белгісі жазылған. «Бәйтерек» ескерт­кішінің сол жағында бір түспен Қазақстан Рес­пуб­ли­касының мемлекеттік елтаңбасы салынған. Оң жақ жоғарғы бөлігінде – мем­лекеттік жалау бейнеленген. Банкноттың төменгі бөлігінде сенімді, шынайылықты және әділеттілікті білдіретін классикалық гераль­дика ашық алақан бейнеленген.

Ұлттық валютаның бүгінгі тұғыры бір­қалыпты. Жалпы, ұлттық валютаның құны ел экономикасының өсімімен белгіленіп отырады. Басқа валютаның қатынасына қарай құны белгіленеді. Жалпы көршілерде теңгені сатып алуға құқы бар, ендеше қазақ валютасына да сұраныс бар. Теңге – дербестік тірегі, экономикалық дербестіктің кепілі. Теңге өзінің тарихи функциясын толығымен орындап шықты, әлі де өз құндылығын дәлелдей беретін болады.

Жолдасбек Ақсақалов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз