Ұсақ-түйекке алданып, ұлт бағдарынан жаңылуға болмайды

340

0

сурет ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты еліміздің болашағы тұрғысында қуатты идеологиялық ақпарат болды. Сұхбатта көптеген мәселе қамтылған. Көпшілікті толғандырып жүрген сауалдарға жауап берілген.

Соның ішінде Қазақстанның көршілерімен жақсы қарым-қатынасты сақтауға және жаһандық деңгейде әртүрлі елдермен сындарлы серіктестік орнатуға ұмтылатын теңгерімді сыртқы саясат жүргізе беретіні айтылған. Ресей мен Қытай тарихи көрші, олармен маңызды дипломатиялық қарым-қатынастарды сақтап қалатынымыз саяси позитивті тұрғыда жеткізілген. Шынымен қазір әлемдегі халықаралық қатынастардың динамикасы қанша өзгергенімен, халықаралық аренада көптеген іс-шара жасалып, көптеген жоспар орындалды. Дипломатияның арқасында шиеліністен шығып, бейбіт өмірді сақтап қалдық.

Ең бастысы – ішкі тыныштық. Бейбітшілік әртүрлі өлшемдерді, соның ішінде әлеуметтік, саяси, экономикалық және жеке аспектілерді қамтиды. Президент осыған қатысты көптеген факторларды жекелеп түсіндірген. Бұған қатысты мәселелердің түпкі себептерін жоюға бағытталған, әлеуметтік әділеттілікті, экономикалық дамуды және отбасы құқықтарын қамтамасыз етуді қамтитын реформалар жүргізіледі.

Сондай-ақ ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрін нығайта түсуге жұмыстар атқарылады. Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Сонымен қатар тарихшылардың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл. Бұған қатысты кең ауқымды зерттеулер қолға алынады. Демек осы бағыттағы ғалымдарға ғылыми жоба ретінде зерттеулер жүргізуге таптырмас мүмкіндік деп білеміз.

Президент айтқандай, қазіргі таңда тек қана күнделікті міндеттерден бөлек, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарға ден қоюдың мәні зор. Шынымен де біздің қоғам болмашы нәрселерге баса назар аударып, ұсақ-түйекті талқылауға бүкіл күш-қуатын сарп етуде. Барлық тұста тұтынушы қоғам ретінде смартфондағы өзі қалаған бағыттағы ақпаратты қылғытып жұта беретін, талғамы мен эстетикалық көзқарасы ұялы телефонмен айқындалатын, гаджетпен өмір сүретін тұтас ұрпақ қалыптасты. Мұндай пайдасыз істерге алаңдап, ұлттың стратегиялық бағдарынан жаңылмауға тиіспіз.

Себебі көпшілік мұраты қызық кешу философиясына құрылғандығын, бұқаралық сипаты ессіз көптің қасиетіне айналған бұқаралық мәдениет құбылысы ішкі мәнімен көрінбей, тысымен жұрт көзіне түсті. Бұл сипатты жіктей, зерделей келе үлкен мәселе бар екенін аңғарамыз. Алайда басты мәселе толассыз ақпараттар тасқыны мен идеологиялық ұстанымның «жылтыр мәдениеттің» жетегінде екендігінен қауіптенеміз. Ал ежелгі рухани құндылықтардың тынысын тарылту жаппай жұтаңдық тудыратыны белгілі. Медиа кеңістік ұсынып отырған мәдени құндылықты қоғам еріксіз қабылдайды, яғни медиа арқылы адамның мәдениеті, мәдени-идеологиялық талғамы тиянақталады. Одан кейін ғаламдық деңгейде осының барлығын қамтитын үлкен бір аксиологиялық карта қалыптасады.

Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарнамаланып отырған өркениеттік игіліктер мен оларды иемдену арасындағы сәйкессіздік, яғни басқаша айтқанда, қажеттіліктердің шексіз көбеюімен, оларды қанағаттандырудың шектілігі арасындағы қайшылық әлеуметтік аномияға немесе тұлғаның транслиминалдық күйге түсуіне алып келуі мүмкін.

Бұл нарықтық тауарларды, ойын-сауықты тұтыну адамдардың өздерін зат арқылы тануын білдіріп, тұтыну немесе заттар фетишизациясы тек қана тұтынудың талғамдық және эстетикалық сұраныстарын анықтамайды, сонымен қатар қоғамдағы белгілі бір әлеуметтік иерархия мен қатынастарды орнатады. Сондықтан Президент айтқандай, біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, ынтымақтастықты арттыратын бағытты таңдауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Оның ішінде еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз.

Қазіргі таңда ұлттық мәдениет туындылары мен құндылықтарын біз тек тұтыну факторы арқылы байқаймыз. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қазақ елінің мерекелерінің төресі және ең көнесі – Әз Наурызды өз деңгейінде өткізуді атап кеткен. Себебі бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы.

Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді. Бұған да көптеген себептер бар, мысалы, Наурыз тойын өткізу барысындағы ұлттық нақыштағы киімдер киіп шығуы кезекті қойылым, ұлттық нақышта жасалған заттарды біз тек интерьер үшін қажетті сувенир, тіпті бұқаралық тұтынуға арналған кезекті таралым ретінде таниды.

Елімізде Наурыз мерекесінің тойлануы да бір сарында өткізіліп, жүйелі реттелмей, бірізді тойлаудың жүйесі әлі де қалыптаспай келеді. Қысқасы, Наурыз мерекесіне өз мағынасын жүктеп, оны Жаңа жыл деңгейіне көтеру әрекетін қолға алу қажет. Ендеше алдағы басым міндет Наурыз мейрамының Жаңа жыл ретіндегі ұлттық мәнін көтеру, мемлекеттік маңызын тереңдету, мерекелік мәдениетімізде институционалды ету болғаны дұрыс.

Наурыз мерекесінің құндылықтарына басымдылық беріліп, сахналық кейіптен арылтып, негізгі міндеті қарым-қатынас жасау, мәдени ақпаратты жинақтау, сигникативтік, тынығу немесе психологиялық, рухани жүдеп-жұтаудың орнын толтыру, қоғамдық пікір қалыптастыру секілді күнделікті өмірді байыту және толықтыруға бағыттау керек.

Мерекенің шынайылығы, ұлттық бояуы басым болса, халықтың жаппай қабылдап, қуана қарсы алатын мерекеге айналары сөзсіз. Сондықтан мереке құндылықтарын жаңартуға талпыныс, терең мән-мағынасын зерттеп, әлі де құндылығын бағалау қажет.

Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс. Сондай-ақ өмірге деген байсалды және байыпты көзқарас басым болғаны жөн.

Мемлекет басшысы айтқандай, өзін «ұлттың қаймағымыз» деп санайтын кейбір зиялы қауым өкілдері шынымен де өз миссиясын өз деңгейінде атқарып жүрген жоқ. Олар ұлтқа үлгі-өнеге көрсетудің орнына, ұсақ-түйек әңгімелерді қоздатудан, әдеттегідей «біздің халық аса данышпан» деп қайталай беруден немесе қара басының қамын күйттеп, билікке «жағдайымды жасамады» деп өкпе артудан аса алмай отыр. Оның үстіне қоғамның дерті саналатын адами құндылықтарға сай келмейтін жағымпаздықты мансапқа жетуге пайдаланғандар да жеткілікті.

Зиялы қауымы жоқ қоғам болашағы жоқ қоғам десек болады. Себебі қоғамның дамуында өзге әлеуметтік топтарға қарағанда зиялы қауымның жауапкершілігі мол.

Біз қаншалықты тәрбиелі адам зиялылықтың эталоны деп қарастырғанымызбен, бүгінгі күні тәрбиесіз адам жоқ. Адам өскен ортасына сай тәрбие алады, осы мәдениеттің өлшемімен жүреді. Мәдениет зиялылықтың маңызды бөлігі бола тұра, білімсіз ештеңе бере алмайды. Демек, осы екі элементті бойына сіңіре алған тұлға ғана өзін зиялы қауым қатарына жатқыза алады.

Мемлекеттің адами капиталының әлеуеті, интеллектуалды болашағы үшін сапалы білім, сындарлы ғылым керек. Бұл үшін елдің тыныштығы керек. Бұл кезеңде елдегі тыныштық пен ішкі тұрақтылықтың қоғамдағы барлық азаматтардың саналы әрекетіне байланысты екенін ұғынуымыз қажет. Осыған үлес қосайық.

Жарқынбек ӘБІКЕНОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер секциясының жетекшісі, PhD

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<