Инемен құдық қазған ақын

2223

0

Қазіргі әдебиет, ғылым дейтін ортада аты қатар аталатын дарынды азаматтардың бірі филология ғылымдарының кандидаты, ақын Серікбай Қосанов екені анық.

Қазақтың әдебиетіне, мәдениеті және тарихына қатысты көне жәдігерлерді тіртінектеп жинап, індете зерттеудің рухани маңызы зор және аса қиын. Бұл бір-екі айда көтере салатын құрылыс, не болмаса нәтижесі жарқырып тұратын мерзімдік еңбек емес. Бұл – жылдардың жұмысы, кейде ғалымның не істеп жүргенін қарапайым жұрт мүлде аңдай алмайды. Қазақтың «инемен құдық қазғандай» дейтіні осы ғалымдарға қарата айтылса керек.  

Адамға тән азығы қалай қажет болса, жан азығы да сондай қажет. Адам ас ішпесе әлсірейді, жан да дәл солай зардап шегеді. Ғалымдар адамның жан азығының диқандары. Серікбай сол «диқаншылыққа» жас күнінен кіріскен адам, тіпті бұл қасиетті оның топырағынан сіңген, қанынан дарыған десек те болады. Жүре келе толу бар, туабітті болу бар, Серікбай – туабітті талант. 

Сәкең 1964 жылы Арал ауданының Авань балықшылар ауылында дүниеге келген.  1981 жылы орта мектепті бітірген соң түйеші болып еңбек бастаған. Сол кездері еңбекпен ұштасқан оқу деген үрдіс бар еді. Мектептен бірден жоғары оқуға түсу қиын болатын.

Сөйтіп, бір жыл түйе баққан бала Алматыға аттанып, малдәрігерлік-зоотехникалық институттың зооинженерлік факультетіне түседі. Арманы мал шаруашылығын зерттеп, ғалым болу еді. Бірақ, бала күнінен батырлар жырын жаттап, өлең-жырмен өскен жас ә дегеннен-ақ мамандық таңдаудан жаңылғанын сезді. Қолында мал шаруашылығы кітабы, көкейінде өлең тұрды.

Сөйтіп, жұрт түсе алмай жүрген оқуды тастап, әскерге кетті де, 1986 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің шығыстану факультетіне оқуға түсіп, 1991 жылы университетті қазақ тілі мен әдебиеті және араб тілі мамандығы бойынша аяқтап шықты. Оның  қазақ ғылымы мен білім саласындағы өмір жолы осылай басталды.

1998 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба және текстология бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабылданды. Институттағы жұмысы ғылыми зерттеулерге бойлап, ұлттық әдебиет пен мұраларды зерттеуге бағытталды. Болашақтағы шығармашылық және ғылыми жетістіктерінің бастауына осы киелі орын жол ашты. Жиналған тәжірибесі қазақ әдебиетіндегі ақындық дәстүрдің жанрлық табиғатын ашуға ынталандырды, Базар жырау шығармаларын зерттеуді қолға алды. Не іс бастаса, соның ақырына жететін еңбекшіл, қайсар болмысты жас ғалым  2005 жылы «Базар жырау Оңдасұлының әдеби мұрасы (Ақындық дәстүр, жанр, поэтика)» атты тақырыптағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты.

Осы кездерде «Көне түркі дәуіріндегі және орта ғасырлардағы әдебиет» атты іргелі зерттеу жобасына белсенді атсалысты. Институттың қолжазбалар қорына қона жатып жұмыс атқарды. Келе-келе абайтану мәселелеріне ауысты. Ескі шағатай жазуымен, латын қарпімен, қадіммен хатқа түскен қолжазбаларды қазақшалады. Әлгі «инемен құдық қазу» осы кезеңдердің еншісі болды.         

2003-2010 жылдары Қазақстанның рухани мұрасын жаңғыртудағы маңызды жобалардың бірі – «Бабалар сөзі» атты жүзтомдық сериясын дайындауға елеулі үлес қосып, сериялы еңбектің 25-63 томдарына жауапты редактор болды. Осылайша, халқымыздың бай фольклоры мен ауыз әдебиетін жинақтап, ғылыми айналымға енгізуге мол үлес қосты. 

Сәкең 2017-2020 жылдар аралығында облыс басшысының шақыруымен Қызылордаға келіп, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығында қызмет атқарды. Тарих пен мәдени мұраларды жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясындағы жобаларды жүзеге асыруға жетекшілік етті.

Екеуміз осы кездері жақын таныстық. Бұрын атына қанықпын. Ғалымдығы бір бөлек, мен үшін ақындығы бір төбе. Сырттай болса да ақын есебінде жақсы білемін. Дегенмен, Серікбай маған өзін жоғары ұстайтын, әңгімесі тек ғылымға құрылған, бізге түсініксіздеу бір азамат сияқты елестейтін.

Олай емес, тіпті мені жоғары қойып, өлеңдерімнен мысал келтіріп, өзін елеусіз қалдырды. Бірақ, оның болмысында бір ерекше зиялылық жасырынып тұрды. Ғалымның аты ғалым, қарапайым сөзінен-ақ тереңдігін сезбей қалу мүмкін емес. 

Менің сөз этимологиясына барып, тұрақты тіркестерінің айтылу қатесін шығарып, түзетіп жүретінім бар. Бұл жөнінен осы маңдағы бірінші өзім едім. Ал Серікбаймен араласқалы бұл тақырыпта да аз білетінімді аңғардым. Енді бұрынғыдай ортаға шығып сөйлемей, шетте тұрып Серікбайды тыңдайтын болдым.

Сәкең фольклордан бастап салт-дәстүр, әдебиет, қолөнер, тіпті музыка мәнін де жақсы біледі. Біліп қана қоймай, жаңа қызметінде халқымыздың осындай рухани байлығын қайтадан жаңғыртуға ерекше назар аударды.

Оның бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген мәдени іс-шаралар мен зерттеу жұмыстары жүргізілді. Аймақтағы мәдени нысандарды қайта қалпына келтіру, этнографиялық экспедициялар ұйымдастыру және жергілікті халықтың рухани мұрасын сақтау бағытындағы бастамаларды өмірге әкелді.

Қысқасы, облыстың рухани жаңғыру мәселесіне мейлінше пайдасын тигізді. Алайда, осы орталық жабылып, оның жұмысы мәдениет саласына қосылған соң Сәкең қайтадан өзінің ғылыми жұмысымен айналысу үшін Алматыға кетті.

Серікбай Қосановты халықтың рухани қазынасын көзінің қарашығындай сақтап, оны насихаттау жолындағы ерінбей еңбектенетін ұлтжандылығы үшін де ел-жұрт құрмет тұтады. Ол осы құрметке әбден лайық.

Оңашада бәйіт жазып зарланам,

Бәзбіреулер босқын десе арланам.

Қолдан келер қайраным жоқ, қайтейін,

Аралым жоқ, арманым көп арбаған,

– деп жырлаған ақын Серікбай туған жерінің жоқшысы, туған халқының перзенті екенін ел алдындағы адал еңбегімен дәлелдеп келеді.

Ал оның инемен құлдық қазған ғалымдығы мен ақындығы ұрпақтың мыңжылдық рухани мирасы болып қалатыны анық.

***

Ертең Аралда академик Б.Кәрібаев пен түркітанушы ғалым С.Қосановтың 60 жылдығына арналған «Мерей мәртебесі мәңгілік» атты кездесу кеші өтеді.

Ел алдындағы еңселерің биіктей берсін, қазақ руханиятының қос тарланы!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<