Жетістік те, жоспар да көп

495

0

Бүгінде тұрмыстық қажеттілік жылдам әрі адам күшінсіз өтелетін уақыт келді. Әлемді алақанға сыйдырған технология кең өріс алды, ІТ саласының дамуы қарқындады. Сыр өңірінде бұл бағыттағы жұмыс жүйелі, атқарылған шаруа шаш етектен деп мақтанышпен айта аламыз. Ендеше, жеткен жетістік пен бағындырған биіктің бірсыпырасын жіпке тізсек.

Қолда бар ақпарға сүйен­сек, жыл көлемінде түрлі саланы цифрландыру бағытында 37 жоба қолға алыныпты. Сан­дық технологияларды на­рық­тық стандарттарға сәй­кес да­мыту мақсатында облыс­та арнайы мемлекеттік орган – цифрлық технологиялар бас­қармасы да құрылды. Бұл ретте аймақ басшылығы шет­елдік тәжірибені ескерусіз қалдырған жоқ. Облыс делегациясы Татарстан Республикасы, Қазан қаласына, Қытай Халық Республикасына жұмыс сапармен барып, ортақ мәміле жасасты. Себебі, қазіргі кезеңде ақпараттық технологияның пайдасы жетерлік. Бұл – ақша айналымы, бұл – бизнес деген тәрізді әрі қарай жалғасып кете береді. Әлемнің әр қиырындағы адамдар осы технологияның арқасында бір-бірін көрместен байланысып, жұмыс жүргізуде. Біздің балалар да заман шақыруларына дайын, олардың ІТ-дың, робототехниканың біл­гірі атанатын күні алыс емес. Өйткені, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ХХІ ғасырдағы қазақ баласының санасын жаң­ғыртумен қатар білім деңгейін жетілдіру қажеттігін алға тарт­ты. Білімін жетілдіру деген­де заман сұранысына сай ма­ман­дықтарды оқытуды баса айт­ты. Осыған орай облыс­та коммуникациялық техноло­гия­лар саласындағы стартап жо­баларды қолдау мен да­мы­­туға жол ашқан ІТ парк қол­да­нысқа берілді. Ә.Тәжі­баев атын­дағы облыстық кітап­ха­­нада орналасқан алаңның тех­­­никалық-лаборатория­лық шеберханаларында түрлі ро­бо­тотехникалық прототип­тер­­дің өндірістік жобасын әзір­­леуге, лабораториялық си­му­лятор, контроллер мен ви­део­панельдерде 2D, 3D гра­фикалық жобалардан VR\\AR технологиялар бойынша бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. ІТ жобалардың дамуы мен технологиялық тиім­ділігін арттыру бойын­ша коворкинг орталығы қызме­тін, ІТ академиялық оқу орта­лығының базасында түрлі бағ­дарламалық оқу курстарын іс­ке қосуға және ақпараттық-бағ­дарламалық өнімдер жасап шығаруға болады. Ақпараттық технологияларды дамыту жө­ніндегі облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ин­дира Ақжігітованың айтуынша, мұнда келушінің идеясы мен ІТ жобаны қорғайтын потенциалы болса, оны әрі қарай дамытуға күш салынады. Сон­дай-ақ, біліктілікті арттырып, қазақстандық, шетелдік ма­мандардың шеберлік сыныптарына қатысуға болады.

Айта кету керек, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында да қолға алын­ған дүние аз емес. Аталған бағ­дарлама шеңберінде жетекші «Нұр Отан» партиясы жаңа жобаны іске асырды. Әр аймақтың мектептерінде жаппай IT сыныптары ашыла бастады. Бұл жаңашылдық біздің өңірді де айналып өтпеді. Бүгінде об­лыс­тағы оқу ошақтары сан­дық технологияға ерекше ден қойып отыр. Электронды кітап, интерактивті карта мен тақта, автоматтандырылған күнделік жүйесі секілді ресурстар білім сапасын арттыру тұрғысында тиімді пайдаланылуда. Тіпті, қа­зір қаладағы №3-ші мектеп-лицей өңірдегі алғашқы ин­­новациялық білім ұясына айналған. Мұнда STEM жүйесі бойынша ІТ және робототехника сыныбы қолданысқа берілді. Мектеп басшылығы облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып, «ІТ жол картасы» дайындалып, 3D кабинеттер, цифрлық зертханалар, компью­терлер және тағы да бас­қа жаб­дықтар алу арнайы жос­парға енгенін айтады.

– Оқушылар жаңадан ашыл­­ған сыныптарда ізденуге құш­тар, олар тек жаңа технологиялармен танысып қоймай, ро­ботты бағдарламалау, инно­ва­циялық тех­но­ло­гияларды одан әрі игеруге икем­деліп келеді. Қазір оларға «Python Programming», «3D модельдеу және анимациялау», «Web программалау және сайт құру негіздері», «Си++ программалау тілі» бойынша арнайы курстар өткізіледі. Нәтиже бар. Оқушылар түрлі сайыстардан жүлделі оралып жүр. Атап айтар болсақ, «RoboFest-2018» облыстық фестивалінің кегельринг-квадро категориясы бойынша Құрманғазы Әбдуәли мен Нұрбол Сансызбай секілді мектеп оқушылары ІІІ орынды иеленді. Облыстық «Руха­ни жаңғыру» орталығының ұй­ымдастыруымен өткен «Ата-ана, мен және робот» от­ба­сылық-танымдық чемпио­нат­­та Қуаныш Нұрлан ІІ орын­ды қанжығасына байлады. Рес­пуб­ликалық пәндік олим­пиадада Хамза Қабылбек те үздіктер қатарынан табылып, ІІ орынға табан тіреді. Ха­лық­аралық жо­балардан да оқушылар құр­алақан қайт­қан емес, – дейді мек­теп-лицей директоры Меруерт Әбдіхалықова.

Оқу орнындағы жаңа аудиториялармен танысу барысында өркениет талабына сай болуы үшін бар жағдай жасалғанына көз жеткіздік. Ол болашақтың балаларын жан-жақты дамытары сөзсіз. Бір жағынан, бұл – білім саласына инновациялық технологияларды енгізуге күш салып отырған білім беру мекемесінің жетістігі. Себебі, мектеп басшылығы облыс мектептері арасында өткізілген «Үздік білім беру ұйымы» байқауынан жеңіп алған 17 миллион теңге көлеміндегі грант қаражатын ақпараттық технологияны оқытуға арналған құралдарға жұмсаған. Жас буын келешектің кәсібін меңгерсе, көп ұзамай IT нарықта топ жарса деген ниетте.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<