ҚОЛӨНЕР – КӨҢІЛ ҚАЛАУЫ

1181

0

Дәстүрден танбай, қолөнердің қадірін арттырып, оны заманауи технология тілімен үндестіріп жүрген жандар аз емес. Ұлттық брендті қалыптастыру жолында аянбай тер төгіп жүргендердің қатарынан Астанадағы «Алтын орда» авторлық үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзада табылады. Жуырда ата-бабадан қалған асыл мұраны сақтап қалу, ұлттық дүниеге көзқарас, ізбасар тәрбиелеу жөнінде қолөнершімен әңгімелескен едік.

 Ине мен жiптi жанына серiк еткен кейiпкерiмiз қөлөнерге бала кезден құштар екен. Анасының тiгiн машинасын ерте иемденіпті. Осылайша, ескi сандықты сәндеп, құрақ көрпе тiгуге әуестенген. Этнодизайнер әуелде басқа кәсіппен айналысқанымен, соныңда ісмерлік өнерге деген ынтасы мен ықыласы ақыры жеңгенін айтады. Негізгі мамандығы – биология пәнінің мұғалімі болса да, оны тастап, «Алтын орда» авторлық дизайн үйін құрған. Алғашқы топтамасы алты құрақ көрпе мен жастықтан ғана тұрған екен. Ал қазір Ырза Тұрсынзада бастаған шеберлер тобы толықтай қазақы нақышта үй сәндеп, қыз жасауын, кестелі ұлттық киімдер тігумен айналысады. Өз iсiне аса ыждаһаттылықпен қарайтын дизайнер әр бұйымды тiгерден бұрын оның тарихына да ерекше мән береді.

– Әу баста ісмерлікті еріккеннің ермегі деп санағандар болғаны рас. Олар бұл кәсіптің пайда әкелетініне де күмәнмен қарады. Бірақ, қолөнер – мен үшін табыс табудың көзі емес, көңіл қалауым, ұлттық дүниелерге деген құштарлығым. Сондықтан болар, бұл кәсіпке көп күш пен қаржы салдым. Уақыт өте келе халықтың ұлттық бұйымға деген қызығушылығы бас қаламызда осы кәсiптi жандандыруға себеп болды. Ермек қылып жасаған алғашқы заттарым – алтын көрпелер. Сондықтан мекеме аты да осымен байланыстырылды, «Алтын Орда» компаниясының жұмысы қазір ілгері басқанын қуанышпен айта аламын. Бүгінде бізде «Deluxe» санатындағы көз жауын алатын дүниелерге сұраныс жоғары. «Шалқардағы суреттер» атты вернисаж көрпе, «Оюлы әуендер» деген көрпелер топтамасы, «Жібектің жасауы», «Баянның жасауы» деп аталатын туындылар да көптің игілігіне жарауда. Сонымен қатар мен тапсырыс алғаннан кейін сол отбасының тарихын зерттейтінім де бар. Ұлттық бұйымдар тек әдемі ғана болмауы тиіс, отбасының тарихынан сыр шерткені дұрыс. Оның түп негізі, тарихи тамыры сақталуы қажет. Сондықтан арнайы қалаларға, мұражайларға барамын, – дейді шебер.

 Қолөнершіден өз ісіне қандай отандық тауарларды қолданатынын да сұрадық. Жастықтардың iшiне салатын мамық көбіне  Қарағанды зауытынан, ал киiздер Талғар зауытынан тапсырыспен алынады екен. Әсем дүниелердің бағасы нарық талабымен байланыстырылған. «Алтын орда» бұйымдары эконом, бизнес және элит кластағы бұйымдар болып бөлінеді. Бағасы 40 мың теңгеден басталады. Ең қымбат көрпе – 270 мың теңгеге дейін барады екен. Сондай-ақ, Ырза ханым  қолөнерге қанықсам деушілерге бар білгенін үйретуге даяр.

– Жоғары эксклюзивті туындылар жасау үшін дайындығы жоғары шебер қашанда қажет. Бұл мәселе бойынша қиындықтарға да тап келген едік. Әсіресе, бізде кесте тігетін, көрпе құрақтайтын қыз-келіншек тапшы. Шебер іздеп, табанымнан таусылған кездерім аз болған жоқ. Содан кейін шеберлерді елден іздемей, өзім үйретіп, дайындауым қажет екенін түсіндім. Сөйтіп, ақылы түрде шеберлік сабақтарын ұйыдастырдым. Бұдан нәтиже шықпады. Ақылы сабаққа қарапайым халық келмеді. Келушілердің дені тек бизнестік көзқараста, яғни ұлт өнерін дамытсам деп емес, үйреніп алып, пайда тапсам деген ниетте болды. Ақыры шеберлік сабағын тегін үйрететін болдым. Қазір облыстарды аралап тегін шеберлік сабақтарын өткізіп жүрмін. Келушілердің қатары қалың болады. Қыз-келіншектер көп нәрсеге үйренуге тырысады. Қолөнердің бар құдіреті, титтей нәрсені көрсетсең, қолына ине алмаған қыздардың өзі тігуді бастап кетеді. Әлеуметтік желіде де, «Youtube» каналында да видеосабақтар өткізуді қолға алып отырмын, – дейді кейіпкеріміз.

 Ырза ханым iсмерлiгiмен аз уақытта шетелдiктердi де тәнтi еткен. Мәскеу, Франция, Италия, Германия секілді сырт елдерге шыққанда шебер қазақ мәдениетінен сыр шертетін бұйымдарды насихаттап, нағыз өнер кеніші елдің ішінде екенін айта жүреді екен. Ырзығын қолөнерден тапқан Ырза Тұрсынзаданың бұл еңбегі де лайықты деңгейде бағаланып отыр. «Алтын орда» дизайн үйі Президент тағайындаған «Алтын сапа» сыйлығына ие болған. Ал, Қазақстанның кәсіпорындары үшін «Алтын сапа» Оскар сыйлығымен тең. Мекеме «Қазақстанның ең үздік өнімі» байқауынан бес рет қатарынан жеңімпаз атанған.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<