Мемлекет құру жолындағы тарихи қадам

1170

0

Республика күні – халықтың жанына жақын мереке. Бұл мерекенің маңызы басқа мерекелерден өзгерек. Егін пісіп, еңбек жемісін теретін күз жомарттығымен бірге жеткен қуанышты күн жадында ерлердің ерен ісі мен ұлтын сүйген жансебіл күресінің жаңғырығы жатыр.

Біз осы мереке алдында Сыр елінің сындарлы азаматы, саяси ғылымдар докторы, профессор, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Мұрат Бақтярұлымен сұхбат құрған едік.

– Мұрат Бақтиярұлы, 1990 жылдың 25 қазанында «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы қабылданғанын білеміз. Мұның мәнісі не, ол қалай қабылданды?

– Декларацияны қабылдау үшін алдымен мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия құрамында Салық Зиманов, Серікболсын Әбділдин, Жабайхан Әбділдин, Әбіш Кекілбай, Сұлтан Сартаев секілді заң ғылымын жетік білетін ірі тұлғалар болды. 15-25 қазан күндері қызу талқы өтті. Мәселен, декларацияға «Қазақстан Республикасының халқы» деп жазамыз ба, «қазақ халқы» деп жазамыз ба деген сөздің айналасында зиялылар «қазақ халқы» деп жазу керек, басқа халықтар ел иесі, қазақ халқының айналасына топтасу керек деген пәтуа жасасты.

Декларацияда Қазақ КСР өзінің ішкі, сыртқы саясатын дербес жүргізуге құқылы, шетелдермен тікелей қарым-қатынас орната алады деп көрсетілді. КСРО құрамында тұрған еліміздің экономикалық дербестігі жоқ болатын. Декларация бойынша осы дербестікке еліміз алып империя құрамынан шықпай тұрып-ақ қол жеткізді.

Дәл осы тұста біз жоғарыда аталған азаматтар ұлт перзенті есебінде парыздарын адал орындап шықты, ерлік іс жасады деп толық айта аламыз.

– Тоталитарлық жүйе біздің егемендік алуымызға қарсы тұрмады ма?

– Тоқсаныншы жылдары Балтық жағалауы елдері тәуелсіздігін жариялады. Екі-үш миллионнан ғана халқы бар шағын мемлекеттерге бұл қадамға бару қиын болған жоқ. Осы кезде Еуропадағы социалистік мемлекеттер бұл жүйеден шығып, екі Германия бірікті. «Сіз не дейсіз» деп отырмай қазақ зиялылары да осындай абыржы шақты табандылықпен өз пайдасына шешу үшін күресті.

Дегенмен, 60 пайыздан астам өзге ұлттар тұратын Қазақстанның негізгі тетіктері КСРО билігінде қалып тұр еді. Сондықтан бізге тәуелсіздік оп-оңай келе салған жоқ.

– Тәуелсіздік пен егемендікті екі бөлек нәрсе деп қарастырамыз ба?

– Егемендікті қазақ халқының сан жылғы күресінің ақиқатқа айналуы десек болады. Ол тәуелсіздіктің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Сонда бұл екеуі де елдігіміздің ең басты мақсатын, құқықтарын айқындап берді.

– Ендеше, тәуелсіздік пен егемендіктің екі бөлек аталып өтілу мәніне тоқталсаңыз…

– Егемендік тәуелсіздікке жол ашты. Толық тәуелсіздікке жеткен, тарихи құжатқа қол қойылған 1991 жылдың 16 желтоқсаны Тәуелсіздік күні болып қалды.

Алайда, екеуін бір мереке есебінде тойлауға әбден болады. Менің мұндай ойға келу себебім бар. 1986 жылы 16 желтоқсанда қазақ жастары республика басшысын тағайындаған КСРО шешіміне наразылық білдіріп, тоталитарлық жүйеге қарсы шықты. Бұл қазақ халқының тәуелсіздікке ұмтылған күрестерінің бір көрінісі болды. Желтоқсан көтерілісі Балтық жағалауын толқытты, Латвия, Литва, Эстонияның тәуелсіздік алуына дем берді. Сол кезде Алматының орталық алаңына шыққан жастар қатаң жазаланды, қан төгілді. Ал қудалау бүкіл ел аумағында жүргізілді. Сондықтан бұл күн аза тұту күні болып қалып, азаттық алған күнімізді 25 қазанға көшіру дұрыс болар еді.

Ел Президенті бұл күнді бекерден-бекер ұлт рухын, ұрпақ мерейін өсіретін мереке деп атап отырған жоқ.

– Егемен еліміздің бүгіні мен болашағы туралы бірер сөз. Елге тілек…

– «Ер – елінде, гүл – жерінде» дейді бабаларымыз. Гүл көркемдігі қоса айтылған бұл керемет сөз бақытты, жайнаған елі бар ер – еңселі, үстем деген ойға жетелейді. Қаншама халық өз егемендігін ала алмай, әлеуетті мемлекеттердің боданы болып отыр.

Біздің еліміздің әуелі патша үкіметі, сосын Кеңес билігінің қол астынан шығу арқылы егемендікке жеткені анық. Қазақ қай кезде жауынгер, азатшыл ел болған. Рухты жұрт еркіндігі үшін сан ғасыр бойы күресіп, арман болған сол мақсатына жетті.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болу керектігін айтты.

Осылайша, Республика күнін мерекелік күнтізбеде қайта жаңғырту – жаңа Қазақстан өкілдерінің өз тарихи бастауын мойындауы мен ұрпақтар сабақтастығының, мемлекеттік тәуелсіздік жолындағы халқымыздың тарихи еңбегі мен еркіндігін құрметтеудің символы болып қалыптаспақ.

Біз бүгінде жаңа Қазақстанды құрып жатырмыз. Елімізді әлемдік қауымдастық әлдеқашан мойындады. Қазақстан – Орталық Азия бойынша сыртқа саясаттағы ең ірі мемлекет. Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірі бойынша кейбір көршілеріміз игере алмай жүрген нарықтық қатынастарға дұрыс бағытта көше білдік. Өйткені, мемлекет бәсекелестік ортаға араласпайды, бұл – нарықтың негізгі заңдарының бірі.

Ертеңгі ұрпақ бақытты өмірінің байрақты жолын тануы тиіс. Сол үшін де Республика күні мерекесінің маңызы зор. «Отбасы – шағын мемлекет», әр отбасында бірлік, береке болса, тірлік те түзу, бақыт та баянды бола береді.

Сыр елінің азат ұрпақ өсіріп отырған әрбір азаматына келешегіміз кең, өрісіміз өркенді болсын деген тілек білдіремін.

Сұхбаттасқан

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<