Жоралғының жолы қандай?

406

0

Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Төл тарихын білетін, бағалайтын жґне мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу жґне болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деген еді. Бүгін біз қозғайтын тақырып – ғасырлар бойы сақталып келген, саф алтындай құндылығын жоймаған дґстүріміздің бір тармағы.

Апақ-сапақта үйіне қонақ келетін болған соң қара кемпір қораға жүгірді. Былтырғы қоңыр қозы пышаққа жарап қалыпты. Сүйретіп қорадан шығарды да, шеткерірек апарып, жерге жатқызды. Әлгінде қора аузынан қолына іле шыққан ала жіппен аяғын байлап тастады. Бес жасар Темірлан аулада ойнап жүрген. Қара кемпір немересінің қолынан жетектеп келіп, қолына пышақ ұстатты да, өзі оның қолының сыртынан ұстап күбірлеп тұрып, қойды бауыздап жіберді.

Жастайынан жесір қалды. Жалғыз ұл да әке жасына жетіп, өмірден өтті. Үйде еркек кіндіктіден тек Темірлан ғана еді. Міне, оны да қара кемпір азамат қылды.

Ал қазір жасы отыздан асса да қолына пышақ ұстап көрмеген талайды көрдік. Сіз ше, құрметтім? Мал сойып көрдіңіз бе?

«Пышағың өткір болсын!»

Насыр Рзаев – ес білгелі іргедегі Қоғалыкөлдің қасапшысы. Мал союға қатысты қай мәселе болмасын елдегілер білмегенін сұрайды. Одан бөлек, қазір кейінгі толқыннан бес-алты жігітті осы іске баулып келеді. Ұлы Ернұрды да мектеп жасынан машықтандырды.

– Мал бауыздарда ең бірінші пышағың өткір болсын. Жан­уарды өтпес пышақпен қинауға болмайды. Қайсыбір түлікті болмасын соярда жерге жығып байлағаннан кейін тұмсығын арқасымен бірдей етіп қойып алады да, көзін қолмен жабады. Пышақты жағынан жайлап сырғытып апарсаңыз, қажет тұсқа барады, сол жерден бауыздайсыз. Ал өз ізіне түспесе, басқа жерден бауыздайсыз да, тамақтағы екі без кеңірдекті қысып қалып, малыңыз тұншығып, арам өледі. Осыны ұмытпаған абзал, – дейді ол.

Жасыратыны жоқ, қазір жасы отыздан асса да тауық сойып көрмегендер көп. Қорасында түлігі түгел қазақтың әрбірі бұл ата дәстүрден ажырамаса игі. Насыр Рзаев қазір ауылда соғым сойса да, той-томалаққа мал сойса да сол жерден табылады. Оның айтуынша, малды жіліктерде де өзінің нүктесін таба білген жөн. Әйтпесе, шапқан сүйегіңіз қиқы-жиқы, етіңіз жартылай сылынған болып шыға келеді.

– Алла тағала шебер ғой. Барлығын өз орнымен жаратқан. Аяқты да, қабырғаны да, әрбір жіліктің ажырайтын өз нүктесі болады. Кейбіреулер сүйекті балтаны асырып шауып жатады. Одан жақсы нәтиже күтпей-ақ қойыңыз. Балтаны сүйектің үстін жартылай жабатындай етіп шабасыз. Содан соң бел омыртқаңыз шабатын жердің турасында тұру керек. Қол түзу көтеріліп, түзу түсу үшін осы амалды есте ұстаған ләзім. Бел омыртқаңыз қисық тұрса қанша күшті болғаныңыз­бен, балтаны діттеген жерге тигізе алмайсыз. Мәселе осында. Ал теріні сыпырғанның өзі үлкен өнер, – дейді Н.Рзаев.

Тәртіптен

тайқымау керек

Киіз үйдің ту сыртында шағын шұңқыр жататын. Оның бетіне ескі күпәйке тасталған. Ал тамақ істер кезде үй ішіндегілер дереу әлгі шұңқырға барады да, қаптан етін шығарып ала қояды. Бұл – байырғы мұздатқыш. Бәлки, көрген де шығарсыз?!

Киіз үйдің ішінде бақан тұрады. Оның үстіне күн батқаннан таң атқанға дейін қақталған етті іліп қояды. Киіз үйдің ішіне аздап от жаққан кезде түтіні етке тиіп, ол ысталады. Осылайша дайындалған етті қаптың ішіне салып, таңертең шұңқырға тастайды. Міне, етті бұзылудан атам қазақ осылай сақтаған. Бұл ауыл тіршілігінде беріге дейін кездесті.

– Малшы ауылда өстік. Дастарқаннан әлі де ет арылмайды ғой. Сол дәстүрді күнделікті тұрмыста кешеге дейін пайдаланып келдік. Сойылған малдың етін жіліктеп, үйге әкелген соң еттің арасын тіліп, тұз баратындай етесің. Содан кейін жақсылап тұз сеуіп, оның сіңуін күтесің. Әлгі бақанға іліп қоятының сол. Осылайша кептіріп аласың. Сүрленген ет осыдан шығады. Қазір сүр ет жеп жүрмеген шығарсың, ә?! Ол да қалып барады. Бірақ біз ұмытпас үшін қолданып келеміз, – дейді ауыл ақсақалдарының бірі Боранбай Қырданов.

Боранбай Сұлтанұлы аға­йынның арасында табақ тарту тақырыбында да алда жүрген азамат. Айтуынша, ел ағалары өзінің дәстүрден бар білгенін кейінгі жастарға үйретіп кету керек. Өйткені, өмір көшінде толқындардың алмасып отыратыны заңдылық.

– Әр жіліктің өз иесі болады. Табақ тартудың тәртібі де осыған негізделген. Бас табақ жасы үлкен қарттарға, аса сыйлы қонақтарға тартылады. Оған бас, жамбас, ортан жілік, белдеме сүбе қабырға, қойдың ұлтабары, жылқы етінен – қазы-қарта, жал-жая салынады. Екінші табаққа салынатын кәделі мүшелер алдыңғысымен пара-пар. Кейде мұны қос табақ деп те атайды. Одан кейінгі табаққа ортан жіліктен бастап, жауырын мен тоқпан жілік, қабырға, омыртқа салынады. Жастардың ең кәделі жілігі – асық жілік пен төс. Асық жілікті әдетте күйеудің жолдасы не қыздың жеңгесі кеседі. Ал төс күйеу балаға арналған. Бұны әрбір қазақ білуі тиіс. Сый табақ деп аталған келесі табақты құдалығы болмаса да сыйлас­тығы зор жандарға арнап тартады. Бұл табақта да ерекше кәделі мүшелер болады. Ал сол үйдің жақындарына келгенде тоқпан жілік пен кәделі мүшелер салынып, арнайы табақ даяр­ланады, – дейді ол.

Ел аузында қосымша тартылатын табақтың түрлері көп. 1990 жылы Алматыда жарық көрген «Үй-тұрмыстық энцик­лопедиясында» жеңге табақ, жезде табақ, беташар табақ пен бала табақ туралы айтылады. Жеңге табақты қайны мен қа­йын сіңлілері жеңгелеріне арнап дайындайды екен. Оған қойдың жамбасын, жауырынын, арқа белдемесін, сүбе қабырғасын, жүрек-бауырын, тоқ ішегін, бүйректерін салады. Деректерде, әрбірінің өз мәні бар дейді. Мысалы, бауыр, бүйрек салуы – бауырыңды бауырыңдай көр, жүрек – табысқан жүрегі бұрылып тұратын болсын, жамбас асуы – жолың үлкен шеше орнында сыйлаймыз, ішек-қарын қосуы – бауырымыз араласып, сыр жасырмайық дегені деп келтіріледі. Ал жезде табақта ортан жілік, жауырын, қабырға, белдеме, қарын, тоқ ішек, бауыр, жүрек, бүйрек, құйымшақ болады. Жезде табаққа салынатын сый-сыбаға негізінен «жеңге табақпен» бірдей, мұнда құйымшақ болады. Онысы балдыз қыздардың жездесіне көрсеткен әзіл-қалжыңы, назды қылығы. «Құйымшақ жеген қойшы болады», «сіз бізге қойшы боласыз» дегені. Бұл әзілді білетін қу жезделер білдірмей отырып, балдыз қыз­дардың біріне ұсына қояды. Оны байқамай алып қойған қыз жездеден жеңілген болып, оған киіт кигізеді екен. Осы тәрізді беташар табақ пен бала табақ та өз алдына зор мәнге ие.

…ортаға табақ келді. Жасы кішілеу жігіт отырды да, пышақты алып, етті турай бастады. Алдымен табақтағы кәделі мүшелердің етін азайтып, сол табаққа қарайтындарға біртіндеп ұсына бастады. Иә, ол кәделі мүшелердің әрбірінің өз маңызы бар. Сондықтан оны да жай таратып бере салмайды…

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз