Жалағаш ауруханасы: құрылыс қарқыны қандай?

294

0

Биыл Жалағаш ауданы орталығында «көгілдір отынға» қосылу, жол жөндеу жұмыстары қарқын алды. Бүгінде аудандық аурухана ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Үш қабатты зәулім ғимарат сонадай­дан көзге түседі. Еңсесі тіктеліп, көкке бой түзеген аурухана 100 орынға арналған. Нысан құрылысының жалпы құны – 3,9 млрд теңге. Былтыр құрылысты бастау үшін 519,9 млн теңге бөлінген. Ал биыл жұмысты жалғастыруға 1 041,5 млн теңге қаралып, игерілген.

Бас мердігер «Әбу-Сер» ЖШС бүгінде қарқынды жұмыс істеуде. Типтік жобадағы ауруханада терапия, хирургия, реанимация, босану-гинекология, қан алу бөлімдері жұмыс істейді. Жоспар бойынша мұнда 20 дәрігер, 60 медбике, 30 техникалық қызметкер еңбек етеді деп күтілуде.

– Қазір ішкі әрлеу жұмыстары 75-80 процентке бітіп тұр. Кәріз, жылу жүйелері толық аяқталды. Ішкі есіктерді салуға дайындық жұмыстары жүруде. Шатырлап болдық. Сыртқы жұмыстар да 70 процентке аяқталып тұр. Аурухана ауласына тас төсеніштер төсеуге дайындық жүріп жатыр. Мұнда қазір 100-ден астам адам жұмыс істеуде. Техника мен шикізат, қажетті материалдармен толық қамтамасыз етілген. Карантин кезінде бізде қиындықтар болып жатқан жоқ. Әлихан Кеңесов, Медеу Елемесов тәрізді мамандар бар. Өз ісінің білікті шеберлерінің арқасында жұмыс кешеуілдемейді, – дейді прораб Жасұлан Смайылов.

Аурухана алаңы 3,6 гектар ау­мақ­ты алып жатыр. Бұл жерде аурухана ғимараты, асхана блогы, жылу қазан­дығы, 4 автокөлікке арналған гараж, трансформаторлық подстанция, ДЭС, демалыс алаңдары, қоқыс төгетін алаң орналаспақ.

– Өткен жылдың мамырында басталған құрылыс негізі бітуге жақын. Толық аяқтау үшін 2,3 млрд теңге керек. Бұл қаражатқа байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне бюджеттік өтінім жолданған. Егер қаражаты шешіліп жатса, қазіргі жұмыс қарқынына қарағанда, жыл аяғына дейін пайдалануға беруге мүмкіндік бар. Біз жүргізіліп жатқан жұмыстарды тексеріп, бақылап отырмыз. Қазір медициналық құрал-жабдықтар да келіп жатыр, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Қуаныш Өтегенов.

Мемлекеттің басты байлығы – адам капиталы. Ал адам үшін басты байлық – денсаулық. Сондықтан аталған нысанның аудан үшін маңызы ерекше. Бүгінде құрылысқа атсалысып жатқан әрбір маман мұны жете түсінген. Қазір жауапкершілікті сезініп, еңбек етіп жатыр.

– Қай нысанның құрылысына атсалыссақ та, ертеңгі күні оның ішінде бір емес, он емес, жүздеген адамның жүретіні ойға оралады. Сондықтан салған құрылысымыз сапалы болуын басты орынға қоямыз. Халыққа қажетті нысанның бір кірпішінде қолтаңбаңыздың қалуы – зор абырой. Елдің алғысына бөленіп жүресіз. Біз аурухана ғимаратына да осындай жауапкершілікпен қарап, әр жұмысымызды тиянақты бітіруге тырысудамыз, – дейді прораб Жасұлан Смайылов.

Дәулет Қырдан,

«Сыр бойы».

Жалағаш ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз