КӨНЕ СӨЗДІҢ КӨМБЕСІ

474

0

Көне жырдың көмбесі еді… «Сөзді сөз қозғайды» деген тәмсілдің,  жаны бар екен, қаламнан қажып, күнделікті газет, журнал ақтаратын әдеттен аспай жататын бұйығы қалпымның «жынын» әріптес інім Дүйсенбек Аяшұлының «Сыр бойы» газетінде (30 қаңтар, 2018 ж. № 16) жарияланған «Ол – құлагер болғанда, біз – мұрагер» деген танымдық мақаласы қоздырды.
Автор аталған мақаласында қазақтың жыршылық салт-дәстүрінің адамзат бойына рухани нәр де, әр де беретін жыршылық өнердің екі ғасыр (ХІХ-ХХ ғғ.) кезеңінде дауылпаз өкілі болған әрі ақын, әрі орындаушы жырау болған жерлесіміз Рахмет Мәзхожаұлы туралы қалам тербеген.
Қазақ оқырмандарына ақындық, жыршылық, термешілік өнер туралы пәлсафа айтып, білгірсудің тіпті жөні жоқ.
Өйткені, біз тумысынан ақын, жыршы халықпыз. Жыршы, термешілер өткен тарихыңды еске түсіріп, ақындарының шығармаларын, жыр-термелерін музыкаға қосып, (көбіне домбырамен сүйемелдеп) құлаққа сіңімді мақам-үнмен жұртқа жеткізіп отырған.
Бұл пікірімізге дәлел – қазіргі әдебиет зерттеушілеріміздің дәйектемелеріне жүгінсек, халқымыздың бұл өнерін әр өңірдің ерекшеліктерін алға тарта отырып талдаған жөн. Мәселен, Арқа жыршыларына тән мектептің өзгелерге ұқсамайтын әншілікке бейім өзіндік ерекшелігі бар. Ал, Сүйінбай бастаған Жетісу аймағы жыршылары бойға сіңімді, жүрекке жағымды баләуенмен жырлайды. Ал, батысқа екпінді, жігерлі, төкпелік дәстүр тән.
Шындықтың бетіне тура қарап, әділдігін айтсақ, осы қазір жыршылық дәстүр оңтүстік өңірде, әсіресе, Сыр бойында дәуірлеп тұр десек, бұл пікірімізді ешкім теріске шығара қоймас. Өйткені, бұл аймақта Майлықожа, Мәделіқожа, одан төмен түссеңіз Базар жырау, Шораяқтың Омары, Сәрсенбай, Қос Жүсіп, Күдеріқожа, Қарасақал Ерімбет, Жиенбай, Нартай, Арал аймағындағы Бітімбай бастаған атақты Нұртуғанның шәкірттері Жаңаберген, Жаппарберді секілді жыраулар мақамын үкілеп ұстап отырған жеке-жеке мектептер бар. Олардан қанаттанып, дәстүрді жалғастырып жүрген Әбілаш, Алмас, Жұмабек, Бекпейісов, Көшеней, Набат, Шәмшат, Мұрат, Айбек, Серік Жақсығұлов, Майра Сәрсенбаева, Берік, Бекұзақ, Айдос, Күнсұлу, т.б. ондаған орта буындағы, жас жеткіншек жыршы, термешілердің өнерлері қазір ел-халықтың аузында жүр. Олардың аталар дәстүрін жалғастырудағы мақам-үндерінің тыңдаушыларды «дуалап» алғаны сонша, олар радио мен телевидение эфиріне шықса жұрт ішкен асын қоя тұрады.
Міне, киелі жыраулық, термешілік өнердің қазақ арасындағы (әсіресе Сыр бойындағы) әсер-күшінің құдіреті қайда жатыр!
Иә, халқымыздың рухани қазынасын байытып, шежірелік, танымдық жорықтың еліміздегі ту ұстаушыларының бірі – көне сөздің көлдариясы, жыр-дастанның қоймасы, терме-мақамның хас шебері жоғарыда аталған Рахмет Мәзхожаұлы болатын.
Мені осы тақырыпты жаңғыртып, үстемелеуге итермелеген екі түрлі себеп-салдар бар. Сонау қырқыншы жылдардың соңын ала алпысыншы жылдардың ортасына дейінгі өмірім, жастық шағым мына Сарысу жайылымында өтті. Соғыстан жаралы болып оралған әкем қой бақты. Сонда жазғы жайлауға қоныстаған соң малды ауылды «Қызыл отау» аралайды. Оның құрамында әнші, домбырашылар, көбіне жыршы, термешілер болады. Есімде қалғаны – оларды біздің фермаға осы Рахмет жырау бастап келуші еді.
Олар ауылға үлкен той-думан ала келетін, бір үйде кең дастархан жайылып, бір ауылдың үлкен, кішісі осы үйге жиылып, қонақтардың өнерін тамашалаушы еді. Алдымен жұрт  әнші, күйшілердің, термешілердің сияпатын тамашалайды. Сосын кешкі қонақасыдан соң ел орынға отыра Рахмет  жырау «сахнаға» шығады. Ол әуелі терме төгіп, әртүрлі айтыстар айтып, жұртты желпіндіріп алады да:
Он екі перне, екі шек
Нәубетпенен қағайын.
Жиналып келген, ағайын,
Табылар ма екен жақсы сөз?
Шабытымды байқап қарайын
Он бесімде жыр айтып,
Өткіздім мәжіліс талайын.
Содан қалған жыр болса
Сіздерден несін аяйын.
Сөйлейтін келді жағдайым
Ұстайсыздар қандайын? – деп жұртты еліктіріп алады да өзінің репертуарының мазмұнын баяндайды:
Алмаспен  жауды тілгізген,
Дұшпандық қылған залымның
Дарға басын ілгізген
Гажданбектей батырдың
Көкке төбесін тигізген,
«Көрғұлыны» айтсам болар ма?
Оған көңілің толар ма?
Оған көңілің толмаса.., – деп өзінің репертуарындағы қисса, дастандардың мазмұнын бір сағаттай уақыт баяндап шығады. Содан жұрт «мынаны айтыңыз» деп таңдауын сұрайды. Жырау жұрт таңдауын айтып, таңды атырады.
Міне, сол кезден бастап мен Рахмет атаның өнеріне үйірсек, құмар болдым. Бүгін бір үйде жырласа, келесі күні көрші фермаға шақырады. Күндіз ұйқымды қандырып алып, кешке тайға мініп, жырауды шақырған үйге барып, таң атқанша тыңдаймын. Осылай талай күндерді өткіздім. Сөйтіп жүріп, жыраудан Күдері мен Ұлбикенің, Нартай мен Үрмаш қыздың, Бұдабай мен Қарлығаштың, Кеншінбай мен Ақсұлудың айтыстарын, т.б бірнеше термелер жаттап алып едім.  Бірақ ол кезде аталған ақындар жөнінде тіпті мағұлматтарым жоқ болатын. Әйтеуір түнде жаттағандарымды ертеңіне үй ішіне, ауыл балаларына айтып беретінмін. Қысқасы, мені жаулап алуының бірінші сыры осындай еді.  
Оқырман қауымының сеніміне кіру үшін тағы бір құпиямның бетін ашайын. Университет бітірген соң көп жыл облыстық теле-радио комитетінде қызмет істедім, журналистикадағы шабытты шақтарым сонда өтті. Сол тұстағы тіпті, одан кейінгі қазіргі ел аузында жүрген Шамшат,  Әбілаш, Көшеней, Қуандық, Бекұзақ, Набат, Мәдина, Сланбек, Мұрат, Бексұлтан, т.б жыршы, әнші, күйшілердің өнерін таспаға түсіріп, ел кәдесіне жаратушылардың бел ортасында болғанмын. Сол сәттерден бір естелік: «Қармақшы ауданындағы оныншы ауылда Аяпұлы Үбісұлтан деген аңыз адам тұрады. Ол ескі жыр-дастанды өте көп біледі. Сол өңірдегі ақын, жыршылар, тіпті Тұрмағамбет пен Шораяқтың Омарының өзі көп нәрсені осы кісіден үйреніпті»  дегенді естіп алпыс үшінші жылы сол кісіні іздеп Чапаев колхозына бардым. Үбекең қарттық жеңіп, мүжіліп қалған екен. Домбыраға қосылып жыр айтуға, магнитафонға түсіруге дауысы шықпады. Тек «сұрағыңды бере бер, шамам жеткенше жауап берейін» деді де сонау Сыпыра жырау, Асанқайғы, одан кейінгі заман жырауларынан үзінділер айтып, Абайды, Жамбылды, Махамбетті тірілтті.
Ол кісі жасында аса зерек болған екен, бір естігенін табанда жаттап алады екен. Сауат ашып, хат таныған соң өлең-жырды көп оқыпты. Бір таңқалғаным – қай өңірдің болмасын халық аузында жүрген жыр-дастандары (батырлар жырын, айтыстарды) түгел жатқа біледі екен. Сосын да замандастары оны «тірі энциклопедия» деп атап, әркез ұстаз тұтатын болған. Сол Үбекең сөз арасында «қазірде жырау көп, бірақ бәрі шәй қайнағанша, ет піскеншеге ғана жетеді. Сонда да «жыраумын» деп төстерін ұрады. Олардың ішінде мына Амангелді ауылындағы Рахмет Мәзхожаұлына жететіні жоқ. Ол өте көп біледі. Бір «Көрғұлының» өзін үш түн, үш күн айтады. Бұдан да басқа таң атқанша айтатын дастандары қаншама?!»
Айтса айтқандай, Рекең алдымен заманындағы үзеңгілес жыраулардың арасындағы репертуар қоры аса мол дүлдүл болатын. Ол 4465 жолдан тұратын «Көрғұлы» дастанын 31 жасында жаттап алып 60 жыл бойы талмай жырлап өткен. Оның жыр қорында бұдан да басқа Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Қым Қиғаш, Мұңлық-Зарлық, Шахзада, Қыз Жібек, Ораз молда, Сұрмерген, Жолбарыс мінген ұры, Шаһнама, Жүсіп-Зылиха, т.б. ұзақ-сонар қисса-дастандар, термелер, айтыс өлеңдер болатын.
Қысқасы, Рекең сан қырлы талант еді. Ол заманында саясатты, еңбекті айрықша жырлаған, жақсылықтың насихаттаушысы, дәуірінің үгітшісі де еді. Ұзақ өмірінде талай ақындармен сайысқа түсіп, оза шапқан айтыс ақыны да.
Рекеңнің ғұлама жырау екеніне айғақты дәлелдер жетерлік. Ұлы М.Әуезов бұл жырауды Алматыға алдырып өнерін тыңдаған болатын («Батырлар жыры», 4 том, 396 бет,  Алматы, 1989 жыл. «Жазушы» баспасы). Осының арқасында Мәзхожаевтың нұсқасы бойынша «Көрғұлы» дастанының төрт саласы басылып шықты. («Көрғұлы», «Батырлар жыры», 4 том, 1973-1989 жыл, Алматы, «Жазушы» баспасы). Сондай-ақ 1965 жылы «Пернедегі термелер» кітабына бірнеше өлеңдері (273-275 беттер) енді. 1966 жылы жарық көрген («Жазушы» баспасы, 3 том, 380-390 беттер). «Айтыс» кітабында да оның шығармалары жарияланған.
Қорытып айтқанда, Рахмет Мәзхожаұлы есімі республика көлеміне алдымен ақын, көлдариядай орындаушы-жыршы, ақтангер айтыскер ретінде танымал, көне сөздің көмбесі. Тек артында жоқтаушысы болмағандықтан, оның есімі елеусіз қалып отыр. Туған ауылындағы клуб үйіне осы жырау есімін беру жөніндегі талап-тілек те ескерілер емес.
Шын мәнінде, рухани азықтың көмбесі жаңғыруы тиіс емес пе?!

Өтеген ЖАППАРХАН,
ардагер-журналист.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<