Қолөнерге қолдау керек

1794

0

Дәл осылай айтудың да себебі бар. Әрбір ұлт пен ұлысты бір-бірінен даралайтын тілі мен ұлттық болмысы, мәдениеті мен өнері, оның ішінде – қолөнері. Қазақ қолөнері өзіндік тарихымен ерекшеленеді.

Дегенмен, кейінгі кезде кенжелеп келе жатқанына қынжыласың. Қолөнер шеберлерінің сүйікті ісіне деген құлшынысы болмаса мемлекет тарапынан қолдау мен ынталандыру жағы олқы тартып тұрған тәрізді.


Ертеректе ата-бабамыз тұрмыс­тық заттардың бәрін қолдан жасады. Жасап қана қойған жоқ, онда еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарынан хабар беретін айшықты бейнелерді қосты. Осылайша, құнды жәдігерге айналды. Қара базарда қолөнер бұйымдары самсап тұрды. Оны қызыға алатындар көп еді. Бірақ бұл – өткеннің еншісіндегі дүние. Ал, қазір қалай?

Бүгінде қолөнер тек сәндік үшін қолданылып келеді. Осы тұста сала мамандары қолөнерді дамытудың жан-жақты жолын қарастырды. Тіпті, туризмді дамыту үшін қолөнерді қолдау қажет екенін түсінді. Өйт­кені, сырттан келген туристерді қызық­тыратын бір бұйымтай – қолөнер туын­дылары. Облыста қолөнермен айналы­сушылар жетерлік. Ал, нағыз шеберлер санаулы. Олардың арасында зергелік бұйым жасайтын, ағаштан түйін түйетін, құрақ құрап, кілем тоқитын қолөнершілер бар. Талай ұста-шеберлер мақаламызға арқау болды. Дегенмен, ұлттық өнер қаншалықты зерделенуде? Қолдау мен демеу бар ма? Олардың қолынан шыққан туындылар қайда өткізіледі деген сауалдарға жауап іздеп көреміз.

Ұлттық қолөнерді дамытып, жанашырлық танытып жүрген жандардың бірі – Қарлығаш Ілиясова. Оның есімі өңірге жақсы таныс. Он саусағынан өнер тамған шебер Қазақстан шеберлері одағының мүшесі. Десе де, ол талай жобаның аяқсыз қалғанына қынжылады.


– «Жалғыздың үні шықпас» деген. Бұл салада жүргеніме қаншама жыл болды. Мойнымда жауапкершілік жүгі де бар. Қолөнерді қолдауға, дамытуға арналған көптеген жоба іске аспай қалды. Бір-екі жобаның ғана жүзеге асқаны болмаса. Тиісті орындарға талай ұсынысымды айтып, қолдау болса деген ниет білдіргенмін. Құптағандай болады. Бірақ іс әлі күнге дейін созылып келеді. Мен өз ісімді дамыту арқылы жетістікке жеткен жанмын. Қолды бір сілтеуге де болады. Бірақ бәрін біліп тұрып, қарап отыруға дәтім шыдамады. Талай істің алға жылжуына атсалысып келемін. Бірақ қолдайтындар аз. Мәселен, өзге өңірлерде қолөнерге қолдау бар. Онда қолөнер мектептері ашылған. Жұмыс істеуге жағдай қарастырылған. Біздің өңір төменгі сатыда, – дейді ол.


Қарлығаштың айтуынша, қазір екінің бірі қолөнермен айналысады. Бірінің қызығушылығы болса, бірі арнайы курс оқып алған. Бұл дұрыс, әрине. Ал, нағыз өнермен айналысушылар қатары сирек. Сол себепті шын шеберлердің, шынайы туындылардың бағасын білуіміз керек.

Мұражайда киіз үйден басқа қолөнер бұйымы жоқ

Жергілікті мұражайларда өңі­рімізге белгілі шеберлердің дүниесі кездесе бермейді. Мұны қолөнер жанашыры Қарлығаш Ілиясова да құптады. Жас ұрпақ тарихты білу үшін музейге бас сұғады. Сонда тек құжаттар мен өзге дүниелерді тамашалап қайтады. Сол мұражайда ұлттық қолөнерге арналған бұрыш болса да жарасар еді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Біз жаңғыру жолында бабаларымыздан мирас болып қанымызға сіңген, бүгінгі тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгіліктерді қайта түлетуіміз керек» деген болатын. Демек, ұлттық болмысымызды айшықтайтын қол­өнерімізді де қайта жаңғыртуды қолға алып, қолдау керек.

Соңғы кездері ұлттық мұраны сақтау, оны дамыту, жастарға үйрету сынды мәселе көтеріліп жүр. Бірақ, қолдау жоқ. Бабалар ізін жалғаған, қаннан берілген асыл қасиетті дәріптеген шеберлер қатары да сиреп барады. Олардың білген-түйгендерін, қолөнердің сырын кейінгі буын өкілдері меңгеріп қалуы тиіс. Әзірге, олардың қолы­нан шыққан туындылары тек көр­мелердің сәнін кіргізіп тұр.

Қолөнер шеберлері орталығынан қолдау бар ма?

Елге белгілі өнер шеберлері Алматыда арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, онда Қазақстанның Қолөнер шеберлері одағын құру жөніндегі шешімдерін жария еткен болатын. Көп өтпей одақ құрылып, жұмы­сын бастады. Қолөнер шебер­лері ода­ғының құрылуы жаңа мүм­кін­діктерге жол ашты. Одақ, ең алдымен, барлық шеберлерді біріктіріп, ұлттық қол­өнер саласын тың белестерге және бәсекеге қабілетті заманауи деңгейге көтеруге ықпал етіп келеді.

Одақтың басты мақсаты – елімізде және шетелде қолөнер шеберлерінің дәре­жесін көтеру, бәсекеге қабілет­тілігін арттыру, болашақ жас буын үшін ұлттық рухани және мәдени құндылықтарымызды сақтау мен дамыту.


Қарлығаш Ілиясованың тағы бір құптарлық ойы бар. Ол мықты шеберлерді мемлекет қолдап, өндіріс ашуға көмек беру керектігін айтады. Бір жағынан қолөнер дамиды, екінші жағынан жеңіл өнер­­кәсіптің өркендеуіне жол ашылады, үшіншіден, қаншама ісмерді жұмысқа алып, жұмыссыздық дең­гейі төмендейді.

Бір ғана мысал, Түркіменстан кілем шығарып, оны мықты брендке айналдырып отыр. Жұрт олардың кілемін іздеп жүріп алады. Неге бізде осы деңгейге көтерілмеске?! Мықты шеберлерге соңғы үлгідегі технологиялармен жұмыс жасауды үйретіп, өнімін заман талабына икемдеп шығарса, сауда жүретіні анық.

Одақ жергілікті шеберлердің басын біріктіріп сырт елдің де мықты қолөнер шеберлерін шақырып, арнайы дәріс ұйымдастырады. Бұл тәжірибе алмасуға, жаңа дүниені үйренуге, ұлттық өнерді жаңаша тұрғыдан дамытуға мүмкіндік бе­реді. Түрлі байқаулар өткізіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен шеберлер қатысуда.

Мәселен, жақында Қазақстандағы АҚШ елшілігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, дәстүрлі қолөнерді сыртқы нарықта жылжыту мен шығармашылық индус­трияларды дамыту арқылы мәдени мұраны сақтау мақсатында «Born Nomad» бірлескен жобаның басталғанын хабарлады.


«Born Nomad – Power Award» ұлттық байқауы қазақ мұрасын қайта жаңғырту мен кеңінен насихаттауға, Қазақстанның дәстүрлі қолөнері мен халық шығармашылығының заманауи талдауын рухтандыруға бағытталған.


Мүмкіндіктері кеңейген қол­өнершілер сауда мамандарымен, интернет ар­қылы тауар сатушылар­мен, шығармашылық ин­дус­трия­сының мүдделі тарап­тарымен өзара әрекет­тесетін және ынтымақтаса алатын жоба арқылы Америка Құрама Штат­тары мен Қазақстан арасында коммер­циялық синергия құруды көздейді.


Қатысушылар дәстүр мен мә­дениет, инновация, әйел шебері, жас талант, 3D қол­өнері және шығармашылық ынтымақтастық номинациялары бойынша бақ сынайды. Жеңімпаздарды Америка Құрама Штаттары мен Қазақстанның кәсіби топта­рының өкілдері және сарапшыларынан тұратын іріктеу комиссиясы анықтайды. Бұл жобаға өңірден де белгілі қолөнер шеберлері қатысуға бел буып отыр. Егер жеңімпаз атанса, жобасына қолдау бар.

Нұрқанат ат әбзелдерін жасайды

Жаңақорғандық Нұрқанат Тұр­ғанбек бала күнінен ат әбзелдерін тігіп үйренген. Анасы тігінші болған. Алғашында ол ноқта, тартпа тігетін. Кейін әбден ысылып нағыз маман болды. Қазір ол тоқым, жүген, терлік, желдік, өмілдірік, тұяқ, сіңір қаптарды тігеді. Қамшы өруді меңгерді. Оның қолынан шыққан бұйымдары елімізден өзге сырт елдерге де жөнелтілуде. Бастапқыда есігінің алдындағы ескі сарайда жұмыс істеді. 2019 жылы аудан орталығынан жеке дүкен ашты. Қытайдан автоматтандырылған ті­гін машинасын алдырды. 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды.


– Қазір ат әбзелдерін дайындайтын ұста аз. Санаулы десем де болады. Қамшы өруді жергілікті шеберден үйрендім. Ал, қалғандарын бала күнімнен меңгергенмін. Жылқы мен адам баласы бір-бірімен тығыз байланысты. Қазақ оны пір тұтқан. Күтімін ерекше жасаған. Тіпті, ер-тоқымын күмістен соққанын да білеміз. Мен ісімнен жалыққан емеспін, қайта шабыт аламын. Тек өкініштісі, еңбегім алып-сатарлардың қолында кетуде. Олар менен арзан бағада алады. Есесіне, үстіне баға қосып, қымбатқа өткізеді. Неге? Себебі, жергілікті жерден тапсырыс жоқтың қасы. Көбіне өзге өңірлерден алушылар табылады. Олар дайын еңбектен үстеме көріп отырғандар. Қолөнерге қолдау керек. Шынайы еңбек бағасын алса, қадірленсе дейміз де, – дейді ол.


Расында, шебердің сөзінің жаны бар. Ұлттық өнердің бойына жан бітіріп отырған азаматқа қолдау керек-ақ. Жақында аудан әкімі ­Руслан Рүстемов жас жігіттің өнеріне куә болды. Бұл байланыс үмітті еселей түсті.

«Дәстүр» дәріптеліп келе ме?

Облыста қолөнершілерді қолдау мақсатында өткен жылы «Дәстүр» орталығы ашылды. Жетекшісі – Қанат Ақпанов. Орталыққа мүше шеберлер Арал мен Жаңақорған ауданы аралығын қамтиды. Қазір онда 30-дан астам шебер біріктірілген. Мақсат – өңірдегі шеберлердің басын қосып, олардың қолынан шыққан бұйымдарын насихаттау, кейінгі жастарға үйрету, көрме сынды іс-шаралар ұйымдастыру.


– Жақында Аралда «Ата­дан балаға мұра» атты тақы­рыпта облыстық көрме өтті. Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. ҚР Тәуел­сіздігінің 30 жылдығы аясында өткізілген көрмеге жергілікті және өзге өңірлерден де қолөнер шеберлері қатысты. Ата-бабамыздан қалған төл өнерді жалғастырушы, жаң­ғыртушы шеберлер өте өзекті мәселелерді қозғады. Біздің де мақсат – осы. Көптеген жоба бар. Бірақ пандемияға байланысты ке­йінге шегеріліп келеді. Бір сөзбен айт­қанда, қазақтың қолөнері қоғамда лайықты орнын алса деген ой, – дейді ол.


Қорыта айтқанда, қол­өнерге кө­ңіл бөлініп, дамуына жағдай жасалуы керек. Қолөнерде ұлттың үні бар. Ал оның жаңғыруы – біздің бол­мысымыздың айғағы.


Сара АДАЙБАЕВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<