Ұлт мұратын ұлықтаған Мұрат

749

0

 Өмірде – өршіл, саясатта –сарабдал,  ғылымда – тұрлаулы, турашыл тұлға.

Адамның аты оның жарты тағдыры деген қасқабас қағида бар. Сондықтан да ата-ана баласына ат қоярда өздерінің аңсаған асыл арманын, үкілі үмітін, ақ тілегін, мақсатын, мүддесін, мұратын перзентінің атына артады.

Ал біздің кейіпкеріміздің ата-анасы да «баламыз елдің, халықтың қажетіне жарайтын азамат болсын, бақытты болсын, арманына, мақсатына, мұратына жетсін» деп атын Мұрат қойған. Ата-ананың ақ тілегі Алланың құлағына шалынып, Мұрат еліне, халқына белгілі, абыройлы, досы түгілі дұшпаны да кеміте алмайтын қазақтың тұғырлы тұлғасына айналып, мұратына жетті.

Ол – үш бірдей университетті бітір­ген тарихшы, заңгер, экономист, ұстаз, ұстаз­дардың ұстазы, ғалым, тарих ғылым­дарының кандидаты, саяси ғылымдар докторы, про­фессор, саясаткер, қоғам қайраткері. Ұзақ жылдар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универ­ситетінде оқытушы, кафедра меңгерушісі, факультет деканы және Қазақ Мемлекеттік Заң университетінің Қызылорда филиа­лында директор болып қызмет атқарды.

1999-2003 жылдары Қызылорда об­лыс­тық мәслихатының депутаты болып сайланды. 2008 жылы Қызылорда облы­сы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Сена­тының депутаты Мұрат Бақтиярұлы «жүз­ден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, тәуелсіз мемлекетіміздің ең жоғарғы саяси сахнасы –Сенатқа Қызылорда облысынан сайланған екі депутаттың бірі. «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалі және «Құрмет» орденімен марапатталған.

300-ден аса ғылыми, публицистикалық, танымдық еңбектері жарық көрді. Оннан астам ғылыми монография мен оқулықтардың авторы. Бұл, сөзсіз, Мұрат Бақтиярұлының 60 жылдық мән­ді, мағыналы, мақсатты өмірінің, жасам­паздық еңбегінің нәтижесі.

Әдетте, адам өмірінің екі өлшемі болады. Біріншісі – өзінің жасаған жасы. Екіншісі, атқарған ісімен, артындағы тасқа таңба басқандай етіп қалдырған ізімен өлшенеді. Екінші өлшеммен келсек, Мұраттың халық, ел, болашақ үшін, уақыт, тарих үшін үдесінен шығып, жүзеге асырған қыруар игілікті, ізгілікті  жұмыстары, жеткен дәрежесі мен деңгейі жүз жылға тұрарлық десек, әділдіктің ауылынан алыстай қоймаспыз деп ойлаймын.

Дана қазақ: «Аттың жақсысын – қазанат, жігіттің жақсысын –азамат» дейді.

Әрбір адам бір әлем, шешілмеген жұмбақ, құпия, құбылыс. Адам Алла тағаланың ең бір керемет туындысы, сәтті шыққан шығармасы. Оның сан алуан қырлары мен сырларының, қадір-қасиетінің, қабілет-қауқарының, адами, қазақи болмысының, парқының, нарқының бағасы – құрметті, қасиетті, киелі Азамат деген ат басындай абыройлы атақ.

Мұрат тәні де, жаны да таза, 62 тамы­рында адал қан ағып жатқан, парасатты, білімді, мәдениетті, кішіпейіл, мейірімді, қайырымды, иманды, үлкендердің орта­сын­да кіші емес, кішілердің ортасында үлкен емес, ақылды азамат.

Осыдан екі-үш жыл бұрын Мұрат маған, әлем ғалымдарының пайымдауынша, 100 адамның біреуі өмірге икемді, 1000 адам­ның біреуі жетекші болуға жарарлық, он мың адамның бірі ақылды, жүз мың адамның бірі барлық талаптарға сай ізгі адам, ал тек миллионнан бір кісі данышпан, кемеңгер басшы болуы мүмкін деген дерек-мәлімет берді.

Атам қазақ: «Ақыл – жастан, асыл – тастан», «Ақылы асса, ініні де аға тұт» дейді. Бұл деректегі ақыл жөніндегі пәлсапа мені қатпары қалың, бір терең ой орманына жетеледі.

Әрбір адам өз өмірінде шамамен 80 мың адаммен кездесіп, көрісіп, біліседі екен. Мен кейінгі кезде өзім көрген, өзім білген ат арқасындағы бұрынғы-соңғы басшыларды, елдің, халықтың көзінде, көкірегінде жүр­ген азаматтарды жоғарыдағы дерек-мәлі­меттердің шеңберінде қайта өлшеп, қайта пішіп, қайта таразылап, қайта бағалай бастадым. Өз ойымды, өз пікірімді, өз бағамды халыққа ауызша да, жазбаша да жеткізіп келемін. Түсінгенім, түйгенім: оқып-тоқып, ізденіп, көп көріп, көп біліп білімді, тәжірибелі бола аласың, ал Құдай бермесе, не істесең де ешқашан да ақылды бола алмайсың. Ақыл – Алланың сыйы.

Ақылды адамдарға бөлудегі, сыйлау­дағы Алланың шеберлігіне таңғаласың.

Бұл дүниеде үйім жоқ, күйім жоқ, малым жоқ, жайым жоқ, көлігім жоқ, білімім жоқ, жұмысым жоқ, ақшам жоқ деп жүрген адамдар көп, ал ақылым жоқ деп жүрген бірде-бір адам жоқ.

Кейде, егер Алла тағала жоғарыдағы материалдық игіліктерді ақылды бөл­гендегідей шеберлікпен бөлсе, өмірде ешқандай проблема болмас еді-ау деп те қиялдайсың.

Алланың шеберлігі сонда, әрбір ақымақ адам өзін ақылдымын деп сезінетіндей етіп жаратқан, ол біріншіден, өзінің ақымақ­тығын білмейді. Екіншіден, ақымаққа ақыл айтсаң, ақылыңның керегі жоқ, өз ақылым жетіп жатыр дейді.

Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Мұрат қалай Мұрат болды, өзі­нің жеке мұратына, қазіргі деңгейіне, дәрежесіне қалай жетті?

Біріншіден: Мұратқа ақылды Алла сыйлаған, туабітті таланты – тағдырының тартуы, ал білімді инемен құдық қазғандай тынымсыз, табанды, жасампаз еңбекпен, тәжірибені өмірден, ортадан, елден, халықтан, тарихтан, уақыттан, сан алуан оқиғалардан мысқалдап, тырнақтап жи­наған азамат.

Екіншіден: жоқтан бар пайда болмайды. Тақыр жерге шөп те шықпайды. Бәрі де текке, қанға тікелей байланысты. Мұраттың тектілігінің тамыры терең, бұтағы бүтін, жапырағы жасыл.

Түп атасы Нұртай мұсылмандықтың бес парызын бұлжытпай орындап, қажылыққа барған, Исламның ақ жолымен жүріп, барлық қағидаларын қалтқысыз орындаған киелі, қасиетті кісі болған. Өз атасы Әлімбет те Исламға бар жан-тәнімен беріліп, Алланың ақ жолымен жүріп, өз бақытын адал еңбектен тапқан адам.

Атасы Әлімбет өткен ғасырдың 30-шы жылдары қуғын-сүргіннің құрбаны болып, ел асып, Өзбекстанның Қоқан облысына қоныстанады.

Мұраттың әкесі Бақтияр Қоқанда өзбек мектебінде оқып, парсы, өзбек, орыс, қазақ тілдерін жетік меңгерді. Кейін елге келіп, адал еңбек етіп, жұрт қатарлы өмір кешеді.

Анасы Рыскүл де орыс мектебінде орта білім алған, сауатты, он саусағынан өнері тамып тұрған, өте бір болымы таза азаматша болған. Әкесі мен анасы үш ұл, бір қызды тәрбиелеп өсіреді. Бәрі де өмірден өздеріне лайықты орнын тапқан жарастықты жандар. Әкесі Бақтияр өте бір кітапқұмар, газетқұмар, журналқұмар, көп оқитын кісі болған. Сонау жетпісінші жылдары 30-шақты орысша, қазақша газет-журналдарды жаздырып алады екен. Міне, Мұрат – әкесінің өнегесімен осы­лардың барлығын жастайынан оқып, санасына мықтап сіңіріп, білімқұмарлық, ғылымқұмарлық, сөз өнеріне құмарлық дерттеріне мықтап шалдыққан азамат.

Данышпан Абайдың «Сөз өнері дертпен тең» дегені осы да.

Үшіншіден: Мұрат қасиетті, киелі то­пы­рақта, өнегелі, өркениетті елде, облыстағы Социалистік Еңбек Ерлерінің жартысына жуығын, облыстың үш бірдей бірінші басшысын тәрбиелеп шығарған Қызылорданың Швейцариясы – Шиеліде дүниеге келді, ақылды ортада өсті, өнді, естиярлықтың есігін ерте ашты, білімнің, ғылымның, зерделіліктің арғымағының үзеңгісіне алғаш аяқ салды. Аты әлемге белгілі диқан, ақ күріштің атасы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтан бата алып, еңбекқорлық пен бейнетқорлықтың үлгісін, үрдісін жанына жалау етті. Білімнің де, ғылымның да, бақтың да, бақыттың да атасы да, анасы да адал еңбек деп білді. Мұраттың білімге, ғылымға деген ынта-ықыласын, құштарлығын туғызған, санасында түбе­гейлі төңкеріс жасаған өзінің жақын туыс ағасы бүкіл одаққа белгілі ғұлама ғалым, көрнекті қоғам қайраткері Шахмардан Есенов. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары Шахмардан Есенов Мұратты бірінші рет кездестіреді. Шәкең тұлпарды шаппай тұрып тұяғынан танитын, сұңқарды ұшпай тұрып қияғынан танитын, кісі болар баланы бесігінен танитын дана бабаларымыздың ұрпағы ғой. Мұраттың жанарынан оның қабілет-қауқарын, та­лайын, талабын байқап: «Қарағым елдің, ха­лықтың болашағы, келешегі білімде, ғылымда, сол жарқын да жасампаз жолға түс, бақытыңды содан табасың» дейді. Сол күннен бастап Мұрат түрлі мамандықты игерем деген қиялдарын жиып тастап, түпкілікті, түбе­гейлі білімге, ғылымға бет бұрады.

Шәкең дуалы ауыз, көріпкел абыз, әулие кісі ғой. Айтқаны айдай ақиқатқа айналды. Бүгінде Мұрат Бақтиярұлы өз бақытын білімнен, ғылымнан тауып отыр.

Мұхаммед Пайғамбардан кейінгі төрт Халифтің бірі, бірегейі Әзірет Әлі Халиф болып тұрғанда бір ғұлама мынандай сұрақ қойыпты:

– Білім артық па, байлық артық па?

Сонда бабамыз білімнің артықшылығы жөнінде он түрлі бас бұлтартпас, дәйекті дәлелдер келтірген екен.

«Біріншіден – білім артық, өйткені ол Пайғамбардан қалған мирас, байлық бақы­лдардан қалған мирас».

«Екіншіден – білім артық, өйткені ол сені бағады, ал байлықты сен бағасың».

«Үшіншіден – білім артық, өйткені ол досыңды көбейтеді, ал байлық дұш­пан­дарыңды көбейтеді».

«Төртіншіден, білім деген ізденген сайын көбейе береді, молая береді, жұмсағанмен азаймайды, ал байлық жұмсаған сайын азая­ды, көбеймейді, кемиді».

«Бесіншіден – білім артық, оны ұрыдан сақтаудың қажеті жоқ, ал мал-мүлікті, жи­ған-терген байлықты ұрыдан сақтау керек».

«Алтыншыдан, білімің көп болса, сені ел, халық құрметтейді, ал байлығың көп болса, қызғанады.

«Жетіншіден, білімді есептеудің қажеті жоқ, ал байлығыңды ұдайы есептеп отыру қажет».

«Сегізіншіден, білім қанша көп болға­нымен, іріп-шірімейді, бүлінбейді. Ал байлық бір жұттық, өледі, өртенеді, жоғалады, құриды».

«Тоғызыншыдан – білім артық, жаның­ды байытады, ал байлық жан-дүниеңді шектейді, тура жолдан тайдырады».

«Оныншыдан, білімді адам орнымен сөйлейді, мәдениеті, адамгершілігі артады, ал байлығы көп адам оған мастанады, астамшылық көрсетеді. Сондықтан да білім барлық уақытта артық» деген екен.

Не деген даналық, не деген даныш­пандық?! Қай заманда, кім білімге, ғылымға осындай терең, биік, кең, жан-жақты, әділ де адал баға беріп еді?

Данышпан Абай: «Сөз өнері дертпен тең» дейді. Мұрат бұл жазылмас дертке болмасаң да, ұқсап бақ дегендей, жерлес ағасы Әбілда Тәжібаевқа еліктеп шалдыққан. Ең көне, ең құдіретті өнер – сөз, сөз өнері. Сөз – кие, сөз – қару, сөз –құдірет, сөз – саясат, сөз – өмір. Ең алдымен, сөз болған, сосын барлығы, тап осылай Жаратқанның жарлығы. Сөз әлемді билейді, сөзді ақылдылар, ақындар, жазушылар қамырша илейді.

Мұрат Бақтиярұлының білімдегі, ғы­лым­дағы, өмірдегі, саяси сахнадағы басты қаруы сүйектен өтетін, жүрекке жететін деректі, дәйекті, ашық та анық, адал да әділ, өткір де өтімді сөздері. Мұрат сөз өнерін  терең, шебер меңгерген, қазақша да, орысша да сөйлей де, жаза да алатын, өз ойын кімге де болса жетесіне жеткізіп айта алатын, өзінің ұтқыр, нанымды, ақылға қонымды, жүрекке жағымды сөзі­мен кімді де болса иландыра, сендіре, көндіре, бағындыра, басқара алатын азамат, саясаткер, қайраткер.

2017 жылы Мұрат Бақтиярұлының 566-беттік, терең мазмұнды,  мағыналы «Аманат» атты құнды, құнарлы кітабы шықты. Онда бұрынғы, қазіргі һәм болашақ қоғам, заман, уақыт, оқиғалар, тәуелсіздік, ел, жер, тарих, халық, тіл, дін, әдет-ғұрып, дәстүр, салт-сана, білім, ғылым, жеке тұлғалар туралы, т.б өзекті мәселелер жайлы өзінің философиялық ойлары, толғамдары, болжамдары, тұжырымдары, саяси сарап­тамалары, мақалалары, сұхбаттары, депу­таттық қызметі, хаттары, сұрақтары, сауалнамалары, жетістіктеріміз бен кем­шіліктеріміз жайлы нақты ұсыныстары мен пікірлері жинақталған. Осының көпшілігі республикалық, облыстық баспасөз бет­терінде жарияланып, халықтан қолдау табуда. Бүгінгі күні Парламентте белсенді қызмет атқарып отырған үш депутат болса, біреуі Мұрат Бақтиярұлы, еліміздің аға газеті «Егемен Қазақстанда» мақаласы ең көп жарияланатын үш азамат болса, оның бірі Мұрат Бақтиярұлы десек, ақиқаттың ақ жібін аттай қоймаспыз деп ойлаймын.

Мұрат Бақтиярұлының бойындағы сая­сат­керлік, қайраткерлік, зиялылық қасиеттер Алаштың ардақтысы, туыс,  тамырлас ата­сы Мұстафа Шоқайдың өзінен, күрес пен жанкештілікпен өткен өмірінен, халқының, қазағының жарқын болашағы үшін өзін құрбандыққа шалған азаматтық ерлігінен бастау алады.

Мұрат бала кезінен бастап Мұстафа Шоқай жөніндегі ақиқатпен аңыздарды бойына сіңіріп өсті. Кейінірек өскенде шоқайтану ғылымына тереңірек бойлап, оның адами, қазақи, рухани мұраларынан молынан сусындап, оны өзінің өмірлік қағидаларына  айналдыра бастады.

Мұрат Мұстафа Шоқай дүниеден өт­келі бері оның рухын ұлағаттап, аруағын тербетумен келеді.

2010 жылы Қазақстанның Франциядағы күндері қарсаңында облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың қолдауымен Мұстафа Шоқай­дың бюстін жасатып, Мұрат Бақтиярұлы, Тұрғанбай Маханов, Базарбай Атабаев, Амангелді Кененбаев Парижге апарып, оның тұрған үйінің алдына орнаттырады. Зиратына барып, тағзым етіп, аруағына құран бағыштайды. Франция мемлекетінің заңына сәйкес зираттар елу жылдан кейін, төленген ақшасы біткен соң, тегістеп жібереді екен. Мұрат Бақтиярұлы өз қаржысымен Мұстафа Шоқайдың зиратының сақталу мерзімін тағы да елу жылға создырады.

Бұл не деген ізгілікті, иманды іс десеңізші?!

Мұрат, әсіресе, Мұстафа Шоқайдың зиялылық қасиеттерін өзіне үлгі, өнеге тұтты, зиялылықты өзінің өмір заңына айналдырып келеді.

Зиялы деген – қасиетті, киелі ұғым, атақ, теңдесі жоқ құндылық, абырой. Қазіргідей зиялы деп жүргендеріміздің зияндыға айна­лып жатқан заманда шын зиялылардың ел, халық алдындағы бағы жанып, бағасы аспандай түсуде.

Зиялы деп кімдерді айтуға болады?

Біздің қоғамда ақылдылар, білімділер, ақындар, жазушылар, бастықтар, байлар көп-ақ. Бірақ, өкінішке орай, олардың барлығы бірдей зиялы емес.

Зиялы деп халықтың, елдің сөзін сөй­лейтін, жоғын жоқтайтын, мұңын мұңдайтын, халықпен бірге жылап, бірге күлетін, ханның алдында да, қараның ал­дында да қасқайып тұрып ақты ақ, қараны қара, барды бар, жоқты жоқ, жақсыны жақсы, жаманды жаман деп айта алатын, сын сағатында ел, халық үшін басын бәйгеге тіге алатын азаматты айтады.

Ахмет Байтұрсынов: «Дұшпанымнан қорықпаймын, көп болса атар», «Досымнан қорықпаймын, көп болса сатар», «немкетті, немқұрайлы, бейжай, бейтарап адамдардан қорқамын» деген екен.

Сондай-ақ орыстарда бір ақылға қонатын сөздер бар:

Біріншісі: «Нельзя опираться на то, что не оказывает сопротивление». Мен оны «Суға сүйенуге болмайды, суға сүйенсең, алдымен қолың батады, сосын өзің батасың» деп аудардым.

Екіншісі: «Щука на то, чтобы карась не дремал»

Біздің қоғамымыздың демократиялық, өркениетті жолмен дамуы үшін, қоғамымыз қалғып кетпеу үшін, ләппайбайлар мен мақұлбайлардан гөрі ешкімге және ешнәрсеге бейжай, бейтарап, немкетті, немқұрайлы қарамай, қара қылды қақ жаратын зиялыларға аса мұқтаж.

Мұрат қоғамда өтіп жатқан ірілі-ұсақты оқиғалардың бірде-бірін қалт жібермей, дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп, жетіс­тігімізді жетістік деп, кемшілігімізді кем­шілік деп ашық айтып, ашып айтып, Парламенттің төрінде отырып төрелік айтумен келеді.

Осы тұрғыдан алып қарағанда ел, халық Мұрат Бақтиярұлын Республикадағы біршоғыр зиялы қауымның құрметті мүшесі деп есептейді.

Халық даналығы: «Жігіттің қосы оңбай, ісі оңбайды» дейді. Мұраттың өміріндегі ең басты сәттілігі оның қосының оңғандығы.

Осыдан 32 жыл бұрын Мұрат пен Зағипа бас қосып, сүттей ұйыған отбасын құрып, тату-тәтті, үйлесімді, үндес, бақытты өмір сүріп келеді. Зағипа да филология ғылымдарының кандидаты, ұстаз, білімді, парасатты, зерделі азаматша. Зағипа – Мұраттың терезесі тең, керегесі кең тән, жан серігі, қолдаушысы, қорғаушысы, демеушісі, жебеушісі, твор­честволық әріптесі. Мұраттың бабын да, бағын да жандырып отырған жан. «Бір жақсы, бір жаман әр жерде бар, екі жақсы қосылған қай жерде бар» деген осы да. Осындай өнегелі отбасында Айгерім, Еңлік, Ақеркедей білімді, тәрбиелі қыздар өсіп шықты. Адамзаттың асылы Мұхаммед Пайғамбар: «Үш қызды тәрбиелеп балағатқа жеткізген ата-ананың жаннаттағы орны менің жанымда болады» деген екен. Иншалла, лайым солай болғай.

Мұрат пен Зағипа «Қыз да болса ұлым­дайсың, омыртқаның ішіндегі жұлын­дайсың» деп күміс қасықтай, үш қыз берген Аллаға мың да бір шүкіршілік қылып жүр­генде мырза Құдай олардың пейіліне, ниетіне, шүкіршілігіне риза болып, алтын асықтай ұл сыйлады.

Аманжол қазір он екіде, алтыншы сыныпқа көшті. Үш апасын тәте дейді, тату-тәтті отбасының қызығы да қуанышы – Аманжол. Бала бақыты, ата-ана бақыты дегеніміз осы емес пе?

Біз Мұратпен соңғы жиырма жылдың үстінде етене таныспыз, біліспіз, ағалы-інілі, жақын қарым-қатынастамыз, сыйласпыз, сырласпыз, бір-бірімізге тілектеспіз, тығыз творчестволық әріптестерміз. Арамыздың жақындығы соншалықты кейде екеумізде бұдан да ертерек таныс болмадық-ау деген өкініш те жоқ емес. Сыйластық деген екі адамға бірдей тікелей байланысты жайт қой.

Қазақ: «Сыйға сырық бойламайды», «Сыйға – сый, сыраға бал», «Әркім сый­лағанның құлы» дейді. Адам түгілі ешкімге, ешнәрсеге мұқтаж емес, бүкіл әлемнің, адамзаттың жаратушысы Құдайдың өзі де сыйлағанды, атына мадақ, жақсы айтқанды ұнатады екен. Құдай «Егер сен маған қарай бір қадам жүрсең, мен саған қарай он қадам жүремін, егер сен маған қарай он қадам жүрсең, мен саған қарай жүгіремін» дейді екен. Мұрат бізге қарай бір қадам да, он қадам да жасап, жүгіретін жерінде жүгіріп те жүр. Біз де солаймыз. Халық даналығы: «Бір дұшпан аздық қылмайды, 1000 дос көптік қылмайды», «Бір адал досы бар адам бақытты» дейді. Біздер Мұраттай дос інімізбен мақтанамыз, шаттанамыз.

Мұрат бүгінде алпыс жаста. Алпыс деген – адам өмірінің бір өткелі, белі, белесі, төбесі. Бұл төбеге шыққан азамат өткенді толғайды, қазіргіні талдайды, болашақты алыстан болжайды. Алпыс деген – самайға ақ түсетін жас, адамның ақылға әбден пісетін жас. Сондықтан да шығыс даналығы алпысқа келмегеннен ақыл сұрама дейді. Алпыс деген – адамның ақылы мен арманы адаспайтын, қиялы қыдырып қыр аспайтын, ойы отыз саққа бөлінбейтін, азаматтың ақыл-есі, қадір-қасиеті, қабілет-қауқарының төрт құбыласы түгелденетін жас. Алпыс деген азаматтың көргенінен көретіні көп, бергенінен беретіні көп, нағыз мәуелі, жемісті, жеңісті, қазыналы жас. Алпыс деген – үлкендікке, даналыққа, даралыққа, ақсақалдыққа, абыздыққа апарар алғашқы баспалдақ.

Ғұлама академик Әлкей Марғұланша қайырсақ: «Білеміз, білгеннен соң айтамыз».

Мұрат! 60-қа басқан қадамың құтты болсын!

              Сапарың сәтті болсын,

              Атың арымасын,

              Тоның тозбасын,

Абыройың, бедел-берекең ортаймасын,

Бақытты  бол!

Сейілбек ШАУХАМАНОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<