Алаяқтың құрығы ұзын, алайда…

851

0

Осыдан бірнеше жыл бұрын жақын туысым алаяқтың «тұзағына» түсті. Оқиға былай болған. Түс мезгілінде өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған бөгде адам қоңырау шалады. «Сіздің балаңыз рұқсатсыз қару алып жүргені үшін уақытша қамауда. Егер балаңызды шығарып аламын десеңіз, осы нөмерге 100 мың теңге салыңыз» дейді. Артынша баласына хабарласып, мән-жайды анықтамақ болған жақындарым оның ұялы телефонының  сөніп тұрғанын біледі. Сәлден соң жаңағы нөмерден қайта қоңырау шалып: «Мені шығарып алыңыздаршы» деп баласының дауысымен хабарласады. Ойлануға, жан-жақтан көмек не кеңес сұрауға уақыт жоқ. Дереу айтылған нөмірге ақшаның жартысын салып жібереді. Қалған ақшаны кімнен сұрайтынын білмей дегбірсізденіп тұрғанда баласы өз нөмірінен қоңырау соғып, түскі асқа келе алмайтынын, телефон қуаты таусылып қалғандықтан уақытылы хабарласа алмағанын айтады. Сол сәтте олар алаяққа арбалғанын түсінеді. Баласының амандығына шүкіршілік еткен жақындарым, бұл бойынша құқық қорғау орындарына барып арызданбады. Тек баласының мұндай әдетке бармайтынына сенім артпағаны үшін кінәні өздерінен іздеп, оқиғаны ұмытуға тырысты. Бірақ бұл үлкен сабақ болды. 

Иә, рас мұндайда қазақ «екі көзіңнің біріне сенбе» дейтін. Демек көзбен көріп тұрған нәрсеңнің өзі екі түрлі болып шығатынын айтса керек. Ал көзбен көрмей, қолмен ұстамаған дүниеге тіпті сенбеген дұрыс. Тіпті еш шімірікпестен өздерін полиция қызметкерімін деп таныстырып, неше түрлі оқиғаны ойлап тауып, аңқау жұртты алдап соғуда. Арбаудың жаңа әдіс-тәсілін ойлағанша, көптің игілігіне жарайтын бір техника шығаруға болмас па еді дейсің. Өйткені мұндай алаяқтық қылмыстар күн сайын көбейіп барады.

Екі жылғы карантин адамдарды онлайн сауда-саттыққа, үйде отырып барлық қызметті интернет арқылы алуға болатынын үйретті. Уақытты тиімді пайдалануда бұл қажет еді. Бірақ қауіпсіздікті естен шығардық. Сөйтіп, компьютерде түрлі бағдарламаны терең игерген алаяқтар үйінде отырып ойлағанын іске асыра бастады. Айталық, республика көлемінде өткен жылы мұндай қылмыс 14220-дан 21405-ке, яғни 50%-ке артқан. Ал облыс бойынша 316 алаяқтық қылмыстың 160-ы немесе 50 проценті интернет арқылы іске асқан.

Облыс прокурорының орынбасары Нұрлан Ермановтың айтуынша, облыста биылғы 5 айда тіркелген 36 қылмыстық іс сотқа жолданып, 18 іс бойынша 20 сотталушыға айыптау үкімі қабылданған. Оның ішінде 8-і әйел, 15-і ер адам. Сотталғандардың 9-ы бас бостандығынан айырылса, 8-і бас бостандығы шектеліп, 3-і айыппұл арқалаған.

Алаяқтар көбіне жер алып беремін, үй кезегін жылжытып баспанамен қарық қыламын деп, онсыз да күнін әрең көріп отырған жұртты тақырға отырғызып кетеді. Қазақтың қанында аңқаулық бұрыннан бар. Біреу жылы сөйлесе, имандай сеніп қалатынымыз тағы бар. Демек әдемі сөйлей алу, танымайтын адамның сеніміне кіру де алаяқтардың амал-шарғысы болса керек-ті.  Мұндайлар тіпті Алдаркөсенің өзін шаң қаптырып кетер ме дерсің. Алаяқтық қылмысты жасайтындардың 70 процентін әйелдер құрайтынын  естігенде жаға ұстадық.

Ұлтарақтай жер алу, жылдар бойы оның кезегін күту үшін бірнеше жылдар керек. Білсеңіз, 2005 жылғы арыз негізінде әлі жер беріліп бітпеді. Сарыла күткен жұрт алаяққа алданбай қайтсін? Мәселен, Шиелі аудандық сотының үкімімен Н.Қ. есімді азамат «жер учаскесін алып беремін» деп алаяқтық қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.  Осы ауданнан тағы бір мысал келтіре кетейік. Үй алып беремін деп жәбірленушінің 560 мың теңгесін алғаны үшін М.Қ. есімді азаматша ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі негізінде кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, жер алып беремін дейтіндер ішінде  осы саланың тұтқасында отырған қызметкерлер де бар. Айталық, Қызылорда қаласының жер қатынастар бөлімінің басшысы және кейіннен осы сектордың меңгерушісі жер учаскесін алып беремін деп жәбірленушіден 1300000 теңгесін алдап алған.  Ол да жазадан құтылмады.  №2 қалалық соттың шешімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылған.

Таяқтың екі ұшы барын ескерсек, мемлекеттік қызметкерге жеңілдету жолдарын қарастыруға берген сыйақы үшін өзіңіздің де ҚК-нің 367 бабында «пара беру» фактісімен қылмыстық жаза көзделгенін біле жүрген дұрыс.

Жалпы сот шешімімен көбі жер, үй, несие рәсімдеймін, жұмысқа орналастырамын, көлік жүргізу куәлігін алып беремін деп алаяқтық жасағаны үшін  тиісті жазаларын алған.

Бүгінде елімізде банктің атын жамылып, өзгенің ақшасына қол сұғатындар көбейді. Алаяқтар өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, ұялы телефонға келген құпия кодты сұрайды. Егер еш мағынасына түсінбей, құпия сөзді айтсаңыз, бар жинаған ақшаңыздан айырыласыз. Өзін белгілі бір банктің өкілі ретінде таныстырып, адамның іші-бауырына кіріп  сөйлегенде  оның құйтырқы әрекетіне қалай алданғанын да білмей қалатындар аз емес. Мысалы, «сіздің атыңызға 500 мың теңге рәсімделіп жатыр». Банктің қауіпсіздік қызметкерімін деп карточкаңыздың 16 санын және «СVV» үш санды кодын сұрап, бүкіл мәліметіңізге қол жеткізеді. Солай бөгде біреудің  атынан несие рәсімдей бастайды.

Сонымен қатар интернет арқылы тапсырыс берген зат жеткізілмей жатып, белгісіз адамға ақша аударуда да сақ болған жөн. Мәселен, ОLХ желісі арқылы сіздің сатылымға қойған затыңызды сатып алушы болып келісіп, затыңызды «Қазпошта» өкілі келіп алып кететінін айтады. Ақшаны аудару үшін бір сілтеме жібереді, ол жерде мәліметтерді толтыру қажет. Егер өзіңіз жайлы бүкіл мәліметтерді толтыратын болсаңыз, есепшоттағы ақшадан қағылдым дей беріңіз.

Алаяқтың арбауына түсетіндер күн сайын артуда. Оның ішінде құқық қорғау органдарына шағымданбайтындар да бар. Қай істің де қайырлы болуын ғана тілейтін қазақ арызданудан гөрі жылы жауып қоя салғанды да кейде жөн санайды. Себебі интернет алаяқтарына тұсау салынбайтынын біледі. Жүйке тоздырып жүргісі келмейді. Істің алдын алуда, оны болдырмауда құзырлы орын қызметкерлері  жұмысты ширату керек секілді. Алаяққа жем болған қарапайым жұртшылық қашанғы шырылдауы керек? Міндетті түрде әкімдік жағалап, айқай көтеруін құқық қорғау органдары күтіп отыра бере ме? Істің салдарын емес, себебін іздеп, мәселенің тереңіне үңілсе, алаяқтардың да айылын жиғызатын уақыт келген тәрізді. Ойланып көріңізші!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<