Қалыш байдың балалары

1517

0

Шиеліден бері дария ағысымен төмендеу жатқан Жуантөбе – жері жанға жайлы, малға шұрайлы мекен. Жазығы жыңғылды, шеңгелді, тал-жиделі, дария бойынан алыс емес. Аракідік қолмен үйгендей құм төбелері бар өңірдің аң-құсы малмен араласып жүреді. Жыңғыл мен шеңгелдің түбінен қылтиып шыққан ерте көктем төрт-бес күнде төбелердің басына өрмелеп шығады. Айнала көкпеңбек болады. Әлгі төбелердің төбесіне шықсаң жусан мен жуа иісі бұрқырайды. Құмда өсетін табиғи жуаны бүгінгінің балалары жеп көрген жоқ. Шіркін, сүт татиды. Осы қасиетіне қарап жұрт осы жердегі бір биік төбені «Жуатөбе» деген. Сол жуа төбе бері келе адамдардың аузына «Жуантөбе» болып жайғасыпты. 

Сол иісі бұрқыраған жуа төбенің табанында Қалыш бай тұрған. Ол кісі жылқысын біртіндеп емес, үйірлеп санаған. Қойдың санын қораға кіргендегі көлеміне қарап көз жобалаған. Мұнысы дүниеқоңыздығы болмаған адам екенін байқатады. Ағайынға, жоқ-жітікке қолы ашық. Сондықтан болар, Қалышты осы өңірдің үлкен-кішісі түгел сыйлады. Қалыш пен отанасы Сұлупаннан бір қыз, үш ұл өмірге келді.

Сұлупан Керейт руының қызы еді. Ертеректе осы өңірдің бір бойжеткені Қармақшы жаққа ұзатылып, қызы Сұлупанды нағашыларына берген. Жуантөбеде бойжеткен Сұлупан Өмірзақ молданың баласы Қалышқа  қосылды. Олардың тұңғышы Мәрия қыз болса да жасынан атқа мініп өсті, алғыр мінезді болды. Тартысса аттан, айтысса сөзден жығатын Мәрияға еркек балалардың өзі қарсы келе бермейтін. Мәриядан соң Әмірхан, одан кейін Батырхан мен Пазылхан дүниеге келді. 

Қалыш қырықтың қырқасына шыққанда о дүниелік болды. Осы өңірде Батырбек деген беделді кісі өмір сүрген. Сол кісінің үлкен баласы Бәкір мен Қалыш өте тату дос болатын. Бәкір досына құда түсті, сөйтіп Мәрияны өзінің інісі Ауанға некеледі. 

Батекең де малды әрі жомарт кісі еді. Ел ішіндегі беделі болса керек, үйіне бір шеті Қазалыдан, бір шеті Түркістаннан қонақ келіп тұрған. Отағасы солардың бәріне тай соятын болған. «Малдың орны сойсаң да толады, көңілдің кірі жусаң да кетпейді» дейді екен Батекең.

Әкесі қайтқанда Мәрия жиырма жеті жаста екен, Ауан екеуі балалы-шағалы еді. Бір жылдан соң қырық бес жастағы шешесін ағайындары Көзей Әжімбетке қосты. Осы кезде Мәрия бауырларын өз қолына алды. Әкенің малына да өзі еге болды. 1928 жылдары кеңес өкіметі байлардың малына қол сала бастады. Шын мәнінде мал қазақтың бірден-бір күнкөріс көзі болатын. Жаңа өкімет малды ғана алып қоймады, қазақтың басына әңгір таяқ ойната келді. Мешіттерді қоймаға, қораға айналдырды, молданы қуып, омырауын оймыштаған орыстың тілін сөйле деді. Молданың, байдың баласысың деп Қалыш отбасына тізе батырды. Мұндай басымсынуға бас имеген қазақ ауылдары мал-жанымен жоғары жаққа ауа көшті. Сол көшке Қалыштың қалың малын айдап Мәрия мен Ауан да қосылған.

Бірақ жоғарыда көрпеше төсеп, төріне шығарған ешкім болмады. Бір жақсысы, бұл жақта қызыл өкімет қамшы үйіріп жатқан жоқ. Жер тырнап, еңкейіп, еңкілдеп жүрген бір жұрт. Бір жаманы, Мәрия мен Ауанның малы осы жердің адамына тегін олжа болды. Әуелі тал түсте қылыш асынған бес-алты сақалды келіп, жылқыларын қуып әкетті. Арыз жазатын, әділдік сұрайтын өкімет жоқ. Онан кейін қырық бөліп қойларын талан-таражға салды. Өздерінде бір түйе, екі ешкі, сосын қу жандары қалды. Бұған да шүкір, қышлақ-қышлақты паналап жүрген басбұзарлар көп екен. Малын алмақ түгіл, кісісін өлтіріп кетсе де, оларға қой дейтін қожа жоқ.

Төрт-бес жылдан соң «ел жақ тынышталыпты, қайта жаңа өкімет әр үйге астық, бес-оннан мал үлестіріп жатыр екен» деген жақсы хабар шыға бастады. Ауып келгендердің біразы көштің бетін елге бұрды, өзбектен рахат көрмеген біраз жұрт онан әрі қырғыз бен тәжікке, Ауған мен Иранға қарай бел асты.

Мәрия мен Ауан бес перзент көрді. Бірақ сол кезде балаға тиген оспа, қызылша, шешек сынды аурулар егінге түскен шегірткедей еді.  Бірақ соның бәрін бүгілмей көтерген қайран аналар қандай мықты еді. Мәрия да төрт бауыр етін топыраққа тапсырды. Езіліп, еңкейіп баз кешкен жоқ, еңбектің ауырын арқалап, келер күннен үміт күтіп, қиындықтың, қасіреттің көзіне тура қарады. Осы бір белі беріштен, қолы құрыштан, жүрегі қуаттан жаралған қазақ аналарына ескерткіштердің ең биігін орнатса, шіркін.

Сөйтіп, Мәрия мен Ауан бес жыл бөтен жердің дәмін татып, бір түйе, бес ешкісімен, он беске толған жалғыз баласын ертіп елге жетті. 

Қалыштың екінші ұлы  – Әмірхан.

Жуантөбеде 1915 жылы дүниеге келген Әмірхан асық ойнап бала, ат жалын тартып жігіт болды. Ауыл молдасынан әліпби үйренді. Бұл жердің көп баласына онан терең білімнің қажеті болмаған сыңайлы. Жалпы, біз айтып отырған өңірге кеңестік прогресс кештеу келді. Мәселен, Жуантөбеде қазақша оқытатын мектеп 1936 жылы ғана ашылды. Бұл кезде Әмірханның қатары жиырма жастан асып кеткен. Осыған қарамай «жаппай сауатсыздықты жою» деген ұранмен жиырма жастағылар да, одан үлкендер де 1-класс оқуына барған. «Бірінші кластың баласы үшінші кластың қызына үйленіпті» деген әңгіме осы кезеңге тиесілі.

Айтпақшы, Әмірхан жиырма үш жасында Айнакүл есімді ару қызбен бас қосты. Анығын айтқанда, тоғыз жасында айттырып қойған, пешенесіне жазылған жарын алды.

1939 жылы осы Әмірхан мен Айнакүлдің некесінен Үкіметхан деген ұл бала өмірге келген. Сол кезде қазақта баласына Совет, Колхозбек, Мэлс, Мектеп, Сиезбек деген сияқты есімдерді қою әдеті болған. Мұның бәрі де саясатпен байланысты. Үкіметхан да осындай үрдіспен қойылған ат.

1941 жылы Әмірхан жұрттың алды болып аттанғандармен бірге соғысқа кетті. Жыл айналмай жатып-ақ қайтқан қаздай болып тізіліп «қара қағаз» келе бастады. «Қара қағаз» – соғыста қайтыс болғандардың артынан келетін қаралы хабар жазылған хат. Ауыл іші ұлын жоқтаған ананың, жарын жоқтаған әйелдің ащы даусынан күңіреніп тұрды. Солардың арасында Сұлупан мен Айнакүл де бар. Әлгі жоқтаулар естіген адамның сүйегін сырқыратады.

Боздағым менің асыл-ды,

Қай жерде қаны шашылды.

Оқ атқан оған ит пәшес,

Қылыш кессін қолыңды,

Балта шапсын басыңды.

Қазақ әйелдерінің сол замандағы жоқтаулары қаламмен емес, жүрек қауырсынымен жазылды. Сондықтан оның көркемдігі көп өлеңнен асып түседі.

Әмірхан соғыстан қайтпады. Мүрдесі қай жерде қалды, Құдайға ғана мәлім. Ағасының елге оралмайтынын інісі Пазылхан алдын ала болжап білген. Кейін елге келгесін айтқан Пазекеңнің мына бір әңгімесі соның дәлелі.

– Ұйықтап кеткен екенмін. Түсіме екі ағам енді. Әмірханның дәл үстінен бір жұлдыз көрінді де, өшіп қалды. Батырханның да үстінен сондай бір жұлдыз жарқ етіп, қайта көмескіленді, сөйтті де сегізге бөлініп кетті. Төбеме қарасам, өзімнің де аспанымда бір жарық жұлдыз жанып тұр. Бір кезде ол да сегізге бөлінді.

Оянып кетіп өз түсімді өзім жорыдым. Анау жанып тұрған жұлдыздар біздің өміріміз ғой. Әмірхан ағамның жұлдызы ағып түсті, ол осы соғыста қаза табады екен. Батырхан ағамның жұлдызы көмескіленіп барып, сегізге бөлінді. Бұл ағам жаралы болып, аяғынан қайта тұрады, өмірге сегіз бала әкеледі. Мен елге дін аман оралармын, менің де сегіз перзентім болады.

Пазекең осылай деген. Бұл – оның 1944 жылы қан майданның ортасында жүріп ойға алғаны. Өмірде де солай болды. Ағайындылардың үлкені жат жердің топырағын жамылып қалды, ортаншысы ауыр жараланып, ауылға келді, сегіз ұл-қыз өсірді. Өзінің сегіз ұл-қызы өмірін жалғады.

Соғыс кезіндегі ауыл жағдайы ауыр еді. Еңкейген кәрі еңбектеген баласын беліне байлап егіс даласында жүрді. «Бір түйір дән – бір оқ» деген ұран болды. Балалар бұл сөзді онша ұғына алмайды. «Дән қалай оқ болады?» деп сұрайды олар үлкендерден. Үлкендер оларға Оқшы ата оқиғасын әңгімелеп береді.

…Баяғы заманда бір дана, көреген, әулие кісі болыпты. Сол әулиенің елін қалмақтар жаулап алып, өз тәртібін орнатыпты. Қалмақ ханы осы ел ішінен күніге бір қалыңдық алып отырады екен. Бір күні кезек әлгі әулиенің өз қарындасына келіпті. Бұл кезде әулие кісі арпа орып, егіс басында жүр екен. Ханның жендеттері әулие кісінің қарындасын кемпір-шалдың қолынан зорлықпен тартып алып жатқанда, әулиенің аты кісінеп қоя береді. Ханның зорлық қылып жатқанын әулие осыдан біледі де, бір түйір арпаның дәнін Аллаға сиынып, шиырып ханның ақ шатырына қарай атып жібереді. Зулаған арпаның дәні сыртындағы қауыз қылтығымен барып ханның кеудесін тесіп өтіп, жүрегіне қадалған екен. Хан өлді деп жұрт шулап қуаныпты. Сонда найзасын сілтеп, қылышын сермеп шыға келген біраз жігіттер «Ханды мен өлтірдім» деп ел-жұрттың құрметіне бөленбекші болады. Сонда әулие кісі: «Ханның жүрегін жарып көріңдер, егер жүрегіне бір арпа дәні қылтығымен қоса кірген болса, онда мен өлтірдім» дейді. Бұл рас сөз болып шығады. Сөйтіп, қанша жазықсыз жандар зорлықтан құтылады.

Сонан бастап ел-жұрт әулие кісіні «Оқшы ата» деп атап кетеді. Міне, балам, сол оқиғаға мың жыл өтсе де, ұмытылған жоқ. Оқшы ата аты да ешқашан ұмытылмайды. Отанын, елін өзінің бауырларын жаудан қорғаған адамдар ел аузында мәңгі қалады.

Мұндай өсиетті әңгімені балалар таласа тыңдайды. Сөйтіп олардың кеудесінде жауға деген кек оянады. Кейбірі бидайдың бір түйір дәнін батысқа қарай шиіре атады. Бірақ мұндай әрекеттің тек Алланың әмірімен іске асатынын олар біле қоймайды. Көз жететін жерге түскен дәнді қайта алып, бас бармақ пен балаң үйрекке салып қайта шиіреді. Соғыс кезіндегі балалар ойынының өзімен әкелерімен бетпе-бет келіп жатқан жауға оқ болып атылды. Олардың періште тілектері басқыншылардың басына қорғасын болып қадалды. Алла тағалам балалардың пәк ниеттерін амалға айналдырды.

Ал, Айнакүл ол кезде отызға толмаған толықсып тұрған жас келіншек еді. Күйеуінің қайтыс болғанына көңілі сенбеді. «Кебенек киген келеді» деді. Өзі арулап жерлемеген адамды өлді деп айту қандай күпірлік!

Соғыстан соң баласы Үкіметхан да қайтыс болды. Ыстық-суықты болып, аз күн ауырды. Ол медицинада мән жоқ кез, қазақы емшілер қат. Баланы шөп баулағандай қылып бірінен кейін бірін қорымға қарай жөнелткен қасіретті жылдар болды.

Айнакүл жарын өмір бойы күтті, келмеді, келмейді дегенге сенбеді. Қайран сол бір анамыздың адалдығы да өзімен бірге туып, бірге кетті. Қайтыс боларда бейтінің қасынан тағы бір кісілік орын қалдырды.  Қазір Айнакүл ана жерлеген зиратқа туыстары белгі орнатып, өзі өсиет еткендей, көктаста жары Әмірханның аты-жөні мен суреті қаланып тұр. Шын мәнінде бұл жердегі оның суреті ғана, ал, сүйегі жоқ. Ендігі жерде ерлі-зайыптылардың рухы мәңгілік бір болсын деген ниет.

Қалыштың үшінші баласы Батырхан 1920 жылы туған.

Батырхан да бала болып ойнап, жігіт болып бой түзеді. Қалыш балаларының ішіндегі томаға-тұйығы, момыны осы Батырхан. Сол мінезінен ба, соғыстағы бастан кешкенін айтпайтын. Сұрай қалғанға «соғысты қайтесің» деп иегін бір сипап қоюшы еді. 

Соғыстан соңғы жылдары Райхан есімді кісімен бас қосты. Екеуі он үш жыл бірге тұрды. Баласы болса мүшел жасқа келер еді. Батекеңе оңай болған жоқ. Ағасы Әмірхан тұяқсыз қалды, өмірін соғыс жалмады. Ал, бұл болса ауылына, ел-жұртына аман-есен қосылса да қалап алған жарынан бір перзент сүйе алмады. Бір күні біреу «қу бас болып өтесің ғой» десе, оған не дер еді? Ауылдың аузы жыбырламай тұра ма, аракідік «осыны тастап басқа әйел алса қайтеді екен» дейтін әңгімелерді де құлағы шалып қалатын. Момындығынан емес, жақсы көргендігінен Райханды талақ ете алмады. Осы қиын түйінді Батырханның інісі Пазылхан шешті. Пазылхан өткір, бір-ақ айтады. Ойға алғанын орындайды.

1958 жылдың көктемінің бір күні Батырхан есекке мініп егіс жаққа кетті де, Пазылхан өгізге арба жегіп, дәл оның тоқал үйінің алдына көлденеңдей тартты.

– Райхан! – деп дауыстады. Үй-ішін жиыстырып жүрген жеңгесі есіктен басын қылтитты. – Осы үйден алатыныңды ал да, арбаға отыр!

Қайнысының айтқаны осы болды. «Неге?», «Қайда?» деген жеңгесі жоқ. Бір-екі сырт киімі мен шыт тысты жамылатын көрпені арбаға атып ұрған Райхан өгізге өзі «Өк!» деді.

– Күйеуімнің иісі сіңген көрпеден басқа алатын нем бар? – деді сосын.

Райхан қайнысының ойындағын айтпай білді. Ерінің қасын бағып, сөзін жерге түсірмей қағып алып орындайтын Райханның күйеуі алдында ары таза еді. Бүйтіп бір әулеттің жібін жалғай алмай отырғаны жанына да бататын.

Жуантөбеден Ақтоғанға елу шақты үй сонау 1939 жылы қоныс аударған. Райханның әке-шешесі осы көшпен келген. Соғыстан кейін Батырхан бұрыннан аралас өз ауылының қызын алып еді. Енді міне, ауылдың ана басындағы үйіне өгіз арбаға еріп келе жатыр. Оның ол кездегі жан толқынысын өзі ғана түсінеді. Ойында  бір ұрпақтың обалын арқаламайын деген ізгілік бары анық. Оған «мен неге жарасып отырған жарымды тастаймын» демегені дәлел.

Бұл оқиғадан кейін ағасы інісіне мұның не демеді, ұрпақ жалғастығын уайымдаған бауырыныкі сауапты ойлағаны. Қазіргі замандағы ағайындылар осылай істей алмас еді. Қазір ниет, пейіл бөлек. «Әйеліме неге сөйлейсің» деп көрмей кетісетіндер де бар. Ағайынды алтау араз. Заман осылай ма? Қайран біздің әкелер, «атасы бөлек аттан түс» деген бауыр қадірін олардан артық білген кім бар…

Пазылхан баяғы соғыста жүріп көрген түсін есіне алды. Батырхан ағасының үстінен көрінген жұлдыз сегізге бөлініп кетіп еді. Шын мәнінде, Алла бұйрығы осылай екен.

Мұнан кейін Гауһар есімді Көзей руының өзінен екі мүшел жас кіші қызымен бас қосқан Батекең тоғыз перзенттің әкесі болды. Пазылханның түсінде көктегі жұлдыз сегізге бөлініп еді, жазмыш соған алып келді. Батырханның бесінші перзенті Сәуле жастай шетінеді.

Сөйтіп сегіз ұл-қызы, сегіз жұлдызы өсіп-өнді.

Қалыш байдың ұлдан үшінші, перзенттен төртіншісі – Пазылхан соғыстан соң колхозда еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, немерелерінің бақытын көрді. Бұл кісінің өмір тарихы жайлы әңгіме алдыңғылардан да күрделі һәм қызық. «Қызық» дейміз-ау, қайран әкелеріміздің бастан кешкені қасірет еді ғой.

Біз ол әңгімені келесі кезекке қалдыра тұрамыз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<