«Өмірімнің ұмытылмас дәурені Қызылордада өтті»

2909

0

Надежда Лушниковамен

онлайн-сұхбат

Қазақ сөз өнерінің жүйрігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, атақты ақын Надежда Лушникова 80 жасқа толып отыр.

Алматы облысы Ұзынағаш ауы­лында тұратын апайды ме­рейжасымен құттықтап, теле­фон шалдық.

– Надежда апа, бұл Қы­зылордадан, «Сыр бойы» газе­тінен.

– Алтындарым, жарығым, жән­дерім сол! – Апай айналып-толғанып жатыр. – Балам, сен былай қыл, редакцияның әр есігінен кіріп менің атымнан сәлем бер. Қияға ұшырған қарашаңырағым ғой менің…

Әрі қарай апайдың даусы еміс-еміс естілді. Сексенге кел­ген адамның сағыныш сезі­мін түсінуге тырысып, мен де бір сәт үнсіз қалғанмын.

Сосын телефоным тағы сөйлеп берді.

– Мен Мәншүк Мәме­това атын­дағы педучили­ще­ні бітір­ген соң, қала ірге­сін­дегі «Киров» совхо­зының №143-мек­тебінде мұғалім бол­дым. Осы жерден мені Сыр­дария аудандық ком­со­мол комите­тіне қызметке ша­­қырды. Сосын пед­инсти­тут­қа түстім. Пед­инсти­тутта Серік Серма­ғанбетов­пен, бү­гінгі академик Бақберген Дос­­ман­бетовпен бірге оқы­дым. Бақберген 1-курстан кейін оқуын Мәскеуде жал­ғас­тырды. Серік кейін қа­зақтың беткеұстар ақында­рының біріне айналды ғой. Институтты бітірген соң об­лыстық «Ленин жолы» га­зетінің мәдениет бөліміне тілші болып бардым. Газет редакторы Ұзақ Бағаев еді, білімді, салиқалы ақылды адам. Біздің журналистикадағы ұс­тазымыз – сол кісі. Досмағанбет Тасекеев, Бөлебай Әлменов, Мырқы Исаев се­кілді белгілі қаламгерлермен қатар қызмет еттім. Мырқы өте тез жазатын, өнерді, өлең­ді ерекше бағалайтын, содан болар, екеуміз жақын дос бол­дық. Мирамбек деген кіш­кентай баласын үнемі қасы­нан тастамай ертіп жүретін. Сол Ми­рамбек бүгін­де белгілі азамат атанды, әкесінің дос­тығын біздің отбасы­мызбен жалғастырды.

Осы газеттің шаңырағында қызмет еткен жылдарымда өмірлік жарым Тұрлыбекпен бас қостым. Ол екеуміз Ұзын­ағашта, бала кезімізден бірге өскенбіз, әскерден соң мені іздеп келді. Қазіргі Асқар Тоқ­мағанбетовтің атымен ата­латын мәдениет үйінде өнер адамдары дүрілдетіп қазақы той жасады. Асқар ақын жыр арнады, театрдың бір артисі бетімді ашты, атын ұмыттым, алтыным.

Сосын «Сырдария» мей­рам­ханасында комсомол жас­тар тойы өтті. Қалалық ком­сомол комитетінің төрағасы Абылай Айдосов ағамыз бо­латын. Ол кезде төраға де­мей­ді, председатель дейді, сол кісі өзі бастап сөз сөйлеп, тілек айтты. Ақын Жанұзақ Қожабергенов өлең оқыды. Жә­кеңнің өлеңі кіл әзіл сөз­дерге құрылатын. Сонда оның «Тұрекең Надежданы алып кетті, қаратып аузымызды күн­­шығысқа» дейтіні бар. Сол Қызылордада он жылдай жүр­дім ғой. Ақын қызды үй шаруасына олақ болады деп есептеп, қолдарынан шы­ға­рып алған өздерінен көр­сін. Мен кейін келіншек бол­­­ғасын жиырма жыл сиыр сауған отанасымын. Өз­бек­­әлі Жәнібеков менің піскен айранымды ішу үшін Алма­тыдан Ұзынағашқа ар­найы ке­луші еді. Балам Жәнібекті «Менің әкем» деп мойнына мінгізетін. Ой, дүние-ай, сон­дай жақсы адамдар да кетті жалғаннан.

Менің өмірімнің ұмытыл­мас дәу­рені Қызылордада өт­кен. Халық ақы­ны Манап Кө­ке­новпен қыз күнімде ай­тыс­қанмын. Манап әкеңнің түр-түсі орысқа келетін еді ғой.

«Ағеке, мен тарқанмын түріңізге,

Сайраған сандуғаштай тіліңізге.

Қасыңызда қарындас боп жүрейін,

Ұқсаған соң біріміз біріміз­ге», – деп өлең бастай­тынмын.

Шешем Ирина Иосифов­наны орыс­тар «Ирка» дейді, қазақтар «Ерке» деп атап кетті. Манап аға үйге барған сайын шешеммен әзілдесетін. «Мына қызыңа айт, айтыста маңдай­дан ұрмасын, таяқ бат­пайтын жерден соқсын», – дейтін қалжыңдап. Екеуі жара­сып сөйлесетін.

Жас кезімде кілең үлкен шалдармен айтысыппын. Өйт­кені, ол кезде жастар арасынан жақсы айтыскерлер шыға қой­мады. Кейін ұлғайғанда жас­тармен айтыстым. Бір жас жігіттің тіл безей сөйлегені есімде. Сонда мен:

«Бұл жеңгең әрі шешен, әрі сотқар,

Тап болды қайдан деме

кәрі шоқпар.

Кеудемде он жігітті өртейтұғын,

Қыз күнімнен келатқан әлі шоқ бар», – дегенмін. Жас жігіт мәрт екен, орнынан тұрып қолымды алды, же­ңілгенін мойындады. Айтыс деген пеш­­тен шыққан тандырдай болу керек, жаттанды сөздің жылуы бол­майды.

Жаңа айттым ғой, дәу­ренімнің ұмытылмас сәттері Қызылордада өтті деп. Осы киелі топырақтан қаншама тілекші таптым, қаншама жақ­сы жан­дармен туғанымдай араласып, ажырамас досқа айналдым.

Қай кезде барсам да, Бақ­берген аяғымды жерге тигіз­бей, оқу орнына апарып, кез­десу өткізеді, дәрпімді асан­­датады.

Институтта Мырзай деген қызбен бірге оқығанбыз. Бұ­рынғы «1 Май» совхозы, қа­зіргі – Мұстафа Шоқай ауылында тұратын. Құрбыма еріп үйіне барғанымда әкесі Өтеген ақын қыз келді деп тана сойып, бүкіл ауылды жиды. «Бүгіннен бастап, Надежда менің өкіл қызым болады» деді. Ол әкеміз де өтті өмірден, құрбым да кетті бақиға. Артында қалған ұлы Тұрсынбайдың отбасымен жиі қаты­самыз. Өтеген әке айтқан сол сөздің сертін әлі берік ұстап келе жатырмыз.

Әнебір жылы Шоқай ауылына қыдырып барғанмын. Үйіндегі кіш­кентай қызының шашы сары, көзі көк екен. «Мына маған тартқан қызды Алматыға алып кетейін» дедім. Тұр­сынбай інім де, Бақыткүл келін де қарсы болмады. Сол Ақзия қызды өзім оқытып, бойжеткізіп, домбырашы қы­лып шығардым. Қазір тұр­мыста, бала-шағалы.

Ал, енді отбасыма келсек, Тұрекең екеуміз үш қыз, бір ұл өсірдік. От­ағасының өмірден өткеніне он екі жыл болды. Алла не сыйласа, соған шүкір қылмақпыз.

Қарлығаш дейтін қызым отыз жылдан бері қоларбада отырады. Сту­дент кезінде құ­лап мертіккен, со­дан белін тіктей алмады. Өлең жа­зады, орыс тілінде төрт кітабы жа­рық көрді. Сөздері өте күр­делі, кейбір өлеңдерін аудара алмаймын, керісінше, ол – менің аудармашым. Бір таңғалатыным, өлеңдерінде мүге­дектік туралы бірде-бір сөз жоқ. Не деген сабырлылық деп таңғалам кей­де. Алла бірімізді жүріп, бірімізді отырып жырласын деп тағдыр жазған шығар…

Міне, балам, біздің өмір – осы. Сығымдап екі-үш па­раққа сыйдыруға болар, бірақ, бастан кешкенімізді айтып тауысу үшін түйеге жүк бо­латын том-том кітап арнау керек. Бес күн жалғанның жа­манын да, жақ­сысын да көрдік қой, жарығым-ау. Осы сексенімді де жасатқым жоқ. Қазіргі жағдай белгілі, пандемия деген пәлені қайда қоямыз, біреу жылап жатқанда, біреудің ойын-сауығы жараса қоя ма? Балаларым бұған көнбеді, енді аз ғана адаммен той өткізгелі отырмыз. Олар тек өнер адамдары, сөз ұстаған кісілер, көпке белгілі адамдар болады. Солардың қатарында шақырғаным, сендерге есігім ашық, алтындарым. Туыс­қан­дарыма той жасап жатқан жоқпын.

Ел-жұртым тойды өзі бастап әкетті, осы өздерің секілді бірнеше газет келіп сұхбат құрды. Жергілікті газет түгел бетін арнады. Телефон шалып, құттықтап жатыр, оның ішінде Үкімет адамдары да, ірі өнер адамдары да бар.

Мен сені танып отырмын, қайсыбір жылы жақсы мақа­ла жаздың. Онда мен атам­ның Верныйдан шай зауы­тын салған көпес болға­нын айтқанмын. Біздің аталары­мыз бай болған, ал, Алла ма­ған рухани байлық берді. Тағ­дырымды қазақ деген қа­зы­налы халықпен байла­ныс­тырды. Бір кітабымды «Мен қазақтың қызымын» деп атадым.

Қазақтың өлеңін де, дәс­түрін де өн-бойыма жиып өстім. Әкенің емес, елдің қызы болдым.

Баяғыда, бала күнімде апама еріп Сары Омар деген шалдың үйіне барғанмын. «Қолыңды жай, қызым», – деді шал кетерімізде. Бірдеңе беретін шығар деп алақанымды азсынып, көйлегімнің етегін тостым. Сөйтсем, бата берейін деп тұр екен. «Етегіңе ел толсын, айналайын», – деді шал, күлкі жүгірген бетін сипап. Төрт баласы соғыста мерт болып, соның күйігінен кемпірі құсалықтан өліп, жалғыз қалған шал еді. Құдай сол адамның сөзін қабыл қылды, мен етегіме ел толған адам болдым.

Сендерге де менің бақы­тымды берсін, жәндерім.

Онлайн сұхбатты жүргізген

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<