Қорық–музей құнды жәдігерлер әкеледі

364

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы дүйім қазақты рухани тұрғыда бір көтеріп тастағаны анық. Даналықтың символы, руханияттың бағдаршамы – Абайды тану – әр қазақтың міндеті. Ойын тура әрі батырып айтқан ойшылдың бір сөзі жанды қинап жатса, екінші сөзі  өкіндіріп-ашындырып жататыны жасырын емес. Адам бойындағы осынау алапат сезімдерді оятатын  Абай ілімі – теориялық тұжы­рымдама ғана емес, адам бо­лып өмір сүрудің әдіс-тәсілі. Мақалада Президент Абай шы­ғар­маларының қазір­гі уа­қыт­пен үндестігін, ақ­па­раттық заманның өзінде өзектілігін ашып көрсетті. Көр­сете оты­рып, ұлы ақын еңбектерін тү­сініп-тұшынып оқуға шақырды.

Ел Президенті өз мақала­сында Абайдың 175 жылдық мерейтойы халықаралық, рес­пуб­ликалық және аймақтық деңгейде аталып өтетіндігін айтты. Облыстық тарихи-өлкетану музейі де рухани-мәдени орда ре­тін­де ұлы ақынның дүбірлі ме­рейтойына атсалысу және жо­ғары деңгейде атап өту мақ­сатында түрлі шаралар ұйым­дастыруды қолға алып отыр.

Семей қаласындағы Абай­­дың «Жидебай-Бөрілі» мем­­лекеттік қорық-музейі қо­рында сақталған құнды экс­по­наттардан «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты көш­пелі көрме 17-20 ақпан күндері Сыр жұртшылығы назарына ұсынылатын бола­ды. Облыстық музейдің ау­дандық филиалдары да ұлы ақынның мерейтойына өз үлестерін қосуда. Арал қа­лалық тарихи музейі «Абайды оқы, таңырқа!» атты әдеби-танымдық кеш өткізсе, Ғ.Мұрат­баев мемориалдық му­зейі «Өлең – сөздің патшасы» атты жыр мүшәйрасын ұйым­дастырмақ. Қазалы аудан­дық тарихи-өлкетану му­зейінде «Абай әлемінің сы­­рын ұққан қаламгер» атты абай­­танушылармен кездесу, Қар­мақшы аудандық тарихи-өл­кетану музейінде «Ұлы ақын – Абай», Жалағаш ау­дандық тарихи-өлкетану му­зейінде «Абай құнанбайұлының шы­ғар­машылығы мен әдеби мұрасы», Н.Бекежанов ме­мо­риал­дық өнер музейінде «Абай – ұлт биігі» тақырыбында көрмелер ұйымдастырылады. Ал, Сырдария, Жаңақорған және Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейлерінде ұлы ақынның өлеңдерін насихаттау мақсатында «Қазақтың бас ақыны – Абай» тақырыбында Абай оқулары өткізіледі. Облыстық музей Абай мұрасын насихаттау жолына бет бұрып, біліми-ағартушылық жұмыстарды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Меніңше, ұлтты ұйыстыру­ға негіз, қазақ халқының қуат алатын сарқылмас азығына айналған Абай философиясы – мемлекеттік саясаттың да алтын діңгегі, арқасүйер қорғаны секілді. Өйткені Абай шығармалары арқылы барша қазақ, қазақ қана емес-ау, басқа ұлт өкілдері де рухани шөлін қандырады. Ел бірлігінен асқан береке, ел тұтастығынан асқан бақыт жоқ десек, Абай мұрасы – осы бір қасиетті ұғымдарға жетелейтін баспалдақ. ХХІ ға­сырдағы жас өрен Абай мұрасы – арқылы өткенімен сырласады, сырласа отырып, болашағына дұрыс қадам жасайды. Абайдай ғұламаның шығармалары 10 тілге аударылатындығы да көңілді қуантып тастады. Бұл – шет мемлекеттердің қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы – Абайдың мұрасына деген қызығушылығын, сұраны­сын аңғартады.

Мемлекет басшысы атал­ған мақаласы арқылы Абай шығармашылығына ел назарын аудартуды және рухани ақсап жатқан тұстарын биік тұлғаның туындылары арқылы емдеуді көздеді. Абайды әр адам өзінше оқып, өзінше қабылдайды. Ілімі ұшан-теңіз Абайдай дананың қай заманда болмасын, өзінің сырласы мен мұңдасы табылатыны анық. Өйткені оның шығармалары өміршең.

Бахыткүл БЕКМАМБЕТ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<