Қызылордада тарихи жәдігерлер жинақталған кітап жарыққа шығады

327

0

Қызылорда облысында «Хорезм экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулерінің тарихы» атауымен кітап-альбом жарыққа шығатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жайында тарих ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев хабарлады.
«Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Архив-2025» бағдарламасын жасау қажеттігін атап өтті. Онда ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне іргелі зерттеулер жүргізуге жол ашылады. Осы мақсатта біздің университет облыстық тарихи өлкетану музейімен бірлескен жобаны қолға алды. Осының нәтижесінде «Хорезм экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулерінің тарихы» жобасын жүзеге асты», – деді Әзілхан Тәжекеев.
Сыр өңірінде Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы 1946 жылдан бері зерттеу жұмыстарын жасады. Экспедиция мүшелері Жетіасар, Шірік Рабат, Бәбіш молда, Солтүстік Түгіскен ескерткіштеріне алғашқы археологиялық зерттеулер жасады. Сол орындардан табылған құнды жәдігерлер бүгінде Ресейдің Шығыс халықтары өнері музейінде сақтаулы тұр. Бүгінде бұл құндылықтар – Ресейдің мұрасы.
«Ресейлік археологтар Жетасардың өзінен 700-ден астам обаны қазған. Онда табылған дүниелер бүгінде Мәскеу қаласындағы музейде сақтаулы. Біз сол мұраларды суретке түсіріп қайттық. Ол құндылықтар жөнінде деректер жинақталды», – деді Әзілхан Тәжекеев.
Ендігі кезекте сол жәдігерлер жинақталған кітап-альбом жарыққа шығатын болды. Ол биыл көпшілік қолына тиеді деп жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетелік, Сығанақ қалашығы ЮНЕСКО дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілмек. Былтыр «Қорқыт ата» мұрасы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары тізіміне енді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<