Көкбурылдың ажалы

917

2

Баяғы бала кезімде Шырақбай ата күншуақта отырушы еді. Біз мектептен қайтар кезде үйіне соғамыз, айта беретін күншуақта кездесеміз. Әңгімешіл кісі еді, жарықтық. Сұрапыл соғысқа қатысқан, генерал Власовтың армиясында болған, тұтқынға түскен. Көрген азабын жыр етіп айтатын. Оқта-текте көзіне жас алатын. Әңгімешіл атаның сөзін тыңдаған кезде біз де қосыла жылаймыз. Ауыл ортасында отырушы еді, қасында жары Күлжамал. Балалары жоқ. «Алла жақсылық жасаса, ұрпақ сүйермін әлі. Күлжамал жерікпін деп жүр, қасқырдың бүйрегін жесем дейтіні бар» деп оқта-текте бойын тіктеп, жан-жағына көз тастайтын әдеті бар. Көрші-қолаң тұтқын жайында оны-мұны сұрай берген соң, мазамды алды ғой деп қайсыбір жылы ауыл шетіне көшіп кетті. Осы жалғыз үйде тұрғанына жылға жуықтап қалды. «Қазыбай» арығының аяғында отыр. Малға жайлы жер. Олай-бұлай серуендейін деді ме, атсейіс Қайырлап шалдан көкбурыл құнанды алғалы арқа-басы кеңіп қалғандай. Әлгі әзірде қолындағы бірер баспақты өрістен көрейін деп шыққаны сол еді, «Қазыбай» арықтың бір қуысында екі жігітті көріп қалды. Қолдарында қабылдағыш бар, бір нәрсе тыңдап отырғандай болды. Қастарында қаңтарулы ескі «Газик» тұр. –

– Ә, бұлар тыңшылар. Тұтқын Шырақ­байды тыңдауға шыққан. Мені не айтар екен, тыңдайық деген ғой. Тыңдай берсін, ертелі-кеш көкбурылдың мінезін айтып, өздерін әбден әуреге салайыншы, – деп оқталды. 

Екі жігіт кейде алдаусыратып, «мал іздеп жүрген адамдармыз» деп Шырекеңе соғып кетеді. Оны-мұны сұрайды. Әбден зәрезап болған емес пе, көкбурылдан басқа әңгіме айтпайды. Қойшы, тыңшылар кейін «бізді біліп қойды» деп келуін үзді. Мал қараған болып, айналаны бір шолып қайтады. Шындығында, «тың­шылар» жоқ. Содан арқа-басы кеңіп, жаны жайшылыққа көшкендей.

Кейін колхоздың күріштігін қоритын қорықшы болды. Мал жолатпай, әбден сенімге кірді. «Қорықшы болсаң – Шырақбайдай болыңдар» дейтін колхоз бастық Нұрымбаев.

Күнде кешкілік күріштен оралады. Ердің екі жағына баулаған шөпті байлап алып, атқа қонады. Бау шөптің арасындағы ерге отыру үшін атты бір арықтың ішіне жетектеп келеді де, үстіне қарғып мініп, ауылға тартады. Жануар ауылға жеткенше қамшы салдырмай жүйткиді. Өзі буаз. Үстіндегі ауыр жүкке кейде сыр бергендей болады, өткір қамшыдан әбден үрейленген. Жазығы болсын-болмасын, қамшымен күнде бір тартып жіберіп, үзеңгіге аяқ салатыны бар. Бойы дірілдейді.

Егін-терім жиналып, Шырақбайдың қорықтан қолы босап қалды. Жылдың қоңыр күзінде Көкбурыл құлындады. О, құдырет, өзінен айнымаған көкбурыл құлын! Келер жылы зайыбы Күлжамал босанып, ұл туды. Атын  Темірхан қойды. Енді үйде үшеу, көкбурыл, оның құлынымен бесеу. Уақыт шіркін, жылдам ғой Темірхан ержетіп қалды. Мектепке барды. Отбасындағы қуаныштың шегі жоқ. Баяғы тұтқындағы азаптан бойы сергігендей. Темірхан ат суарады, жайлайды. Атаның қолы ұзарып қалды. «Адам қуанышқа, арманға тоймайды екен-ау» деп қояды.

Көкбурыл Темірхан қораға кірген бойда «келдің бе?» дегендей осқырнып, қуанады. Әттең, тілі жоқ жануар демесе, бәрін түсінетін секілді.

Шырақбай ата бүгін күріштіктен кештетіп оралды. Қорада байланып тұрған құлын жүгенін үзе енесінің бауырына қарай жүгірді. Жануар құлынының әр жерін иіскеген сәтте көзінен жас парлап тұрғандай болды. Темірхан әр жерін түртіп ойнады, биенің үстіне секіріп, мазалай берді. Құйрығын тартты, мойнына асылды. Артқы аяғын қасығандай болып еді, жануар баланы өкпе тұстан бір тепті. Темірхан ұшып түсті, шырылдаған дауыстан Шырақбай шалт басып, қораға кірді. Ат тұяғы қатты тиген екен, бала пәни дүниеге аттанып жүре барды. Күл­жамал өксігін баса алмай, Темірханды құ­шақ­тап жатып алды. Көкбурыл селт етпейді. «Байқамадым, кінә менен» де­гендей. Әудем жердегі байлаулы құлын шырқырай берді. Темірханды жоқтап тұрғандай.

Темірхан бұл кезде бесті бітіріп, алтыншы класқа көшіп еді. Оқушының алды болатын. «Құйып қойған өзім еді-ау» деп әкесі өксігін баса алмай, қора ішінде отырып алды.

Шағын ауылға қазалы хабар тез жетті, ағайын-туыс басу айтып жатыр. Көнекөздер «сабыр ет, Алла берерін тоқтатпасын» дейді.

– Атаңа нәлет Көкбурыл, маған балтаны әкеліңдер басын шабайын, – деп Шырақбай төрт-бес рет ұмтылды, ағайындар жібермеді.

– Сабыр ет, Шырақбай! – деді қалың жұрт.

– Жоқ, сабыр етпеймін, Көкбурылды бауыз­даңдар! – деген Шырақбайдың кө­зі­нен жас парлап. – Жаназасына бауыз­даңдар!

– Сабыр ет, Шырақбай, шырағым. Көкбурылдың құлыны бар ғой.

– Мені шырылдатты бұл. Құлынның да көзін жойыңдар!

Бие Темірханның жаназасына сойыл­ды. Көпшіліктің тартылған табаққа тәбеті бармады.

Ұлдың беймезгіл қазасы отбасын қаусатқандай еді. Шырақбай ата лезде шөгіп қалды. Сырқатқа ұшырады. Баяғы Көкбурылдың құлыны бұл кезде құнан шығып, ертоқым салуға жарап қалған еді. «Ат тұяғын тай басар» демекші, Шырекең құнанға мініп, жиі серуендейді. Бірақ, баяғы Көкбурыл, Темірханның қазасы естен шығар түрі жоқ.

Бірде «Бидайкөл» тұсынан өте бергенде қалың қамыстан төрт-бес қырғауыл пыр етіп ұшты. Құнан үркіп, жалт бергенде Шырақбай ұшып түсті. Ат әудем жерге барып, бұрылды. Иесінің қасына келіп тұрып алды. Кетпеді, жануар, тілсіз болса да, тұр дейтіндей. Шырақбайдың тұруға шамасы келмей біраз жатты. Екі жамбас сынған еді. Ауылдан іздеушілер келіп, арбаға салып, атақонысқа жеткізді.

Содан қарт майдангер ұзақ жатты. Сырқаттан жазылмады. Дүниеден өтер сәтінде:

– Менің жаназама құнанды жара­тыңдар, – депті.

Ұзамай дүниеден өтті. Келер жылы Күлжамал екінші рет босанып, ұл туды. Атын Медеухан деп қойып, шаңырақ оты қайта жанды. Қазір ауылда Шырақбайдан өрбіген шаңырақ бар. Көк шыбықтай өскен жандар аталарын еске алып, жиі құран бағыштайды. Артта із қалса, өмір өшпейді деген осы болар.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

ардагер-журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<