«Ендігі міндет – заманға сай әрекет ету»

2441

0

16 желтоқсан – сан ғасыр аңсаған ата-баба арманы орындалған күн. 1991 жылы осы күні Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады. Бұл заң 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге елдігімізді нығайта түсті. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік алған күн мен Республика күнінің ара-жігін ажыратып, 25 қазанды «Республика күні», ұлттық мереке ретінде бекітті. Ал «Тәуелсіздік күні» – мемлекеттік мерекеге айналды. Осылайша, әр мерекеге тарихи баға беріліп, халық санасына қозғау салатындай бағдар көрсетілді. Айтулы күн қарсаңында философия ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Баймырза Қожамберлиевпен ата-баба аманаты – Тәуелсіздіктің мәнін ұғыну тақырыбында сұхбаттастық.

– Баймырза Қожамберліұлы, ең басты мемлекеттік мереке қалай атап өтілгені дұрыс?

– Тәуелсіздік – қазақ дүниетанымындағы қасиетті ұғым. Еркін ел болу бақыты қазақ халқына бұйырып отыр. Өзімізді егемен, әлемдік қауымдастықта өз орнын алған елміз деп айта аламыз. Әйтпесе, қазақтан саны бірнеше есе көп болса да, әлі тәуелсіздік ала алмай отырған ұлттар бар. Мұны неге айтып отырмын? Қазіргі таңда халқымыздың көпшілігі осы Тәуелсіздіктің мәнін түсіне алмай жүрген сияқты. Кейбірі тәуелсіздік бізге өзінен-өзі келді, КСРО ыдырап, барлық республикалар бөлініп, солардың қатарында Қазақстан да еркіндік алды деп санайды.

Сәл тереңіне бойласақ, бұл – теріс ұғым. Себебі, патша дәуірінде де, Кеңес Одағы кезінде де тәуелсіздікке деген ұмтылыс халықтың едәуір бөлігінде қалыптасты. Бірнеше жүз жыл отаршылдық тарихында еліміздің батыс аймақтарының өзінде 400-ге жуық ұлт-азаттық көтерілістер болған екен. Сондықтан Тәуелсіздікке жету жолында қаншама қан төгілгенін жете түсінген дұрыс.

Кешегі кеңес дәуірінде де еліміз бодандықта болды. Сондықтан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында жастардың алаңға шыққанын мен көтеріліс деп айтар едім. Жастар алаңға ұлт азаттығы үшін шықты. Көтерілістің астарында тіліміздің аяққа басылғаны, аясы тарылғаны, ұлтымызды кемсітушілік, ұлттық мәдениетіміздің дамуының шектелуі секілді мәселелер бар еді. Қаншама жастарымыз жазаланды, оқудан шығарылды, жұмысынан қуылды. Бұл көтеріліске зиялы қауым өкілдері де қатысты. Кейін олар да қудаланды. Сондықтан тәуелсіздікке жету оңай болған жоқ. Кеңес Одағының өзге елдерінде болған көтерілістерге Желтоқсан оқиғасы серпін берді. Солардың барлығының бастауында қазақ жастары тұрды. Салдарынан үлкен империя ыдырады.

Тәуелсіздік мерекесін қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры ол қоғамның, сол мемлекеттегі жергілікті ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Басты байлық жай ұлттық мүдде емес, азаматтардың мүддесі мен қажеттілігі. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде жатыр.

– Қазір Тәуелсіздік күніне қатысты екіұдай пікір бар сияқты ма? Сіздің ойыңыз қалай?

– Биылғы шілдеде өткен Ұлттық құрылтайда Президент Республика күнін ұлттық мереке, Тәуелсіздік күнін мемлекеттік мереке деп жариялауды ұсынды. Біздің Тәуелсіздігіміз мемлекеттік декларация қабылдаудан басталады. Кейін оны Республика күні деп атады ғой. Декларация біздің тәуелсіздігімізге жол ашты. Қазір екі мереке қабат келіп отырғандықтан, түсінбеушілік те болып жатыр. Бірақ, Егемендік туралы декларация Тәуелсіздік бастауы десек те, Тәуелсіздік жариялаған күн басқа. Сондықтан бір шешімге келетін уақыты болды деп ойлаймын. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздік туралы заң қабылданды. Бұл мәселені бұрын да айтып жүргенмін. Мысалы, көршіміз Өзбекстанның өзі тәуелсіздік күнін өте жоғары деңгейде мерекелейді. Апта бойы тойлайды. Ал, бізде желтоқсанда халықтың басым көпшілігі жаңа жылға дайындалады. Шыршаны 4-5 желтоқсаннан бастап тігіп қояды. Мүмкін Тәуелсіздік күнін де кейінге ысырған дұрыс шығар.

 Жалпы халық арасында түрлі көзқарастың болуы заңдылық. Көз жасы мен күлкіні, аза тұту мен ән салып, би билеп, тойлауды араластыруға болмайды. Дәл осы күні біреулер Тәуелсіздік күнімен құттықтап жатады, екіншілері – осы күндері Желтоқсан және Жаңаөзен құрбандарын еске алып, Құран бағыштайды. Мысалы, 25 қазан күні қаншама іс-шара өткіздік. Ал Тәуелсіздік күні қалай атап өтіліп жатыр? Оған қоса, 17 желтоқсан демократиялық жаңару күні деп те айтылып жүр. Осындай себептермен Желтоқсан оқиғасы да біртіндеп ұмытылып кетпесе деп ойлаймын. Бірақ желтоқсаншылар бар кезде ұмытылмайды ғой. Мүмкін оны да бөлек мемлекеттік дата қылған жөн шығар. 2011 жылдың 16 желтоқсанында Жаңаөзенде қан төгілді. Ол күн жалпыұлттық трагедия күні болып қала бермек. Сонымен бірге, келесі күн – 17 желтоқсан да 1986 жылдан бері халық санасында желтоқсан көтерілісі күні болып қалыптасып қалды.

Желтоқсан оқиғасының ақиқаты әлі толық ашылған жоқ. Кейбір баптар бойынша іс қозғалып, әлі де ақталмаған азаматтар бар. Айталық, Желтоқсан оқиғасынан кейін өлім жазасына кесіліп, жазаның орындалуын камерада 345 күн күткен, ақырында аман шыққан Мырзақұл Әбдіқұлов деген азамат бар. Ол – өлім жазасына кесілген екі қазақтың бірі. Екіншісі, Қайрат Рысқұлбеков жұмбақ жағдайда қайтыс болды ғой. Әлі күнге дейін желтоқсаншы статусын ала алмай жүр. Осындай түйткілдер көп. Сондықтан, екі мерекенің аражігін ажырататын уақыт болды. 16 желтоқсанда Тәуелсіздік туралы заңның қабылданғаны да рас. Бұл да – тарихи мәні бар күн.

– Біз осы уақыт ішінде қандай жетістіктерге жеттік?

– Көптеген жетістіктерімізді айта аламыз. Ең бастысы – қазақ ұлты еңсесін көтерді. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды. Қазақ ұлтының өркендеуіне, мәдени, рухани, әлеуметтік жағынан дамуына кең жол ашылды. Әлемде Қазақстан мемлекеті ойып тұрып орнын алды.

Егемендіктің тағы бір ерен жеңісі – шекарамыздың бекігені. Шекарамыз айқындалып, заң жүзінде бекітілді. Халықаралық деңгейде танылған және тиісті түрде ресімделген шекара – тәуелсіз мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігінің негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көп жылға созылған күрделі де ауқымды жұмыс болашақ ұрпаққа мұра болып қалатынын айтқан еді.

Әрине, бұл жылдарда көптеген кемшіліктер болғанын да атап өтуіміз керек. Оның бір көрінісі – кешегі қаңтар оқиғасы. Қаңтар оқиғасы бізге көптеген нәрсенің бетін ашып берді. Қоғамда үлкен рухани серпіліс болды. Азаматтарымыз өзінің ой-пікірін ашық айта бастады. Бұған дейін сөз бостандығы болған жоқ деп айта алмаймыз. Қанды оқиғалардың ұмытылмас азабы мен шері бар, бірақ қаңтар қасіреті қазақ еліне сын болумен қатар, қоғамдағы ашықтықты жаңа белеске көтерді. Бұл сындарлы шақтан сабақ алу, алдағы уақытта оның қайталануына жол бермеу қажет.

Шынында, Тәуелсіздік жылдары кеткен кемшіліктеріміз көп. Әуелі экономика, сосын саясат деп жүрдік. Осы қағидадағы саясатдеген екінші ұғымның «қақпағы»қазір ашылып отыр. Себебі, саясат дегеніміздің өзі – экономика. Дұрыс саяси жүйе болған жерде ғана экономика дамып, халықтың әл-ауқаты көтеріледі.

– Демек, біз қоғамдағы саяси реформаларды кешеуілдетіп алдық па?

– Әрине. Ендігі міндет – қоғам күрделене түскен тұста елді басқару жүйесін де тиімді, тұрақты, қазіргі заманға сай ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезекте саяси реформаларды қолға алды.  Айталық,  сайлау  туралы,  саяси партиялар туралы заң қабылданды. Бұл бағыттағы жұмыстың жолға қойыла бастағанына кешегі өткен сайлау дәлел.

Сайлауда Президент халықтың сеніміне ие болды. Мен ұлықтау рәсіміне қатыстым. Сонда Мемлекет басшысы халық сенімін ақтау басты міндет екенін айтты. Өйткені сенімге ие болу қиын, айырылу өте оңай. Оған қоса, халықтың да көңілі алай-түлей. Қаңтар оқиғасына да объективті баға берілді деп айта алмаймын. Жалпы, қордаланған мәселелер көп. Мемлекет басшысы осыны терең түсінеді деп сенемін.

Қазіргі геосаяси ахуал да қиын. Мұның барлығы әлемдегі жағдайдың тұрақсыздығын көрсетеді. Осындай қиын-қыстау кезеңде Мемлекет басшысы реформаларға жол ашты. Алдағы жылы Парламент пен жергілікті мәслихаттар сайлауы өтеді. Халық Парламентке адал, таза, ұлттық мүддені бірінші орынға қоятын азаматтар барады деп үміт күтіп отыр. Сондықтан алдағы сайлаудан да күтеріміз көп.

Ендігі мәселе – халықтың саяси белсенділігі керек. Азаматтардың өзіндік позициясы қалыптасуы, құқықтық, қаржылық сауаттылығы артуы тиіс. Бірлескенде ғана қоғамдағы мәселені шеше аламыз. Соңғы уақытта болып жатқан өзгерістер үмітімізді оятқан сияқты. Көп нәрседен үміттіміз. Халық бұдан әрі қоғамда болып жатқан келеңсіздіктер мен кемшіліктерге төзуге болмайтынын түсінді. Мұны кешегі сайлауға халықтың қатысуының өзі көрсетті. Облысымыз республикада алдыңғы орында болды. Яғни, халық өзгерістерге сенеді. Ең бастысы, осы сенімнен айырылмауымыз керек.

Біз мықты Президентімізді сайлап алдық. Мемлекет басшысының өзі кешегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында нақты міндеттерді ашық айтты. Біз қоғамның шынайы бейнесін осылай көрсетуіміз керек. Кешегі қаңтар оқиғасынан да Үкіметіміз сабақ алуы тиіс. Себебі халық – қоғамның қозғаушы күші. Халық қоғамды дамыта да, дамуын тежей де алады. Халықпен санасқанда ғана алдағы мүдделерімізді орындай аламыз. Барлық  салада аяқастынан ауқымды өзгерістер бола қоймас. Бірақ саясаттануда саяси уақыт, саяси кеңістік деген ұғымдар бар. Біздің қазіргі саяси кеңістігіміз белгілі. Ендігі уақытты тиімді пайдалану керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<