«Титаник» кемесі апатынан аман қалған жолаушы Лора Мейбл Франкателлиге тиесілі құтқару жилеті аукционда коллекционерге 670 мың фунт стерлингке сатылды, деп хабарлайды BBC.
Кеме апатынан бері өткен 114 жыл ішінде бұл «Титаниктен» қалған құтқару жилетінің алғаш рет ашық саудаға шығарылып сатылуы болып отыр. Лот Уилтшир графтығындағы Девайзес қаласында орналасқан Henry Aldridge & Son аукцион үйі арқылы ұсынылды.
Франкателли бірінші класта сапар шеккен және 1912 жылғы апаттан аман қалған шамамен 700 адамның бірі болған. Ол құтқару қайығына отырмас бұрын осы жилетті киген. Жилетте 12 қалта бар, иық тіректері мен бүйір белдіктерімен жабдықталған. Онда Франкателли мен басқа да аман қалғандардың қолтаңбалары сақталған.
Аукционшы Эндрю Олдридж бұл оқиғаға ерекше қуанышты екенін жасырмады.
– Бұл «Титаник» тарихына, оның жолаушылары мен экипажына деген адамдардың сарқылмас қызығушылығы мен шынайы сүйіспеншілігін көрсетеді, – деді ол.
Бұған дейін ол бұл жилетті «114 жыл ішінде аукционға қойылған осындай жалғыз бұйым, яғни коллекционерлер үшін шын мәнінде бірегей мүмкіндік» деп атаған.
Сатылымның соңғы бағасы болжамнан әлдеқайда жоғары болды: сарапшылар лотты 250–350 мың фунт стерлинг аралығында бағалаған.
Сол аукционда «Титаниктің» құтқару қайықтарының біріндегі орындық жастығы да 390 мың фунтқа сатылды. Оның тарихы Солтүстік Атлантикада айсбергпен соқтығысқан кезде қаза тапқан лондондық шай саудагері Ричард Уильям Смитпен байланыстырылады. Ол Бруклинге әріптесі Т. Дж. Мэтьюзбен кездесу үшін бара жатқан. Смит апатта қаза тапқан 1500 адамның қатарында болды, алайда оның денесі табылып, ресми түрде анықталмаған.
Жастықты АҚШ-тың Теннесси штатындағы Пиджен-Фордж және Миссури штатындағы Брансон қалаларында орналасқан «Титаник» музейі сатып алды. Жақын арада бұл жәдігер тұрақты экспозицияға қойылады.
Аукцион Саутгемптон қаласында 14 сәуір күні лайнер апатының 114 жылдығына арналған мемориал жанында өткен аза тұту рәсімінен кейін көп ұзамай ұйымдастырылды.






