«Ақылды қала» жобасы адамдардың өміріне қалай әсер етеді

6

0

Коллаж: Kazinform

Елімізде цифрландыру қарқыны артып келеді. Smart City жобалары енді тек мегаполистермен шектелмейді. Олар біртіндеп облыс орталықтарын да қамтып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, Астана мен ірі қалаларда цифрлық жүйелер күнделікті өмірге кіріктірілген. Қалыптасқан инфрақұрылым бірнеше маңызды саланы біріктіреді. Олардың қатарында қауіпсіздік, көлік, әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері бар.

Қазір елордада, республикалық маңызы бар қалаларда және облыс орталықтарында «ақылды қалаға» арналған бірыңғай цифрлық іргетас қалыптасқан. Негізгі цифрлық қызметтер толық жұмыс істеп тұр.

– Бейнемониторинг жүйелері іске қосылып, бірыңғай байланыс орталықтары тұрғындарға қызмет көрсетіп жатыр. Жолақыны электронды төлеу және қоғамдық көлікті бақылау жүйелері енгізілген. Медициналық ақпараттық жүйелер де кеңінен қолданылады. Коммуналдық төлемдерді онлайн төлеу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар өңірлік IT-хабтар жұмысын жалғастыруда, – делінген министрліктің жауабында. 

Министрлік өзгерістердің нақты нәтижесі барын атап өткен. Себебі қабылданған шешімдер тұрғындардың өмір сапасына оң әсерін тигізіп отыр.

«Ақылды қала» жобасы адамдардың өміріне қалай әсер етеді
Фото: Midjourney

Тәжірибе өңірлерде жүзеге асады

Мегаполистерде шешім қабылдау жүйесі үлкен деректер алгоритміне негізделеді. Соның арқасында қаланы басқару үдерісі нақты әрі жедел бола түсті.

Мәселен, Астанада Smart City жобасы іске асырылып жатыр. Оның аясында Жағдаяттық орталық пен қаланы басқарудың бірыңғай цифрлық платформасы құрылуда. Ол түрлі жүйелерді бір арнаға біріктіреді. Министрлік мәліметінше, жүйеге 15-тен астам қалалық және республикалық ақпараттық жүйелердің деректері енгізілген. Сонымен қатар датчиктер мен сенсорлардан мәлімет жиналады. Интеллектуалды бейнеталдауы бар бейнебақылау камералары да осы жүйеге қосылған.

Алматыда да осындай орталық жұмыс істейді. Ол Қаланы дамыту орталығының базасында құрылған. Орталық деректерді талдаудың заманауи тәсілдерін және машиналық оқытуды қолданады. Соның нәтижесінде қалалық инфрақұрылымға қатысты негізгі міндеттер тиімді шешіліп отыр.

Осы жүйенің көмегімен бірнеше бағыт қамтылған. Атап айтқанда, жолдардың жағдайы талданады. Азаматтардың өтініштері автоматты түрде өңделеді. Қаланың дамуы болжанады әрі қауіпті аймақтарды анықтауға күш салынады.

Шешімдердің барлығы қаланы тиімді басқаруға жол ашып отыр. Жинақталған тәжірибе енді өңірлерді дамытуға бағытталмақ.

– Министрлік биылдан бастап тұжырымдаманы өңірлік орталықтар деңгейінде жалғастыруды жөн деп тапты, – делінген жауапты ведомствоның ақпаратында.

Жергілікті атқарушы органдар нақты жоспарға көшіп, цифрлық даму стратегияларын бекітіп те үлгірген. Жол карталары әзір. Ендігі кезеңде барлық жоба кезең-кезеңімен іске асырылады. 

Жол сапасын жасанды интеллект бақылайды

Жасанды интеллектіні қолданудың тиімді мысалдарының бірі – Қазақстан жолдарын диагностикалау. Бұл бағытта Көлік министрлігі арнайы жобаны іске асырғанын айту керек.

Жоба аясында жасанды интеллект жолдағы ақауларды автоматты түрде анықтайды. Жүйенің дәлдігі – 95 пайыз. Соның нәтижесінде уақыт та айтарлықтай үнемделді. Бұрын 100 шақырым жолды тексеруге төрт күн қажет болса, қазір бұл жұмыс 4 сағатта орындалады.

– Көлік министрлігі жасанды интеллектті пайдалану арқылы жол ақауларын 95 пайызға дейінгі дәлдікпен автоматты түрде анықтауға мүмкіндік беретін жобаны жүзеге асырды. Ол жолдардың дерекқорын қалыптастыру үшін мобильді зертхана арқылы іске асырылады, – делінген мәліметте.

Аталған тәсіл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жөндеу мен құрылыс жұмыстарын жоспарлау үдерісін жеңілдетуге сеп.

Пойыздарда интернет қолжетімді

Еліміздегі пойыздарда жоғары жылдамдықты интернетті енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба спутниктік байланыс негізінде іске асырылуда және Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында дамып келеді.

«Ақылды қала» жобасы адамдардың өміріне қалай әсер етеді
Фото: ЖИ министрлігі

Қазіргі уақытта спутниктік интернет Астана–Алматы және Астана–Өскемен бағыттарында жүретін Talgo пойыздарында жұмыс істеп тұр. Бұл – жолаушыларға сапар кезінде тұрақты байланыс алуға мүмкіндік беретін алғашқы тәжірибенің бірі.

– Спутниктік сигнал теміржол бойындағы жерүсті мұнараларына тәуелді емес. Төмен орбиталы спутниктер сигналдың кідірісін азайтып, пойыз жоғары жылдамдықпен қозғалғанда да тұрақты байланысты қамтамасыз етеді, – деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Жоба аясында жолаушыларға 100 Мбит/с дейінгі интернет қолжетімді. Бұл сапар барысында мессенджерлерді, бейнесервистерді және басқа да цифрлық қызметтерді еркін пайдалануға мүмкіндік береді. Ол халықаралық технологиялық компаниялар мен қазақстандық байланыс операторларының бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болып отыр.