Ұлт тәрбиесін ұстансақ, зорлыққа жол бермейміз

463

0

Балалардың үйде де, мектепте де және басқа да қоғамдық мекемелерде де зорлық-зомбылықпен әркез ұшырасып отыратыны өкінішке орай, күнделікті құбылыстардың біріне айналған. Балаға қатысты мұндай оқиғалардың дүние жүзімен бірге, біздің елімізде де ұшыратыны шындық. Бұрынғы заманда аталарымыз «бас жарылса бөрік ішінде» дейтін, қазір мұндай жағдайлар әлеуметтік желілер арқылы күн сайын таратылып жатыр. Тіпті, кейбіріне қарауға жүрегің ауырады.

Бала үшін өз үйі әрқашан ең қауіпсіз жер бола бермейті рас. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсету проблемасы бойынша мәліметтер мен жетік статистикалық деректердің жетіспеу проблемасы бар елдердің қатарына Қазақстан да жатады.  

Балаларға, әсіресе кішкентай балаларға зорлық-зомбылықтың үй, отбасы ішінде көрсетілуі сырт көзге байқалмайтындықтан көп жағдайда мойындалмайды. Оларға қауіп-қатер бөгде адамдар тарапынан жасалады деген пікір қатаң қалыптасқан. Оның себебі де жоқ емес, бүгінгі заманда жыныстық зорлыққа ұшырап, артынан ажал құшқан жасөспірімдер туралы фактілерді көзілдірікпен іздеудің қажеті шамалы. Мұндай қаныпезер қарақшыларды жазалау өз алдына бір бөлек әңгіме. Біз қазір өз үйінде зорлық көретін балалардың ахуалы жайында сөз қозғап отырмыз. Қазақта «сүйегі – менікі, еті – сенікі» дейтін сөз бар. Бұл тәрбиеге қатысты ұстаным. Ал да сабай бер деген емес. Тіпті, бейнелеп айтылған сөз десе де орынды.

Жалпы, баланы таяқтап жөнге салу біздің ұлттық тәрбиемізде кездеспейді. Керісінше, «бес жасқа дейін хан көтер, он жасқа дейін құлыңдай жұмса, сосын сырласыңдай сана» дейді ұлттық философиямыз. Қазіргі зорлық-зомбылықтың шығу тегінің бірі ұлттық педагогикалық сауаттың аздығынан немесе халық дәстүріне немқұрайы қараудан екені анық.

 Міне, осы жағдайдан кейін зорлықтың түрі-түрі шыға бастайды. Атап айтсақ, эмоциялық зорлық – балағаттау, қорлау, сөгу, балалардың жеке өміріне қол сұғу; физикалық зорлық – отбасы мүшелерін мас күйінде немесе сау күйінде ұрып-соғу; қауіп-қатер – отбасын тастап кетемін деп қорқыту, әйелін немесе балаларын ұру, өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу; балаларды анасына қарсы қолдану – әйелін өз балаларын ешқашан көрсетпейтіндігімен қорқыту, бас мүдделері  үшін балаларды қолдану, қарап отырсақ осының бәрі күнделікті тірліктің ағымында кездесіп отырады.

Қоғамды бағаламайтын, Отанының алдындағы перзенттік борышын ұғынбайтын балалар осындай отбасынан шығады.

Жалпы, тәрбиені үлкендер өзінен бастауы керек. Әдемңі сөз айтып, әрекетпен жат қылық, жаман әдетті көрсету кезіндегі тәрбиенің нәтижесі өте төмен болатынын бәрімізде жақсы білеміз.   

  Балалар да үлкендер секілді – сыйлау, қол тигізбеу және адамзаттық абыройын сақтау құқықтарына ие. Сонымен бірге адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы мен азаматтық және саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық құжаттарда көзделген заң тарапынан да тең қорғау көрсетілуіне құқылы.

Айналып келгенде айтпағымыз, қоғамда, яғни өз ішімізде балаларға отбасы тарапынан зорлық көрсетілетінін жоққа шығара алмаймыз. Әрине, бұған қатысты жаңа айтып өткеніміздей қатаң заң бар. Бірақ, біз болып, сіз болып, балаға зорлық көрсетпеудің, зорлықшыларды ондай қаталдыққа жібермеудің жолын қарастыруымыз керек-ақ. «Біреудің баласында не шаруам бар» демей, зорлық-зомбылық жағдайын білген адам, оған араласуға құқылы немесе ол жөнінде тиісті орындарға хабарлауды парыз деп білгені дұрыс. Біз осы ісімізбен «біреудің баласын» емес, қоғамның байлығын, мемлекеттің болашығын қорғап отырғанымызды түсінуіміз керек.

Рүстембек БЕРКІНБАЕВ,

Жаңақорған аудандық сотының жетекші маманы.

 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<