Қазақ – қызымен қазақ!

1216

0

Қазақ халқының «Қызға қырық үйден тыйым» деп қыз баласының болашағы мен тәлім-тәрбиесіне ерекше мән бергені әлімсақтан аян. Сөз жақсысын келістірген хакім Абай:

Білектей арқасында

өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын,

Кәмшат бөрік, ақ тамақ,

қара қасты,

Сұлу қыздың көріп пе ең

мұндай түрін,

– деп өлеңіне өрнек еткен қазақ қызы – иба мен инабатты, сұлу сымбатты бір бойына жинаған  көркем жаратылыс.

Қайран, қазақтың қыздары-ай… Бұлай деуімнің себебі жоқ емес. Нәубетті тарих көшінің сахнасында қыз мұңлықтың тағдыры талай таразыға түсті. Қазақ әйелі, қазақ қызы биязы мінезі, ашық көңілі, жоғары парасат-пайымымен халқымыздың даналығын танытқан ұлт айнасы десек, асыра айтпағанымыз. Құнанбай, Абайдай алыптарды тәрбиелеген Зере, Шоқандай шоқжұлдызды өсиет әңгіме, ойлы ертегілерімен білімге, адамгершілікке баулып, жетілдірген Айғаным, елім деп еміренген батыр Бауыржанды үш жасынан бауырына салған Қызтумастай ел аналары бұл сөзіме дәлел. Қазақ әйелі ұлт мақтаныштары Томирис, Назым, Айтолқын, Бақты, Ботагөз, Ақбикеш, Айғыз, Мәншүк, Әлия сынды батыр қыздарымызды тәрбиеледі. Олар ел басына күн туған алмағайып кезеңде қолына қару алып жауға да шапты.

«Бар ма екен ата-анадан бауы­ры қатты, баласын әлпештеген малға сатты» деп жаны жараланып, басынан теңдік кеткен өз заманының құрбаны да болды. Сол кезеңдердегі заман шындығын, әйел теңсіздігін, нәзік жандыларымыздың басына түскен тауқыметті ащы тілмен астарлай, көркем жет­кізбеген ақын-жазушы жоқ­тың қасы. Бейімбет Май­лин­нің кербез сұлу Шұғасы дәулетімен емес, сыр-сымбаты, білім-парасатымен баураған ғашығы Әбдірахманға қосыла алмай, өзімшілдердің күйігінен дертке шалдығып, арманда кетті. Сәбит Мұқановтың сезімтал Сұлушашы «Менде екі жүрек жоқ, бір-ақ жүрек. Не өледі, не саған қосылады» деп өз таңдауы жолында белді бекем буды. Сүйген жанға деген адалдықты дәріптеген бұл шығармада байдың ерке қызы Сұлушаштың Алтайға ғашық болуынан махаббат дейтін құдіреттің мал-дәулет, дүниемен өлшенбейтінін тамаша жеткізген.

Махаббат майданында жазықсыз мерт болып, адал сезімдері аңызға айналған Баян сұлу мен Қыз Жібек, Еңлік пен Мамыр да ескі салттың көбесін сөге алмай, кете барды. Шала сауат, шолағай дәстүрдің құрбаны болған шарасыз қыздар қауымы уақыт өте теңдікке, бостандыққа, оқу-білімге ұмтыла бастады. Ғабит Мүсіреповтің он алты жасар Ұлпаны егде жастағы Есенейге еріксіз ұзатылса да, тағдырына мойынсұнып, кеңжүректігі, даналығымен жарының абыройын асқақтатып, үлкен-кіші қатар сыйлаған ел анасына айналды. Қазақ әйелдерінің қайсар мінезі мен шыдамдылығын көрсете білген Жүсіпбек Аймауытовтың Ақбілегі азапты күндерді бастан кешсе де әкесінің суыған көңіліне, қатыгез қоғамның қаһарына мойымай, білім алып, жарқын болашаққа жетті.

Көркем шығармалар желі­сіне қарап қыз қонақты қанат­тыға қақтырмай қадірлеген халқымыздың қыз сезімімен, жанымен санаспауына сананы тұрмыс билеген, надандықтан көз аша қоймаған заман келбеті де әсер етті ме дерсің. Кейбір әкенің жас қызын бай кісіге ұзатқаны «қызым дәулетті өмір сүрсін» дегені ме екен? Ескі салтпен сусындаған үлкендердің заман жаңалығына аз уақытта ілесуі оңай болмаған. Қызын қадірлемейтін халықтан «Қыз өрісті кеңейтеді», «Қыз өссе – елдің көркі», «Қыздың қабағында құт бар» дейтін аталы сөздер шығар ма еді? Заңғар жазушыларымыздың әйел тең­дігі тақырыбына ерекше қалам тербеуі – қоғамымызда нәзік жандылардың өзіне тән рөлі бар екендігін көрсетеді. Қырық шырақты қыздарымыз қай дәуірде болмасын өздерінің батыл болмысымен ұрпаққа үлгі бола білді.   

Өз тұсындағы замана салтын қайсар мінезімен мойымай көтерген, жылдар жылжып, бұлбұл үнімен биік сахналарда қазақ әндерін әуелеткен кешегі Майра Уәлиқызы мен Күләш Байсейітова, ақын Сара Тастанбекқызы мен Назипа Құлжанова, Алмажан Аза­матқызы, қазақ кино өнеріндегі Әмина апамыз бен Бикен Римова­лар қызды қадірлеген қазақ даласына аймаңдай қазақ қыздарының келбетін танытып, әсем нұрын шашты.

Поэзия падишасы атанған Фариза апамыздың өзі неге тұрады?! Осындай ізгі есімдер тізбектелген қазақ қыздарының тарих тақтасына қарасам жүрегімді мақтаныш сезімі кернейді. Өйткені, олар – менің апаларым! Мен сияқты қазақ қыздарының әпкелері. Осы арулардың атын атағанда, «Қазақ – қызымен қазақ екен ғой!» деген ой көкейіме оралады.

Назерке ӘЛІҚҰЛ,

М.Қалмырза атындағы

3 мамандандырылған

мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<