Сан қырлы азаматтың асуы

890

0

 Өрекеңмен жақын араласуымыз 2011 жылдан басталыпты. Елге «Менің Отаным – Қазақстан» сериясымен Шиелі ауданының тарихына арналған тарихи-танымдық энциклопедия «Шиелі» кітабын жазуға Астанадан келгенмін. Сол кездегі аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елді аралауға серік етіп қосқан азаматтардың ішінде Өркен Исмаил да болды. Өрекең «Өскен өңір» газетінің редакторы екен. Осыдан елу жыл бұрын 1969 жылы журналистік еңбек жолым басталған, мені баптап ұшырған ыстық ұям – биыл шыға бастағанына 80 жыл толған «Өскен өңір» газетінің редакция­сы еді.
Ауылдарды он күн­дей араладық, ардагерлермен сұхбаттастық, ауылдар тарихынан сыр тарттық, суретке тү­сірдік. Жол бойы әң­гіме, әркім әр тараптан сөз қозғайды. Сонда біле түскенім – Өрекең аудан, облыс­та біраз қадау-қадау қызметтерді атқарыпты. Мамандығы – музыкант, жан қалауы – сазгерлік, ақындыққа да бейімі бар. Өз әндеріне өлеңді өзі шығара береді екен. Елге танылған ұйым­дастырушылық, қайрат­керлік қарымы да же­терлік. Бұл қарымы – ата­тегіне тартқан қабі­леті.
Өркен Әзімханұлы­ның дүниеге келген ша­ғы атасы Бәкірдің «Ащы­құдық» колхозын бас­қарып тұрған кезі, 1949 жыл. Сол ауыл қазір Бала би атында. Өркен Қызылорда мемлекеттік педагогика институты филология факультетінің «Ән және музыка» бөлімін бітіріп, еңбек жолын білім беру саласында әкесі Әзімхан сияқты ұстаздықтан бастайды.
Одан әрі ішкі істер органында Шиелі және Жаңақорған аудандарында ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болып біраз жыл абыройлы қызмет атқарады, подполковник шеніне жетеді. Осы ретте Ташкент облыстық милициясын басқарған Әбу, Шиелі милициясының алғашқы бастығы болған Әли аталарын қалай еске алмайсыз. Өз басын мұнтаздай тап-таза ұстайтын Өрекең (әкесі Әзімханның өнегесі, Өркеннің әсіресе шаңдақты, баптақты кездің өзінде ештеңе жұқтырмай жалтырап тұратын аяқ киім киісі қандай! Басшы ретінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің жан тазалығына, рухани болмысына баса мән береді. Адамның сырты да, іші де сұлу болу керек деген ұстанымды сіңіре білді қызметтестеріне Өрекең! Осы ретте мұндай қасаң жерлерде тек сол саланың арнаулы оқу орындарын бітірген кәсіби мамандар ғана емес, гуманитар білімі бар азаматтардың да қатар қызмет атқаруы ондай орындардың ізгіленуіне көп септігін тигізерін өмір көрсетіп келеді.
Өрекең Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінде сазгер ретінде «Жалын» ұлт аспаптар ансамблін ұйымдастырды. Осы өнерпаздық отыз жылдан астам уақыттан бері құрам ауысса да, тарап кетпей, әлі өнерін жалғастырып келе жатқаны қандай ғанибет! Өрекең бүгін де ізбасар жас әріптестері ортасында, ансамбльден қол үзген емес. Асқан деген ұлы қаржы полициясының подполковнигі, бүгінде оның өзі зейнеткер, ал Дарын деген кіші ұлы полиция  капитаны, Әбу, Әли аталарынан келе жатқан құқық қорғау дәстүрін осылай одан әрі жалғастыруда. Ал ортаншы ұлы Жалын (оның есімі өзі құрған «Жалын» ансамблі де, ұлым да өміршең болсын деп қойылған екен) Шиелінің №6 кен басқармасында өндіріс маманы.  
Үлкен қызы Аруна облыстық мәдениет басқармасында бөлім басшысы, Эльвира мен Әлиясы жоғары білімді педагогтар, егіз қыздары Гүлнара мен Динара информатика мамандығын меңгеріп, еңбек етуде. Қызметтес болған әріптестеріне ғана емес, жалпы ел арасында қадірлі де жаны сергек Өрекең қоғам өміріне белсене араласып келеді, талай жылдан бері аудандық полиция ардагерлері ұйымының төрағасы, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары (бұл орайда әкесі Әзекеңнің аудандық ардагерлер ұйымына басшылық еткенін де еске алайық), қашанда байсалды, айтар сөзі салмақты, ұстамы берік іргелі азаматтық болмыс оның рухани келбеті.
Өрекең Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы қиыншылық жылдары абдырап қалған жұртты тығырықтан алып шығар кезде де қайраткерлігін көрсетті, ауыртпалыққа иығын тос­ты. Милиция жұмысын қоя тұрып, өзінің туған ауылы Қазақстанның 30 жылдығы атындағы совхоз (кеңестік шаруашылық) тізгінін қолға алды. Ол бір кезде атасы Бәкір басқарған «Ащықұдық» колхозының орнын­дағы шаруашылық әрі өзінің туған ауылы-тын. Осылай Шиелі тарихында атасы, баласы, немересі шаруашылық басқарған әулет пайда болып еді. Ал олардың әрқайсысы – Бәкір, Әзімхан және Өркен уақыт талабы алғы қатарға шығарғанда сол талапқа лайық өз заманының тұлғаларына айнала алды. Кемел­дікті керек етер ел басқару ісін Өркен осылай жалғастырып әкетті.Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі деген осы! Иә, Бәкірдің үш ұлы Әзімхан, Құрманбек, Өркен Шиелі ауданының құрметті азаматтары!
Жаңа заманда Өркен шаруа­шылық басқарудан көтеріліп, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет етті. Осы тұста да атасы Әбудің, әкесі Әзімханның аудан басқарған қарым-қабілеті Өркеннің бойынан көрінді. Бұл еліміз социалистік жос­парлы экономикадан бұрын тыжырына жамандалатын капиталистік нарықтық қатынастарға көшіп жатқан аса алмағайып өтпелі кезең еді. Басшылар елді ұйымдастыра, ерте білді. Халық соған төзді, бейімделді.
Бұл, сондай-ақ, коммунистік идеологиядан теріс айналған, оның орнына елге қандай құнды­лық­тарды, ұстанымдарды ұсыну керек деп ізденіс жүріп жатқан да шақ. Бұрынғы наным-ұғымдар түбегейлі өзгеріп, жаңа мемлекетте ұлттық мүдделерге сай жаңа талаптар қойылған кезде сол талаптар үдесінен шыға білу, іс басындағы азаматтың іскерлік қабілеті, пайым-парасаты нағыз көрінетін тұс еді. Әкімнің орынбасары Өркен Исмаилдың міндеті – ауданның әлеуметтік-мәдени дамуы мәселелерін жолға қою, орындалуын қадағалау, халықты, әсіресе жас ұрпақты рухани тоқырауға ұрындырмай алып шығу. Бұл – көзге көріне бермейтін аса шетін міндет еді.
Сол тұста 2000 жылы мыңжылдықтар мен ғасырлар тоғысында облыс әкімдігі өңірдің әр ауданынан шыққан күллі қазаққа, елге әйгілі бір-бір тұлға «Облыстың ХХ ғасыр адамын» анықтауды ұйғарады. Талқылау барысында Сыр елінде Арал ауданынан – ақын Нұртуған Кенжеғұлұлы, Қазалыдан – қайраткер Ғани Мұратбаев, Қармақшыдан – ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов, Жалағаштан – қайраткер Темірбек Жүргенов, Сырдариядан – ақын Асқар Тоқмағанбетов, Жаңақорғаннан – ақын Манап Көкенов «ХХ ғасыр адамы» деп ұйғарылды.
Сол жолы Шиелі ауданынан әр саладан бес бірдей ірі тұлға – қайраткер Мұстафа Шоқай, әнші-жыршы-ақын Нартай Бекежанов, диқан Ыбырай Жақаев, ақын Әбділда Тәжібаев және ғалым-қайраткер Шахмардан Есенов «ХХ ғасыр адамы» аталды. Бір ауданнан осы бес кісі қалай ғасыр адамы атанды?  
Өркен Исмаил былай деп еске алады. «ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға ауысар тұста халықтың да, өзіміздің де көңіліміз толқып жүрген кез-ді. Мен Шиелі ауданы әкімінің әлеуметтік салалар бойынша, бұрынғыша айтсақ, идеология жөніндегі орынбасары қызметінде едім. Әшімхан Оспанов аудандық мәдениет бөлімінің басшысы болатын. Үнемі шаруа жа­йын сөйлесіп, ақылдасып жүреміз. Шиеліден шыққан ардақты азаматтардан Мұстафа Шоқайдың, Нартай Бекежановтың, Ыбырай Жақаевтың, Әбділда Тәжібаевтың, Шахмардан Есеновтің үлкен портрет суреттерін салдырып, Шиеліге кіреберіс қасқа жол бойына үлгі-өнеге етіп іліп қойсақ деген ой келді бірде. Бұрын кеңес заманында В.Лениннен бастап үлкен портреттері барлық жерде жаппай ілі­нетін Коммунистік партия мен Кеңес өкіметі қай­рат­керлерінің орнын өз халқы­мыздың мақтанышы, аяу­лы азаматтардың алуы осылай басталып еді. Төл тарихымызбен, өз шам­шырақтарымызбен мақтану, оларды насихаттау, үлгі тұту жаппай жолға қойылды. Оларды облысқа ұсынған кезде атақ, даңқы бірінен-бірі асқан, Шиеліден шыққан шынарлардың бесеуі де еш талассыз «ХХ ғасыр адамы» атанды. Шиеліден ұсынылғандар көп болып кетті деп те ешкім айтпады».
Бұл – Өркен атқарған игілікті істердің бір мысалы. Мен істедім демейді, бәріміз ақылдасып, кеңесіп шештік, бірлесіп атқардық дейді.Қазір Шиеліде мерейлі жас­қа жеткен қадірлі ардагерлер суреттерін көрнекі етіп іліп қою, қошеметтеу дәстүрге айналған. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, мәдениет бөлімі басшысының кеңес­шісі ретінде мұндай шаралар­дың бел ортасында тағы да Өркен жүреді.
Қолына қалам алып, мәнді ойларын келісті баяндай біле­тін қаламгерлік қабілет оны журна­листік қызметке де алып келді. Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің, «Шиелі-Шұғыла» газе­тінің бас редакторы болып, қалам­герлікпен де танылды. Ел өміріндегі елеулі оқиғалар, шешімін күткен мәселелер туралы ой толғап, пікір тастап жазған мақалалары газеттерге әлі күнге ұдайы шығып тұрады.
Былтыр Шиелі ауданының құрылғанына 90 жыл толды. Сол тұста аудан тарихына арналған «Шиелі шежіресі» кітабы авторла­рының бірі Өрекең болды. Тағы да жаздың аптабында қажымай-талмай ауданды араладық, Сыр бо­йын шарладық, Қаратау қойнауын кездік. Қай ауылға барсақ та Өрекең сыйлы, үлкенге де, кішіге де қадірлі, танымал.
Ол осы 90 жыл ішінде ауданды басқарған азаматтар туралы «Біріншілер» деген деректі мақала жазды. Бұл бұған дейін жазылмаған тың тақырып еді. «Елтұтқа» деген атаумен «Шиелі шежіресі» тарихи-танымдық анықтамалық жинақ кітапқа енген мақала ауданның жылнамасы іспетті. Осы кітапқа Өркен Исмаилдың әні мен өлеңін өзі шығарған «Шиелім» және өлеңін ақын Сәрсенбек Бекмұратұлы жазған «Ұлы дала ұланымын» әні де кірді.
Шиелі – талай ақын мен сазгердің шабытын шалқытып, ән мен жырдың арқауына айналған киелі өңір. Туған жер туралы елудің үстінде ән бар, ал өлеңдер қаншама?! Елімізде осыншама мол ән-жырға бөленген бірден-бір аудан, сірә, Шиелі болар. Сол шығармалардың бірі – шиеліліктер әрдайым айтып жүрген аяулы ән, жағымды әуен Өркен Исмаилдың «Шиелім» әні. Туған ел мен жерге деген аялы махаббат, сырлы сезім тыңдаушыны баурап ала жөнелгенде, ырғағы жеңіл тартымды әнге қосылып кетер едіңіз.  
Әнші-сазгер Өркен 30-дан аса өлең-ән шығарыпты. Солардың ішінде осы «Шиелім», «Жадыра», «Сыр ұланы», «Әйелдің жасын сұрама», «Қыздар», «Нау­рыз-ай», «Өшпес ерлік», «Милиционер көз ілмес», «Полиция маршы», басқа да өлең-әндері радио-телеарналарда әрдайым бе­ріліп, сахналарда, көпшілікте  ай­ты­лып жүр. Қазақстанның мәдениет қайраткері Өркен бірде сырнайды қолына алып әнге басса, енді бірде полицейлердің «Жалын» ансамблінің сапында сахнада шырқап тұрғаны. Осындай сан қырлы азаматтың мерейлі жасында ізгі тілек арнап, пейіл білдіру сыйластық жолы.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
Шиелі ауданының Құрметті азаматы.
Нұр-Сұлтан қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<