Қаскөймен бетпе-бет

514

0

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Мемлекеттік шекара» кітабын шығарды.

Кітап өзінің қалтқысыз қызметі арқылы мемлекеттік шекараны күзету ісіне өлшеусіз үлес қосқан жасыл күнқағарлы жауынгерлерге арналады. «Мемлекеттік шекара» кітабындағы әңгімелер мен очерктер қатарына тәуелсіз Қазақстанның Шекара қызметінің даңқты шежіресіндегі айтулы деген оқиғалар енді.

Біз бүгін осы кітаптан «Қаскөймен бетпе-бет» атты шығарманы ұсынып отырмыз.

Әйелдің көк желкесіне тақалған тапанша әне-міне дегенше атылатын секілді. Жанын шүберекке түйген ол қарулы адамның алдында еріксіз дедектеп келеді. Ашулы ер адам ту сыртынан тапаншаның құндағымен нұқып-нұқып қояды. Қалтыраған бейбақтың қорқыныштан соққан жүрегі сыртқа шығып кетердей тарсылдайды.

Еріксіз «серік» болған екеуді шекарашылардың назарға алғанына біраз уақыт өтті. Таң атысымен ауыл шетінің иттерін шулатқан олар шекара нарядына қарай беттеді. Жол бойындағы көк орайды жағалай қонған құстар пыр-пыр етіп топ-тобымен ұшуда. 

«Барлау» шекара нарядына шыққан Мәди мен Евгенийдің учаскесі – Қырғызстан Республикасымен арадағы шекараның бойы. Екі елдің арасын Шу өзені ғана бөліп тұр. Шекара шебіне тиіп тұрған қырғыз ауылынан шыққан әр дыбысты анық естуге болады. Бозара атқан жаңа күннің шуағынан төңіректің бәрі көріне бастаған кез. Шекараның арғы жағынан заңсыз өткендер жасырынған шекарашылардың дәл қасына келіп қалды…

Евгенийдің әскер қатарына қабылданғанына көп болмаған. Жауынгерлік қызметіндегі шекара күзетіне шыққан наряды саусақпен санарлық. Дегенмен әскери қызметтегі жетекшісі аға сержант Мәди Айдаболовтан көп нәрсені үйреніп үлгерді. Шекара шебіне аттанған сайын бірнеше шақырымға жаяу жүруге бейімделіп қалды. Көп жылдық тәжірибесі бар ағаларының айтқан кеңесін санасына құйып алуға тырысады. Шекара бұзушысын тұзақтау кезіндегі орын алатын түрлі оқиғаны да көп естіген.

Міне, бүгін осындай шекара бұзушылар бұлардың жасырынған жеріне жақындап қалды. «Не де болса аға шекара нарядының пәрмені бойынша әрекетке көшемін», – деп іштей күтіп жатыр. Сол-ақ екен аға сержант М.Айдаболов қаруын кезенген күйі келе жатқандардың алдын кес-кестеп тұра қалды.

– Тоқта! Атамын! – деді бұйырып.

Өздерінен басқа біреудің бар екені ойларына да кірмеген шекара бұзушылар бір орында қатып қалды. Есін жинап үлгерген ер адам қаруын енді шекарашыға қарай бұрды. Түрі сұсты. Ата салудан тайынбайтын секілді. Сұқ саусағын шүріппеге тақады. Бетін екі қолымен басқан «серігі» жерге құлай кетті.

– Атыңдар оны! Әйтпесе ол қазір бәрімізді өлтіреді, – деді жыламсырап.

Ашуға булыққан шекара бұзушының көздері қанталап кетті. Шекарашыға кезенген тапаншасын енді жер бауырлап құлаған әйелге қаратты. Осы сәтті пайдаланған Мәди секірген бойы автоматтың дүмімен қаруын соғып үлгерді. Тапаншасы жерге құлап түсті.

Сөйтсе, заң бұзушы да осал емес екен. Шап беріп мұның жағасына жармаса кеткен. Аңдысудың арты төбелеске көшті. Сол арада қамыс арасына жасырынған қатардағы жауынгер Кенеев шыға келген. Қылмыскердің берілуден басқа амалы қалмады.

Шекара бөлімшесіне қолға түскен адамдар туралы хабар берілді. Ер адам көк шөптің үстінде жатыр. Қолдары артына қайырылып байланған. Үн-түнсіз. Жақын жердегі ауыл иттерінің үргені естіледі. Әйел адам әудем жерде жылап тұр.

Әскери ұжымның жіберген көлігі де көп күттірмеген. «Дабыл» тобы шекара бұзушыны орнынан көтерді. Берілген бұйрыққа үндемей ғана көнгеннен басқа амалы қалмаған ол көрсеткен бағытқа қарай жүре берді. Шекара шебінде қолға бірге түскен серігі де шекарашылармен бірге кетті.

Ал шекара нарядында жүрген Мәди мен Евгений болса жауынгерлік қызметтерін одан әрі жалғастыру үшін қаруларын арқаларына ілді. Шекара сызығын бойлап жүріп кетті. Көлік терезесінен телміре қараған әйел жанарын бұлардың кеткен ізінен алмай кете барды. Жолына шекарашылар кездеспегенде оның тағдыры қалай болатын еді?! Қылмыскердің маңдайына тақаған тапаншасы  атылмай, аман қалғаны үшін шүкір етеді.

Аға сержант Мәди Айдаболовтың шапшаң қимылының арқасында жауынгерлік оқтың біреуі де атылмады. Дін аман қалғаны үшін шекарашылардың қызметіне іштей риза болды. Шекара шебін күзеткен қырағы қызметтеріне жеміс тіледі. 

Кейін қылмыскердің Қырғызстан азаматын кепілге алғаны белгілі болды. Әйелдің күйеуі оған қомақты ақша қарыз болған көрінеді. Қарызын қайтара алмаған қырғыз азаматы оның зайыбын кепілге алып, өзімен бірге шекарадан күшпен өткізген. Қылмыскер борышкер ақшаны әкеліп берген кезде әйелін қайтармақшы болған.

Шекара қызметінің басшылығы қайсар жауынгердің ерлігін жоғары бағалады. Жыл қорытындысында аға сержант М.Айдаболов 2001 жылдың үздік шекарашысы атанды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<