Жаңақорғанда колледжде ілкімді істер бар

359

0

Қазіргі таңда оқу бітірген түлектердің жұмыспен қамтылу жайы негізгі мәселеге айналып отыр. Осы орайда Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі бұл мәселенің шешімін тауып, жұмысты тиімді үйлестіруде. Бұл уақыт талабы. Бүгінде колледжде білікті өнеркәсіп мамандарының шоғырын қалыптастыру арқылы жастардың ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануына бетбұрыс жасалған.


Сан буын еңбеккерді өндіріске қосып, шеберлер ұстаханасына айналып отырған колледждің кәсіптік білім беру көшінде 60 жылдық тәжірибесі бар. Бүгінде колледждің базасы жаңа келбетке ие болып, білім беру үрдісінде жаңа сапаға көтерілді.


Жаңарған, жаңғырған білім ор­да­сының оқу ғимараттары мен жатақханасы көз танымастай өзгерген. Асхана, тігін цехы, кітапхана, тренажер залы, мәжіліс залы толық жабдықталып, студенттердің практикалық білім алуына жан-жақты жағдай жасалған.


Өркениет көшіне ілесудің жалғыз жолы – адами капиталды дамытуда. Ол үшін кәсіптік және жоғары оқу орындарында теориялық біліммен қатар практикалық білімге басымдық беру маңызды. Облыстық білім басқармасының қолдауымен 60 жылдық тарихы бар колледж уақыт талабына сай қайта қалыптасты, – деді директор Жомарт Шәуенов.


Маман даярлау ісінде оқу орындарының материалдық-техникалық базасын және оқу-әдістемелік кешенді қазіргі замануи талаптарға сәйкес нығайту, оны өндіріске лайықтау – басты міндет. Бүгінгі таңда колледжде 19 мамандықты оқытуға арналған жаңа оқу-техникалық құралмен жабдықталған 6 шеберхана мен 6 зертханада шәкірттер шыңдалуына жан-жақты жағдай жасалған. Сондай-ақ, колледж 2018 жылдан бері «Дуалды оқыту» жүйесіне көшіп, білім алушыларға теориядан гөрі 60 пайыз практикаға мән беруде.


Колледждің бүгінгі басты жаңалығы – оқу ғимараттары күрделі жөндеуден өтумен қатар, «Жас маман» жобасы аясында 320 млн. теңгеге оқу өндірісіне қажетті технология алады. Бұл жоба облыстық білім басқармасының құзырынан құпталып, қаржысы қаралды. Жоба аясында колледж соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталды. Құрылғылар тізімінде виртуалды автокөлікті басқарушы тренажор, заманауи токрлық станоктар, дәнекерлеуші құрылғылардың түр-түрі, автомеханика саласына арналған диагностика, көліктің желдеткішінің ақауларын анықтаушы, көлік моторларынының ақауын тез анықтаушы секілді халықаралық стандартқа сай заманауи әрі цифрлы технологиялар бар. Демек, колледждің оқу процесі алдағы уақытта мүлдем жаңа деңгейге көтеріледі.


Сонымен қатар жаңа технологияны меңгеру үшін колледжде 27 станокты «Тігін цехы» өндіріс үшін жұмыс жасауда. Яғни тігін мамандығында оқитын студенттерге оқытушылар сабақты цехта өткізіп, тігін тігу әдістерін іскерлік тұрғыда меңгертіп қана қоймай, кәсіпкерлік бағытта әр түрлі бұйымдарға тапсырыс қабылдап, жұмыс істейді. Сондай-ақ 200 адамға арналған асханада аспаз мамандығындағы студенттер бірлесе кешенді астарды дайындап, түрлі кондитерлік өнімдер шығаруда.


Бұдан бөлек, кәсіптік тұрғыда шыңдайтын арнайы зертханалар бар. Өндірістік оқыту шеберлері студенттердің «Трактор және автомобиль», «Автомобиль тренажер», «Пісіру жұмыстары», «Станок жұмысы», «Техникалық қызмет көрсету», «Элек­тронды ақпараттандыру», «Авто­элек­трик» сынды зертханасында терең білім алуында бағыт-бағдар көрсетеді. Мәселен, колледжге тиесілі «СТО» яғни машина жөндеу орталығында студенттер кәсіби шыңдалып қана қоймай, қосымша қаражат табуға мүмкіндік алады. Бұл – ерте кезден жұмысқа араласудың, өз ісінің маманына айналудың тиімді бағыты.
Айта кетейік, студенттердің бос уақытын тиімді өткізу үшін де колледжде фитнес орталық жұмыс жасап, түрлі спорттық үйірмелер тұрақты жүргізіледі. Өнер, спорт саласында колледж студенттері мен оқытушылары жеткен жетістіктері де көп.