Аудан айнасы

2268

0

Билік пен бұқара арасындағы алтын арқау баспасөз екеніне талас жоқ. Мерзімді басылым миссиясын мінсіз орындаса қалың қауымның қуанышы сол. Тоқсан жылдық тарихы бар «Жаңақорған тынысы» қоғамдық-саяси газеті көптің көңілінен, сенім үдесінен шыға білді. Бүгінде ақпарат айдынындағы орны айрықша.

Жанрды жыға танитын журналистердің қуатты қаламынан туған, орайын тауып өрбіген мәнді мақала, салмақты сараптама, дәйекті дерегі дәйім халық назарында. Себебі шынайылыққа басымдық берген басылымның өміршең болатынына ешкім шүбә келтірмес. Талай тілші өткір тілмен өзекті мәселені қозғап, толғандырар тақырыпты талдаған. Мұның бәрі баспасөздің бөспе сөз еместігіне дәлел.

Терең тарихтан тамыр алған аудандық газет 1933-1935 жылы «Қызылмақташы», 1935 жылдан 1963 жылға дейін «Екпінді» болып жарық көрді. Тәуелсіздікке дейін бірнеше рет атауын өзгертіп, 1991 жылы «Жаңақорған тынысы» ретінде жалпақ жұртқа танылды. 2013 жылы Аманжол Оңғарбаев басшылық ететін «Сыр медиа» ЖШС-нің құрамына енді. Шежіре шетін тарқатсақ, әр нөмірінде қоғам дертін дөп басқан. Сын садағына да біраз адам ілігіп, түйткілдің түйінін шеше білген. Бұл журналистің зерттеуі, қаламның күші һәм газет үнінің қуатты екенін айғақтайды.

Қазақ – тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін ғана айтып, нақылмен нақыштап, тәмсілімен-ақ тәлім берген халық. Басылымның әр жылдағы тілшілері де көсіліп жазуды көпірме сөзді көбейтумен шатастырмаған. Мазмұнды айшықтайтын түрлі айдары оқырман назарын аудартқаны тағы бар. Таптаурын түсінікті бұзып, қасаң көзқарасты жоятын жазбалар басылымның оң баға алуына ықпал етті.

«Бас редактор дегеніміз – погонсыз генерал, атақ-дәрежесі рәсімделмеген ғылым докторы, патентсіз өнертапқыш, лицензия алмаған конструктор, халықтық дипломатияны бойына терең сіңірген мәмілегер. Погонсыз генерал болатының – газет бетінде стратегияны белгілеп, түрлі тактика қолданасың. Билік пен оқырманның арасында елшілікке жүресің. Түн ортасында, басылымның соңғы бетін баспаханаға жіберер алдында: «Осы материал қалай өзі?» дейтін қиын жағдайлар туындайды. Ол кезде саған ешкім көмекке келмейді. Мұндайда тек білім мен білігіңе, ішкі интуицияңа сүйенесің. Сөйтесің де ұстараның жүзінде отырып, ең соңғы шешімді қабылдайсың. «Тәуекел!» дейсің. Сөйтіп, генерал секілді мылтықсыз майданды басқаруыңа тура келеді. Патентсіз өнертапқыш дейтінім, газетті оқыту үшін үнемі тың идея ойлап табуға тиіссің. Жаңа тақырып, жаңа кейіпкер, жаңа айдар, жаңа коллаж, жаңа штрих… Соның бәрімен газетті күн сайын қамтамасыз етуің керек. Ендеше, өнертапқыш емей, кімсің?…» деп Жанболат Аупбаев ағамыз редактор мойнындағы жүктің жеңіл емесін жеткізіп еді. Сол секілді «Жаңақорған тынысы» газетінің ғасырға жуық жасауына әрбір редактордың қосқан үлесі зор. Басылым беделін көтеріп, оқырманның ой-талғамынан шығуына өзіндік үлес қосқан. Қалдырған қолтаңбасы да – соның нақ мысалы. Алғашында газет таралымы 200 дана болса, 2018 жылы 6 мыңнан асып жығылған. Журналистің жан-жақты жанрда мақала жазып, газет дизайнының түрленіп отыруы – еңбектің жемісі, маңдай тердің ақталғаны. Бұл ретте тоқсан жылдағы редакторлар есімін түгендесек, тізімнің толып қалатыны ақиқат.

Баспа ісі бас қатыратындай қиын кезеңде газет шығарудың өзі қажырлықты қажет етеді. Көз майын тауысып, макетін сызып, түн ортасына дейін жұмыс істеу оңай емес. Осындай сындарлы сыннан сүрінбей өткен аудандық газеттің арасын үзбей уақытылы шығуы мәртебе биігіне көтерді десек артық емес. Қазіргі медиа мүмкіндігін де пайдаланып, жаңашылдықпен жұмыс істеп келеді. Ғаламтор қолданысы артқан заманда оқырманның оңай ақпарат алуына жағдай жасап, газет сайтын да ашқан болатын. Аудандағы қоғамдық-саяси, мәдени-рухани бағыттағы жаңалықтар, елең еткізетін хабар һәм татымды мақала іздесеңіз сайттан табылады. Демек, белді басылымды ауданның айнасы десек қателеспейміз.

Ақпарат және қоғамдық даму экс-министрі Дархан Қыдырәлі былтыр Астанада өткен өңірлік мерзімді басылымдар форумында газет басу, баспасөзге жазылу, оны елді мекендерге, оқырмандарға тарату ісінде «Сыр медиа» серіктестігінің жұмысын өзге өңірлерге үлгі ретінде ұсынғаны көпке мәлім. Әсіресе, тоқсан жылдық тарихы бар аудандық газеттің көш ілгері екенін тілге тиек етті.

– Өңірлерге сапарлар және осы форумға дайындық кезінде аймақтардағы кейбір басылымдардың тіпті сайты да жоқ екенін анықтадық. Ал кейбір өңірлік басылымдардың сайты жақсы жұмыс істейтінін көрдік. «Жаңақорған тынысы» газетін атап айтқым келеді. 7,5 мың тиражбен тарайды. Газет редакциясын сол ауданның тұрғындары асарлатып салып берген. Сайты біздің кейбір республикалық басылымдардың сайтынан да жедел ақпарат таратады, – деді ол.

Иә, шығармашылық ұжымның жұмыла атқарған ісі өз бағасын алды. Бүгінде басылымның шыққан шыңы, бағындырған белесі биік. Табанының бүрі бар, орақ тілді тілшілердің марапат мінберінен көрінуі де басылым мерейін үстем етуде. Кәсіби мерекеде аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлының жергілікті журналистерді, ұзақ жыл осы салада қызмет еткен ардагер қаламгерлерді құттықтау сөзі де жігер бергені анық.

– Ғасырға жуық тарихы бар «Жаңақорған тынысы» газеті оқырмандарының белсенділігімен мақтана алады. Бүгінгі күні 6000-нан аса тұрақты оқырманы бар басылымның таралымы ұдайы артып, аудан халқы белсенді тұтына бастағанынан аңғарамыз. Биыл жарық көргеніне 90 жылға толған «Жаңақорған тынысы» газетінің ауқымы аудандық болғанымен Алаш идеясын көтеріп, елдік сана, мемлекеттілік мүдде аясындағы еңбегін ұтымды атқарып келеді, – деді.

«Жауға қарсы жүздеген мың қол әскерден, төрт газеттің ойсырата соққы беру мүмкіндігі зор» деген Напалеон баспасөздің беделін сипаттап берген-ді. Расында да сөздің салмағын сезініп, мерзімді басылымның мәртебесін көтеру кім-кімнің де қолынан келмейді. Жылдар бойы үздіксіз дамуда үзіліс жарияламаған аудандық үнжарияның тарихта таңбаланып қалатыны хақ.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<