Бала тілін тапқан ақын

522

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында  саналы ғұмырын Сыр өңірінің педагогика саласын дамытуға жұмсаған ұстаз, ғалым, балалар ақыны Рахат Наурызбаеваның 80 жас мерейтойына орай шығармашылық кеші өтті.

Кешті облыстық кітапхананың басшысы Нұрлыбек Мыңжас ашып, құттықтау сөз сөйледі.

– Балалар әдебиеті – қазақ әдебиетінің болашағы. Бүгінгі ертегі тыңдап, өлең-тақпақ жаттап өскен балдырған ертеңгі ел тұтқасын берік ұстайтын азаматқа айналады. Осы орайда Сыр өңіріндегі балалар әдебиетінің жүгін көтеріп, өлшеусіз қызмет атқарып жүрген Рахат Наурызбаеваның еңбегін елемеске болмайды. Ақындығымен қатар ұстаздық қызмет атқарып, педагогика саласының майталманына айналған ол облыстың бірқатар мектептерінде, аймақтағы арнаулы және жоғары оқу орындарында жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, балаларға арналған түрлі жыр жинақтарын жазған, – деді ол.

Рахат Наурызбаева 1944 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген, 56 жыл білім саласында еңбек етті. 2009 жылы Қазан университетінде педагогика ғылымдарының докторы атағын қорғап, 4 монография, 5 жыр жинағы мен 10 оқу-әдістемелік құрал және радиохабарлардың авторы атанды. Балаларға арнап «Бастау», «Ақ қозы», «Сергек Серік» атты жыр жинақтарын, «Үй ішімізбен қазақша үйренейік» оқу құралын және 100-ден аса ән жазған. ҚР Білім министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі, Ресейдің Халықаралық Бейбітшілік және келісім қорының «Білім берудегі еңбегі үшін» медалінің иегері.

Жиында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының жетекшісі Қаршыға Есімсейітова ақынның қазақ әдебиеті тарихында балалар ақыны болып қалатынына, оның жас ұрпақты білімге, еңбекке, имандылыққа баулыған өлеңдерінің өміршеңдігіне назар аударды. Ал ардагер-ұстаз Ділдахан Торғаева ақынның қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар екенін тілге тиек етті.

Ақынның ауыз толтырып айтарлықтай тағы бір жетістігі – жергілікті композиторлармен шығармашылық байланыс орнатып, жүзге жуық әнге мәтін жазуы. Оған шығармашылық кешке жиналған көрермен куә болды. Өнерін ортаға салған кішкентай балдырғандар ақынның білімге, еңбекке, имандылыққа баулыған өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Қойылым қойып, ақын өлеңдеріне жазылған әнді де шырқады. Іс-шара соңында кеш иесі жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, оқырмандарымен естелік суретке түсті.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<