Зульфия

597

0

– Сізге екінші қабатқа көтерілу керек.

Сыңғырлаған үнімен баураған сүйкімді бойжеткеннің қылығы былай тұрсын, дауысы жүрегімді елжіретіп жіберді. Сөйлеткен сайын сөйлете бергің келеді екен. Оның нәзік дауысы жан бойымды балқытып тұрған құдды бір құдірет дерсің.

Бір сәт тыныштық орнап үзіліп қалған әңгімені қайта жалғағысы келгендей сыңай танытып:

– Сіз де Абай оқуларына қатысушысыз ба?-деп сұрады.

Үнсіз бас изедім. Тілге келіп тұрғаным шамалы ед.

– Менің есімім – Зульфия. Шіркейліденмін.

Қолымды ұсынып тұрып, жинақ кітапшамды түсіріп алдым.

– Сіз тура фильмдегідей еттіңіз ғой. Атын ұмытып қалғаным. Онда бірақ жігіт өз есімін айту орнына қыздың есімін айтып қалады.

Қолымды қайта ұсынып тұрып:

– Аян, – дедім.

Осы күні өнер ордасы Алматыда қазақтың дәстүрлі әнін жақсы орындап жүрген жастардың бірі Зульфия Баймырзаевамен осылай мектептегі жылдарымда танысқанмын. Аудандық Абай оқулары байқауында керемет даусымен ән шырқағаны да есімде.

Көзімнің қарасы,

Көңілімнің сарасы…

Әннің қай тұста созылып, қай жерінде шорт кесілетінін жетік меңгерген бойжеткен сондағы жұртшылықтың жүрегіне жол тартқан. Үкілі домбырасын құшақтап, басына сәукелесін киіп, қазақы ою-өрнектермен әшекейленген қызыл қамзолы өзінің айтқан әнімен керемет үйлесімін тауып тұратын. Бірнеше мәрте аудандық, одан соң облыстық байқаулардың жеңімпазы атанды. Ауыл өнерпаздарымен қосыла бала күнінен әнге жақын болған Зульфияға ұстаздары бұл өнерді тастамауын тапсырды. Әлі де тек алға қадам басып, қазақтың мықты әншілерінің қатарынан көрінуін тіледі қалың ел. Ауылдағы мерекелік концерттерге жиналған жұртшылық Зульфияның сахнаға шыққанын асыға күтетін. Аудан орталығына ауыл-аймақтар концерт қояды. Сонда аудандағы ағайынның қошеметі де Зульфия ән шырқап жатқанда артқан үстіне арта беретін еді.

Бір ұстазымыз “әншінің де, журналистің де, кез-келген өнер адамының бойында әртістік қабілет болу керек” деп жиі айтатын. Бұл сөзге алғашында мән бермесек те кейін үйрене бастадық. Зульфияның кереметтігі сол, мектеп жасында-ақ образды шынайы сомдайтын. Кейбіреулер секілді әннің табиғатын түсінбей шырқамайды. Сол әндегі оқиғаның ішіне еніп, сол образды сомдап, кейіпкердің қыр-сырын жетік меңгергенін көрсетеді. Ол – театр әртісі емес. Бірақ оның бойында талант буырқанып жататын. Терме ме, жыр ма, дастан ба, барлығына бойлай енеді де шырқай жөнеледі. Үкілі домбыраның үні қазақтың қанын тулатып, шабытын шалқытатынын Зульфияның жүзінен аңғару қиын емес-ті.

Ақырып тұрған ақпан еді. Осыдан бірер жыл бұрын ару қала Алматыға жол түсіп, алып шаһарды аралап жүргенмін. Үлкен көлемді хабарландыру ілініп тұр. Көзіме оттай басылды. Зульфия… Иә, аудандық байқауда жолыққан сүп-сүйкімді Зульфия Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының 4-ші курсында оқитынын білдім. “Сөйлеші, тілім, жосылып” атты жеке концертін өткізбекші екен. Сол баяғы қалпы. Түк те өзгермеген. Жазбай таныдым. Астына халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты деп көрсетіпті.

Иә, Сырдария ауданының Шіркейлі ауылында өнердің бастау бұлағынан қанып ішкен ару қыз енді қазақтың мақтанышына айналды. “Халқымның өнері таусылмайды, өзіңдей өнерпаздар барда” дедім де жөніме жүре бердім.

Аян СПАНДИЯР.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<