«Жердің сырын толықсып ай тыңдаған…»

1229

0

Сыр өңірінен шыққан талантты ақын, тұғыры биік тұлға Жүсіп Қыдыровтың туғанына 85 жыл. Ол сонау алпысыншы жылдары қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасымен келді. Олай дейтініміз, сол уақытта оның алғашқы өлеңдері республика жас ақындарының «Жырға сапар» атты жинағында басылған болса, көп ұзамай  «Тұңғыш кітап» атты туындысы оқырманға жол тартты. Сол 1964-1984 жылдар аралығында «Таңғы сәт», «Жұлдыздарға жол», «Сәуір лебі», «Шынарым – шырайлым», «Гүлқайыр», «Жанартау – жүрек», «Жібек жел», «Мың бір күн», «Салтанатым, шеруім» атты таңдамалы өлеңдері мен поэмалары, бұдан бөлек «Үкілі домбыра» атты күй жинағы жарық көрген.

Шығыс поэзиясының жұлдыздары – Ә.Рудаки, Ш.Хафиз, И.К.Физулидің, сондай-ақ П.Б.Шелли мен А.Блоктың шығармаларын қазақ тіліне аударған. «Мың бір күн» өлеңдер жинағы үшін 1984 жылы (қайтыс болғаннан кейін) Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты атанған. Сонымен қатар, Алматы қаласы көшелерінің біріне ақынның есімі берілген. Иә, қарап отырсақ, елу жасына дейін әдебиет әлеміне елеулі еңбек етіп, елдің  ыстық ықыласына бөленген ақынның шын мәнісінде шығармашылық қуатының орасан зор екендігіне көз жеткіземіз.

Ақын Жүсіп Қыдыров Жаңақорған ауданындағы Талап ауылында дүниеге келген. Ол «Туған ауыл» атты өлеңінде былайша толғанған екен:

Бүгінде болып алдың бар қиялым,

Мекені әулие мен әмбияның.

Қаратау бауырында жатырмысың,

Ауылым – асыл затым, алдиярым?

Сан ойды көтере алмай талды-ау белім,

Алаңсыз алтын күндер қалды-ау керім!

Көзімнен пыр-пыр ұштың бұлдырықтай,

Базарлы балалығым – бал дәуренім.

Ол орта мектепті бітірген соң Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне (журналистика мамандығы) түсіп, 1960 жылы бітіреді. Жоғары білімді жас маман әртүрлі баспасөз орындарында қызмет атқарып, шығармашылық ортаға талантымен танылды. Атап айтқанда, 1960-1966 жылдары «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1966-1967 жылдары Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясының дубляж бөлімінде аға редактор, 70-жылдардың соңы 80-жылдардың басында «Жалын» баспасында аға редактор болып қызмет атқарған.

Ақынның сүйіспеншілік пен махаббатқа толы туындылары тыңдаушысын керемет күйге бөлеп,  әдемі әсер қалдырады. Сол өлеңдердің бірінен үзінді оқысақ:

Не десе жұрт, о десін, айқын маған:

Жердің сырын толықсып Ай тыңдаған:

Сен де, сәулем, тыңдашы, бір сырым бар,

Бұрын-соңды өзіңе айтылмаған!

Түннен кейін көтерер күн еңсені,

Сол бір сөзде тірліктің құн-өлшемі.

Айтайын ба?

Айт десең – тыңда онда:

«Сүйем сені, сәулешім, сүйем сені!»

Ақынның тағы бір тамаша туындылары – Төлеген Айбергеновке арнаған өлеңдері. Соның бірі  «Төлегенге хат» деп аталады. Онда:

Осы хатты табыс ет Төлегенге,

(Беретін-ді бар жанын ол өлеңге.

Өртеніп кетті-ау деймін өз отына

Дүниеден сонша ерте жөнегенде.)

…Қолына бер, ұмытпа, шырақ тегі,

Сәлем атты дегейсің бұлақ, көлі.

Адресі ме? Адресі оңай оның:

О дүние. Жыр бағы. Жұмақ төрі.

Иә, осынау жыр жолдары арқылы ол Төлеген ақынның рухымен сырласқандай күй кешеді. Жаратылысынан жан дүниесімен жақсылыққа құштар ақынның мәңгілік ғұмыры жұмақ төрінде жалғасатынына шүбә келтірмейді.

«Ақынын ардақтаған ел азбайды» деген аталы сөз бар. Соның айғағы – бүгінде ақынның туған жері – Жаңақорған ауданына қарасты Талап ауылындағы №54 орта мектеп Жүсіп Қыдыровтың есімімен аталады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, биыл ақын Жүсіп Қыдыровтың туғанына 85 жыл толып отыр. Бұл орайда аймақ көлемінде ақын мұрасын насихаттауға арналған іс-шаралар өтіп жатыр.

Көктем келдi,

Өмiр келдi жерлерге жан баспаған,

Қанат бiттi қалықтар алғаш маған.

Күндiз-түнi тыңдаймын әндi аспаннан.

Көктедi қаулап көңiлiм,

Салтанатым, шеруiм.

Көктем келдi,

Жасаумен безендiрiп Күн даланы,

Махаббаттай алаулап гүл жанады.

Ынтығым бәйшешектей ырғалады,

Сен боп дiнiм, сенiмiм –

Салтанатым, шеруiм, – деп жырлаған екен ақын. Өзі өмірге келген өлкеде көктем мезгілі дәл осылайша даланы думанға бөлеп, Қаратау бөктерінде махаббаттай алаулаған қызғалдақтар қаулай өсіп шығатын күн де алыс емес.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<