Қызылордада Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген жаттықтырушы Ли Валентин Захарович пен КСРО спорт шебері Бадретдинов Раис Салиховичті еске алуға арналған 15–16 жас аралығындағы жасөспірім қыздар арасында тас жолдан республикалық веложарыс өтті.
Жарысқа еліміздің жеті өңірінен — Алматы облысы, Жетісу облысы, Қарағанды облысы, Астана қаласы, Жамбыл облысы, Шығыс Қазақстан облысы және Қызылорда облысынан жалпы саны 60 спортшы қатысты. Жарыстың алғашқы күні қатысушылар 8 шақырымдық пролог бағдарламасында сынға түссе, екінші күні 54 шақырымдық топтық жарыста бақ сынады.
Сайыстың жабылау салтанатына «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай қатысып, жарыс жеңімпаздарын марапаттады. Ол жеңімпаздарды құттықтап, партияның бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
«Бүгінде «AMANAT» партиясы елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруға, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Өңірлерде спорт инфрақұрылымын жаңғырту, ауылдық жерлерде спорт нысандарын көбейту, жастардың спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасау — біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Осындай жарыстар жас спортшыларға үлкен мүмкіндік беріп, олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына жол ашады, — деді ол.
Айта кетейік, Ли Валентин Захарович 1973 жылдан бастап Қызылорда облысында еңбек етіп, өңірде велоспорттың дамуына зор үлес қосқан. Ал Раис Бадретдинов — облыстағы алғашқы спорт шеберлерінің бірі, ұзақ жылдар бойы жас спортшыларды тәрбиелеумен айналысқан тәжірибелі маман.
Жарыстың маңызы ерекше. Мұндай республикалық деңгейдегі додалар жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, спортқа қызығушылықты арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл — жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе мектебі. Олар өзара бәсекелестік арқылы шеберліктерін шыңдап, өз күшіне деген сенімін арттырады.
Осындай айтулы жарыс жас таланттарды анықтап, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге берік негіз қалайды.





