Партия съезіне 20 делегат сайланды

1512

0

Қызылордада «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XXVIІ конференциясы өтті.

120-дан астам адам бас қосқан алқалы жиында партияның облыс бойынша сайлауалды бағдарламасы мен облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімі бектілді. Сондай-ақ Парламент Мәжілісіне үміткерлер арасында пікірсайыс ұйымдастырылып, қатысушы делегаттар таңдау жасады.

Облыстық филиалдың саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізіліп, өңірден партияның ХХ съезіне қатысатын 20 делегат сайланды.
Жиынға төрағалық еткен облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова күн тәртібіне сәйкес, бірінші болып бектілген сайлауалды бағдарламаныңмаңыздылығын атап өтті.


– 7 негізгі бағытты қамтыған сайлауалдыбағдарлама партия қызметінің алдағы мақсат – міндеттерін белгілеп, олардан күтілетін нәтижені айқындайтын құжат.Бағдарлама жобасы праймериз кезінде ресми сайтта жарияланып, 1 жарым ай көлемінде ашық талқыланды. Талқылау барысында тұрғындардан мыңға жуық ұсыныс түсіп, олардың 83 пайызы бағдарламаға енгізілді, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.


Жиында ең жоғары рейтингі бар праймеризге қатысушылар қатарынан облыстық мәслихатына 53 кандидаттан тұратын партиялық тізім түзілді. Ондағы әйел азаматтардың саны 3 есе артқан. 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 15 пайызға жетіп отыр. Үміткерлердің орташа жасы 8 жасқа төмендеген. Ал қызметтегі депутаттардың 12-сі ғана жаңа тізімге енгізілген.


Конференция барысында Мәжілістегі партиялық тізімге үміткерлер арасында пікірсайыс өтті. 11үміткердің ішінен партиялықтар «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы өңірдің өкілдік квотасына сәйкес 3 үміткерді таңдады.


Көп дауыс жинағандар қатарында қызметтегі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева, СПК «Байқоңыр» АҚ-ның тәуелсіз директоры, Ғалым Әміреев, «ҚазПочта» АҚ, Қызылорда облыстық филиалының директоры Аида Әбибуллаевалар бар.
Олар конференция шешімімен мәжілістің партиялық тізіміне енгізілуі үшін съезге ұсынылады.


Жиын соңында басқа жұмысқа ауысуына байланысты «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы саяси кеңес құрамынан Ақмарал Әлназарова, Сұлтан Мақашов және Талғат Тілес шығарылды. Олардың орнына «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова, «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Талғат Дүйсебаев және «Jas Otan» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Әлшер Қардашов енгізілді.


Конференция жұмысына Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандық филиалдарынан сайланған делегаттар бейнебайланыс жүйесі арқылы қатысты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<