Холл туралы хикаялар

701

0

Қазақ  «елу жылда  ел жаңа» деп басынан   өткесін  айтады екен. Осыдан  40-50 жыл бұрын   салған үйлерің  бұзып, жерін   биіктетіп жаңа  үй  салу  үрдіске  айналды. Бұл әрине  халықтың  тұрмыс   деңгейінің   жақсарғаның    білдіреді.

Кеңес  заманында үй салу   бір  қиын   шаруа еді, қазіргі   кездегідей     қаптаған   құрылыс    материалдарын    сататын    дүкендер   жоқтың  қасы, болса да  тек   шеге мен  қарақағаз, ошақ  қақпақтары  мен    шілтерінен     басқа   ешнәрсе  жоқ  еді.Құрылысқа   қажетті   материалдардың     барлығын    құрылыс  нысандарын   салып  жатқан   жерден   прораб  пен   бригадирмен   келісіп   жасырын   түрде  алатын   едік. Еден  тақтайлары  мен  бөренелерді   аудан орталығының шет жағындағы  совхоздардың    шаруашылық қоймасынан     осындай   жолмен    алатын  едік.Аудан   орталығының   шет  жағындағы  үйлерге,  әсіресе  5 квартал  аймағына    Байқоңыр   сол кездегі   Ленинск   қаласынан    түнде   әскерилер    әкеліп   жасырын   сатып  кететін. Ол  жақтағылар   да  әдісін алып    үйлеріне    жәшіктеп   арақ   алып  қойып, мүлдем   арзанға   түсіріп  алып,  біздерге   қымбат  бағамен   сататын. Ал үй салып   шатырын   жабарда   аудандық  атқару   комитетінің   төрағасына  өтініш  жазып барасың, ол  өтінішке  қол  қойған соң, аудандық тұтынушылар   одағына   барып  ақшасын  төлеп   заңды   жолмен   алатынымыз  осы  шифер ғана  еді. Бүгінгі   әңгімеміз    қазіргі  салып   жатқан    үйлердегі   холл   туралы  болмақ .

Бірде  құдамның  үйіндегі   бас қосуда  жасы  80-нен    асқан  қадірлі   қарияның   мына сөзі    бәрімізге  ой тастады: «Бірде   ағайынның   баласы   үйленгенде, қызға  құда  түсіп   бардық. Үлкендер    жағын   дастархан    жайып   қойған   холлға   орналастырды.Құдалармен  танысып  болып  әңгімеміз енді жараса  бастағанда,  холлдың   төріндегі   есігі  ашық  тұрған  екі  залға  шәй мен  суды  және тамақты  тасыған   келіндер  мен  жас жігіттер     бізді  айналып   ары-бері   өте  бастап  мазамызды  алды. Сол кезде   басқарып     жүрген    құданың  інісінен: «біз  үлкен     болған  соң   ана екі залдың біріңе    бізді  жайламадыңдар  ма?» дегенімде, құдамыз  «Бұл үлкен  холл ғой» деп ақтала  сөйледі.

  Бұрын  үй салғанда  үй жобасын  сызып, бөлменің    үстінен     бөлмеге   қатынамайтындай етіп    есікті    әр бөлмеге     бөлек     шығаратын. Бірінші кезекте   қонақтың    мазасын  алмауды ойлайтын.

 Үйдің   бұл жобасы    архитектураның  классикалық  үлгісіне     жатады, яғни  жылдар бойы сұрыпталған   жайлы     түрі. Қазіргі  уақытта    үй салғанда   холл салу  оны безендіру   бәсекеге   айналды, жаңа үйіне қоныс тойын жасағанда холлдың үлкендігің айтып мақтанатын болды. Кейде  холлдың   көлемі залдан   екі  есе  үлкен   болып   шығып, мен танитың  ерлі-зайыптылар    әлі күнге дейін ренжісіп    жүргендерін   де білемін. Ал, бір    мекеме  басшысы   жаңа  үй салғанда     холлды  өте  үлкен  етіп салғандықтан, бір жылдан  соң   бұзып  қайта  салды.

 Қазақ   бұл  холлға    неге құштар  болды, неге  сәнге  айналды  дегенде   күнделікті   үнді  сериалдарының   әсері  болып отыр  деп айта  аламын. Мысалы:  «Астана»  телеарнасында күнделікті  көрсетіліп  жатқан  үндінің  «Абысындар»   көбік  сериалының    бар оқиғасы   осы  холлда   өтіп  жатыр. Жақсы  көретін бір інім: «Холл  деген, қазақтың даласындай  кең ғой» деп әзілдеп айтады.

Холл ағылшының   «һаll»  деген сөзі. Ал архитектуралық  анықтамада  «Холл – театрға  кіре берістегі, қойылым   басталғанша   күтетін  зал» делінеді. Холлдың  синонимі  вестибюль – театрдағы  киім  шешінетін  орын.

Орта  ғасырларда  англо-саксондық  ақсүйектер  өз әулетінің   байлығын   көрсету үшін  осы холлды   салуды  сәнге  айналдырған. Холлда  екінші  қабатқа   екі    жақтан  көтерілетін    салтанатты   басқыш  және  бөлме  санын  көрсету үшін     есіктер  шығарылған. Үндістан  1947 жылға дейін    ағылшындардың отары   болғандықтан, сол кезде   салынған   ғимараттарының  холлында   қазіргі  үнді сериалдары   түсіріліп  жүр.

Жалпы  қазақ   халқы   басқа  халықтарға  еліктегіші  басым   екендігін  мойындау  керек. Өткен ғасырдың    90-шы жылдарында   салынған    Қазалыдағы  үйлердің  шатыры   қытайлықтардың  будда  храмына   ұқсатып  жапты.  Сырт  жағынан сиыр  фермаларындағы  қораға   ұқсағандықтан   қазалылықтар  оны  «коровник» деп аталып  кетті. Кейін   осы коровник  көрер  көзге  ерсі  болған соң  үй иелері   шатырын  бұзып «конверт»  қылып  қайта   жапты.   «Біреудің  қаңсығы, біреуге таңсық»  дегендей   қазіргі   кезде үйдің  үштен бір бөлігін  бөлігін алып жатқан   холлы  бар  үйлер де  15-20  жылдан  соң  ерсі  көрініп, қайта бұзылып  жаңадан салына  бастайды.  Холл  қазіргі кезде сән болып тұр, ал сән де киім сияқты өзгеретіні ақиқат. Орыс халқы  мұндайды: «мода меняется или пройдет» деп айтады.

                                                                                   Бақытжан  Түменбай

                                                                                       Тарихшы 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<