«Кәсіпкерлер кез келген уақытта тексеру болатынын білуі керек»

2132

0

Дәл қазіргі кезде салық тақырыбына қатысты мәселе қызып тұр. Әлі де көптің көкейін мазалап жүрген мәселелер жетерлік. Осы ретте біз Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновпен сұхбаттасқан едік.

– Фердоуси Әбілқасымұлы, жыл басынан бері мобильді аударымнан бас тартқан кәсіпкерлер саны артуда. Оның себебін немен түсіндіресіздер? Бұған дейін 3 жыл бойы шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланып келді. Енді мораторий тоқтап, тексеріс басталған секілді…

– Мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлікті анықтауға бағытталған. Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауар мен қызмет үшін төлемдерді мобильді аударым арқылы алады. Алайда бұл аударымдар бақылау-кассалық машиналарын, Post-терминалдарды, QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі, фискалды чектер ұрылмайды. Соған сәйкес, тұтынушылар құқықтары бұзылады. Бұл жерде бір нәрсені түсініп алған жөн. Мобильді аударымдардың барлығы бірдей тексерілмейді. Түрлі адамдардан үш ай қатарынан ай сайын жеке банктік шотқа 100-ден астам аударым жүргізілген тұлғалар жатады. Бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейді және жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталғанына назар аударамыз. Бұл ретте, жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады. Туыстарына, достарына, ата-аналар мен балаларға көмек, сондай-ақ басқа да өмірлік жағдайларға байланысты төлемдер жасай алады. Кәсіпкерлердің қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдамау фактілері орын алып жатқаны рас. «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңының 25-бабында төлемдерді жүргізудің бірнеше тәсілдері көрсетілген. Соған сәйкес, кәсіпкерлердің қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тартуы заңсыз және тұтынушылардың құқығын бұзады. Бұл жөнінде тұтынушы бейнетіркеумен (видеофиксация) расталған фактіні салық органына хабарлауға құқылы. Ал егер көрінеу жалған ақпарат хабарлаған болса, онда заң аясында жауапкершілікке тартылатынын ұмытпағаны абзал. Заң бұзған кәсіпкерге ескерту жасалып, 1 жылдың ішінде қайталанған болса, айыппұл салынады. Оның көлемі 40-100 АЕК мөлшерінде.

Мораторийге келетін болсақ, осыдан үш жыл бұрын Президент енгізген шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторий бизнеске, пандемия кезінде  кәсіпкерлерге көп көмек болды. Өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілері өндірген тауар мен көрсеткен қызмет түрі едәуір өсіп, 2022 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 123,2 пайызға артып отыр. Мұндай көрсеткіш кәсіпкерлер мен жергілікті билік өкілдерінің арасындағы жолға қойылған байланыстың нәтижесі деп ойлаймыз. Дегенмен, мораторий аяқталды. Қалай болғанда да кәсіпкерлер кез келген уақытта тексеру болатынын білуі тиіс. Соның ішінде маңыздысы – кәсіпкерлер барлық талаптар мен заңдылықтарға сай болып, өздеріне қатысты бизнес-процестердің заң талабына сай жүруін қамтамасыз етуі керек.

Салық – мемлекет қазынасы. Оны төлеу әрбір азаматтың міндеті саналады. Алайда салықтан жалтаратындар жайлы не айтуға болады? Жалпы салық төлеу мәдениетін арттыру үшін қандай шаралар жасалу керек? Мүмкін кәсіпкерлерді ынталандыру керек шығар?

– Жалпы ел экономикасының дамуы, соның аясында мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған кешенді шаралар өз жемісін беруде. Салық төлеушілердің саны мен түсім көлемі де жыл сайын көбеюде. Тек 2023 жылдың ішінде мемлекеттік бюджет түсімі 95,6 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсім 17,6 млрд теңгеге артып отыр. Бүгінгі күнге қаламызда шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 38 737, оның ішінде заңды тұлға – 7903, дара кәсіпкер – 30 834.

Өкінішке қарай, заңнаманы сақтамай мемлекет алдындағы талаптарын орындауда керітартпа әдіске баратын салық төлеушілер жоқ емес. Ондай жағдайда заңмен қаралған бақылау арқылы салықтан жалтаруға тосқауыл қойылып,  берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады. Айталық, касса және банк шоттары бұғатталады, олардың дебиторларына және банк шоттарына инкассалық өкім қойылады, мүлкін сату есебінен салық берешегі өндіріледі. Былтыр борышкердің банк шоттарынан инкассалық өкім арқылы және олардың дебиторларынан 1,3 млрд теңге салық берешегі алынды. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 4532 салық төлеушіге хабарлама жіберіліп,   нәтижесінде  бюджетке 4,6 млрд теңге  өндірілді.

Қазіргі уақытта салық төлеушілердің көпшілігі адал жұмыс жасауға ынталы, өйткені бизнестің өзі көлеңкелі бизнеске қарағанда ашық салық төлеуші болудың дұрыс және тиімді екенін анық түсінді. МКК тарапынан бизнесті  цифрландыру мақсатында пилоттық жобалар енгізіліп, cалық төлеушінің жұмысын женілдету үшін цифрлық технологиялар ұсынылып, қолданылуда. «E-Salyq Business», «E-Salyq Azamat», виртуалды қойма, тауарларды таңбалау, электронды счет фактура, «Астана-1»АЖ, үш құрамдасты интеграцияланған жүйе. Бұл аталған мобильді қосымшалар кез келген қызметті үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді және уақыт үнемдейді. Салық төлеушілердің мәселелерін одан әрі жеделдету үшін екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, банктік қосымшалар жаңа сервистер де қосылды.

– Жалпыға бірдей декларациялау қалай жүруде? Оның кезең-кезеңімен жүзеге асатынын білеміз. Биыл кімдер қамтылады?     

– 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Жалпыға бірдей декларациялаудың 3-кезеңі аясында декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары (зайыптары), дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары (зайыптары) 15 қыркүйекке дейін тапсыруға міндеттеледі. Аталған декларацияларды «Салық төлеушінің кабинеті» арқылы (cabinet.salyk.kz), «Электрондық Үкімет» порталы (egov.kz), сондай-ақ «AppStore» немесе «Play Market»-тен «e-Salyq Azamat» және «eGov mobile» мобильді қосымшаларын жүктеу арқылы тапсыруға болады.

– Әңгіме ауанын тағы да салық тақырыбына ойыстырсақ. Бізде қазақстандықтар төлейтін салықтың түрі көп екен. Білуімше 76 түрі бар. 30 жыл ішінде салық саласы бірнеше реформаны бастан өткергенін де білеміз. Бірнеше рет заңға өзгерістер енгізілді. Биылғы кодексте қандай өзгерістер бар?

– Президент  Жолдауында жаңа экономикалық бағдардың басты басымдықтарын атап өткен болатын, яғни 2024 жылы салық заңнамасына енгізілген өзгерістер күшіне енді. 1 қаңтардан бастап елімізде сын-қатерлерді басқару автоматтандырылған жүйесі істейтін болады. Оның көмегімен тексерістер тек сын-қатер, яғни берешек және айыппұл табылғанда немесе салыққа байланысты бұзушылық пайда болғанда ғана белгіленеді. Мемлекет бұл арқылы бизнес тексерістерін екі есе төмендетіп, айыппұл санын азайтуды көздеп отыр.

2024 жылы жаңа есептік көрсеткіштер мен заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бірыңғай жиынтық төлем қолданыстан шықты, ал жұмыс берушілер енді жұмыскерлер үшін зейнетақы жарнасын өз қаражатынан төлейді. 2024 жылғы есептік көрсеткіштер минималды есептік көрсеткіштер «Республикалық бюджет туралы заңда» бекітіліп, жыл сайын жаңартылып отырады. Еңбекақы, зейнетақы, салықтар, айыппұлдар, жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер және тағы да басқа төлемдер осы көрсеткіштерге сәйкес есептеледі.    

Сонымен қатар, 2019-2023 жылдары Қазақстанда Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) қолданылған болатын, оның құрамына табыс салығы, әлеуметтік аударымдар, зейнетақы жарнасы және МӘМС сияқты төрт міндетті төлем кірді. БЖТ-ны жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, жұмыскерлері жоқ және тек жеке тұлғалармен жұмыс істейтін кәсіпкерлер ғана төлейтін. 2023 жылғы 31 желтоқсаннан бері бірыңғай төлем қолданылмайды, сол себепті БЖТ төлеушілер жеке кәсіпкерлік ретінде тіркеліп, салық режимін таңдауға міндетті. Одан бөлек, салық тексерістері бойынша, салықтық зерттеп-қарау құжаттары, камералды бақылау нәтижелері, бірыңғай декларация тапсыру мерзімі, бөлшек салықтың арнаулы салықтық режимдеріне байланысты, арнаулы экономикалық аймақтар қатысушыларына арналған салық жеңілдіктері, арнаулы әлеуметтік төлем бойынша да көптеген өзгерістер қолданысқа енгізілді.

– Сарапшылардың пікірінше, салық жүйесінде өте көп өзгерістер болады. Заңдағы өзгерістердің көптігінен кәсіпкерлер қандай салық төлейтінін де білмей, соның салдарынан айыппұл төлеуге мәжбүр. Былтыр QR орнатқан кәсіпкерлер енді одан бас тартып, алып тастап жатыр екен.  Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Салық жүйесіне өзгерістер енгізіліп жатқаны рас. Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жүргізілетін тексерулер бойынша нормалар алынып тасталады. Осыған байланысты Салық кодексінің 146-бабының 8-тармағына мемлекеттік кірістер органдарының хронометраждық тексеру жүргізу мерзімін 30 жұмыс күнінен артық ұзартпауды көздейтін өзгерістер енгізілді. 158-бабының 3-тармағына салық төлеуші куәгерлерді тарта отырып хаттама (акт) жасау арқылы оны алудан бас тартқан кезде салықтық тексеру актісін тапсыру рәсімін регламенттеуді көздейтін өзгерістер де қосылды. Сонымен қоса QR – Kaspi, Halyk банк аударымдары бойынша кәсіпкерлердің басты сұрақтарына тиімді салық режимі қолданысқа енгізілгендігін айтқым келеді. Осы режимді қолдану кезінде қалалық мәслихаттың 2023 жылғы 30 маусымдағы шешімімен 2% болып бекітілген. Қазір бөлшек салық режимімен 52 салық төлеуші жұмыс жасауда. Себебі осы режимді қолданатын субъектілер, айналым мөлшеріне қарамастан, әлеуметтік салық пен ҚҚС төлеуші болып табылмайды. Экономикалық қызметтің жалпы тізбегі негізінен жеке тұлғалар үшін тауарларды сатуға және қызмет көрсетуге бағытталған 190 қызмет түрі кіреді. Оның ішінде бөлшек сауда, автомобильдер, киім-кешек пен жиһазды жөндеу, ағаш өңдеу, сырлау және сылақ жұмыстары, жолаушы тасымалы, сондай-ақ қоғамдық тамақтану және т.б. қызмет түрлері қолдана алады.  Бөлшек салықтың АСР (арнаулы салық режимі) тіркелмей, табыс көлемі жыл көлемінде 73 840 000 теңгеден асатын жағдайда Салық кодексінің 82-бабына сәйкес қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелуі қажет. Егер табыс көлемі жыл көлемінде 73 840 000 теңгеден асып, ҚҚС тіркеу есебіне тіркелмей жұмыс жасаған жағдайда (ӘҚБтК 275-бабы) есепке қойылмаған кезең үшін айналым сомасының 15% мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<