«Сәйгүліктерден сыр аңдағанбыз»

1162

0

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі  Әскербек Рахымбекұлының 80 жылдығына орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы «Ақындық – оның тағдыры…»  атты кеш ұйымдастырды.

Шараға ҚР Білім беру ісінің үздігі Ділдахан Торғаева, Қазақстан  Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ҚР Құрметті журналисі, жазушы Несібелі Рахмет, Әскербек Рахымбекұлының жұбайы Гүлмараш Ерниязова қатысып, ақынның өмір жолы мен шығармашылығы жайлы кеңінен әңгіме қозғады.

Әскербек Рахымбекұлы – «Сырдария кітапханасы» атты 200 томдық кітаптар сериясы редакторларының бірі. Екі мәрте «Жалын» баспасы жариялаған жабық бәйгенің жүлдегері.

– Әсекеңнің өлең жазудағы ерекшелігі сол, әр жол бір ойды білдіріп тұрады. Өлеңді қанша жолмен жазса да, барлығы бір ұйқаспен келуші еді. Қазақ әдебиетінде олай өлең жазған ақын жоқ. Ол тек жыраулар жырларында кездесетін. Бұл – поэзиядағы жаңашылдық. Өлеңді оқып отырғанда көз алдыңа ақынның бейнесі елестеп отыруы керек. Сол өлең арқылы ақынның дауысы құлағыңа келуі тиіс. Міне құлағыңа дауысы келетін, бейнесі көз алдыңа елестейтін ақын – Әскербек еді. Ол –  махаббат лирикасын төгілткен ақын.

– Ту бол де,

Туың боп желбірейін.

Су бол де,

Суың боп мөлдірейін.

От бол де,

Отың боп жағылайын.

Енді не болайын,

Не қылайын? – деген ақын өлеңімен ойын тәмамдады Д.Торғаева.

Ақын  өлеңдеріне  жазылған әндер де бар. Үкілеген үмітті арқалап, өз ұясынан ұшып шығарда қазақ арулары Гауһар Әлімбекованың орындауындағы «Ақ босаға – ақ ниет» хит әнімен ұзатылып жүр. Өлеңнің авторы – Әскербек Рахымбекұлы. Танымал әннің тарихына көз жүгіртер болсақ, 1967 жылы Сәбира апаймен бас қосқан соң жарына деген жанашырлығынан туған. Алғашында «Ленин жолы» газетінде жарияланған өлең шиелілік әнші-композитор Әлімхан Оспановтың қолына тиеді. Арада аз уақыт өткенде Қалмақан Әбдіқадыровтың 80 жылдық мерейтойында ақын мен композитор кездесіп, Әлімхан Оспанов ақын ағасына өз орындауында осы әнді тыңдатқан екен. Композитор өмірден өткен соң, әнді қайта тірілтіп, тамырына қан жүгірткен Гауһар Әлімбекова болды.

– Әскербек ақын екі қанатым бар деген екен. Біріншісі – ақындығым, екіншісі – балаларым. Мен үшінші қанаты бар дер едім, ол журналистік  өнері  –  деді  Н.Рахмет. – Мен жолы болған жанмын. Алғаш «Ленин жолы» газетіне қызметке келгенде редактор Нұрділда Уәлиев, орынбасары, жетекшім Әскербек Рахымбекұлы болды. «Мынауың дұрыс емес, мынаны түзе» деп ешқашан дауыс көтерген жоқ. Жазған мақаламызға түзету енгізіп, тігісін жатқызып, баспаға жіберетін. Ол кезде ай аттары орыс тілінде жазылатын. Демократияның   келіп   жатқан кезеңі. Жаңалыққа ұмтылу, желпіну бар. Әскербек ағайдың қолдауымен газет тұңғыш рет 1990 жылы 1  қаңтар  болып  қазақша  басылып  шықты және ол   басшылықта  отырған  кезеңде  бұрынғы «Ленин жолы» атауы «Сыр бойы» болып ауысты. Мұның өзі Әскербек Рахымбекұлының Сыр журналистикасындағы тарихи қолтаңбасы болып қалды.

Кеште ақынның жары Г.Ерниязова естелік айтты. Оқушылар жырдан шашу шашып, «Ақындық – оның тағдыры…» атты кітап көрмесі оқырмандарға ұсынылды.

Ақмарал Серікбаева,

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхананың қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<