Судың сұрауы болатын уақыт туды

3199

0

Суды тіршілік көзіне балап, оның тазасы әрі сапалысы жақсы деп жатамыз. Күнделікті тұтынатын ауызсуымыз бізге қалай келеді? Оның сапасына кім жауапты? Жалпы Сырдағы жұртты ауызсумен қай мекеме қамтамасыз етеді? Толғандырған сұрақтардың жауабын білу үшін «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК Арал СЖКБД филиалының директоры Нажмадин Шамұратовқа жолығып, әңгімелескен едік.

– Нажмадин Шакизадаұлы, жалпы «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК Арал СЖКБД филиалы немен айналысады? Бұл қандай мекеме?

– «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК Арал СЖКБД филиалы – Қызылорда облысының барлық ауданы мен оларға қарасты елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін мемлекеттік кәсіпорын әрі бірыңғай оператор. Филиалда 1500-ден астам жұмысшы қызмет атқарады.

Бұл мекеменің тарихы тереңде жатыр. Кеңес үкіметінің тұсында, сонау 1950 жылы Қызылордада плотина құрылысын қаржыландыратын дирекция болып құрылған. Кейін жұмыс ауқымы кеңейтіліп, су шаруашылығы, өндіріс және азаматтық құрылыстарды қамтыған бірнеше салаға жетекшілік жасаған екен. Бертін келе, тәуелсіздік алған жылдары тек су шаруашылығы саласына мамандана бастаған. 2012 жылдың 5 қаңтарынан бастап Үкімет қаулысына сәйкес, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазсушар» ШЖҚ РМК «Арал» СЖКБД филиалы құрылды. Ал 2019 жылы «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК Арал СЖКБД филиалы ауыз су саласы бойынша «Қазсушар» ШЖҚ РМК-дан бөлініп шықты.

Бүгінде топтық су құбырлары және оқшау су жүйелері бойынша 223 су ұңғымасы,194 насос станциясы, 1979,14 шақырым магистральді су құбырлары және  4628,86 шақырым ішкі су жүйелері арқылы Қызылорда қаласына қарасты және Арал мен Жаңақорған ауданының аралығындағы 191 елді мекенді таза ауызсумен қамтамасыз етіп отыр.

– Халыққа ұсынылатын ауызсудың тарифі қандай және оны қай уәкілетті орган қадағалайды?

– Негізі біздің мекеме Ата заңға және табиғи монополияларды реттеу заңдылықтарына сәйкес жұмыс істейді. Облыс бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті біз көрсететін қызметтерге байланысты бағаны реттеп, бекітеді. Соған сәйкес қосымша құн салығынсыз топтық су құбыры бойынша 1 текше метрге  341,71 теңге, оқшау су құбырында 1 текше метрге 274,86 теңге. Жеке тұрғындар ауызсуды тұтынғаны үшін 30-40 теңге көлемінде төлесе, айырмасы республикалық (жергілікті) бюджеттен субсидияланады. Мемлекеттік мекемелер мен өзге мекемелер бекітілген тарифке сәйкес толық бағамен төлем жасайды.

– Ауызсуды адамдар күнделікті тұтынатыны белгілі. Тіпті денсаулығына да әсер етеді десек, артық айтқандық емес. Жалпы жұмыс процесін жетілдіру үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?

– Ауызсу тарату қызметі стратегиялық маңызды сала болғандықтан, оның санитарлық, қауіпсіздік талаптары ерекше. Ауызсуды ұдайы гигиеналық таза және қауіпсіз беру қырағылықты, ұқыптылықты қажет етеді. Осы тұрғыда филиал мамандары қатал тәртіп пен жоғары біліктілік талаптарын ұстанады. Жұмыс процесін жетілдіру үшін мамандардың біліктілігін ұдайы арттырып, ауысымдық жұмысты еңбек режиміне сәйкес реттеп отырамыз. Оған қоса, мамандар еліміздің басқа аймақтарына іссапарға шығып, тәжірибе алмасады. Кәсіпорындағы жас мамандарға тәжірибе жинақтау үшін қолдау көрсетіледі. Жалпы алдағы уақытта бұл іздеп жүріп оқитын мамандық болатынына күмәнім жоқ.

– Халықты ауызсумен қамтамасыз ету кезінде су құбырларында апат жиі бола ма?

– Су құбырларында апат болмайды десем, өтірік екені белгілі ғой. Биыл орталық диспетчерлік бөлімде 2000-нан аса апаттық жағдай тіркелді. Себебі магистральді су құбырының тозығы жеткен, жоғарғы қысымға шыдамайды. Елді мекендердің ішкі су құбыры жүйесінің фасонды бөліктерінің тозығы жеткендіктен, су кетеді. Шұғыл қалпына келтіру және тұрғындарды үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етуді жалғастыру мақсатында әр бөлімшедегі апаттық бригаданың күшімен бұл жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп келеді. Қалпына келтіру бригадасы арнайы жөндеу көлігімен (РТК) жасақталған. Филиалға қарасты өндірістік бөлімшелер жоспарлы алдын алу (ППР) жұмыстарын тұрақты жүргізуде.

– Халықты ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында қосымша қандай құрылыстар жүзеге асырылуда?

– Жаңақорған ауданына қарасты 28 елді мекеннің 38 мыңнан астам тұрғынын ауызсумен қамтамасыз етіп отырған «Талап» жерасты су қорынан жобаға сәйкес су өндіру үшін Су ресурстары комитеті арқылы республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Мердігер мекеме 5 ұңғыманы бұрғылау жұмыстарын жүргізуде. «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры 1986-1993 жылдар аралығында салынған. Бұл құбыр Арал және Қазалы аудандарының 163 мыңнан астам халқын ауызсумен қамтамасыз етуде. Бүгінгі күнге қолданыстағы 240 шақырымнан асатын магистральді құбырдың тозығы жетуіне және халық санының артуына байланысты екінші желіні салу жоспарда тұр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының тапсырысымен жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның жалпы сметалық құны – 43,7 млрд теңге. Аталған басқарма жоба-сметалық құжаттарды Су ресурстары комитетіне тапсырып, алдағы жылға құрылыс-монтаж жұмыстарына қаражат көзі қарастырылуда.

Осының жалғасы ретінде бірнеше ауданда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Арал ауданының Тоқабай мен Абай  елді мекендерін ауызсумен қамту үшін диаметрі 280-315 мм 89,02 шақырым магистральдік су құбыры және диаметрі 160-25 мм 48,9 шақырым кентішілік су құбыры жұмыстары 2021 жылы басталған, 2024 жылға аяқтау жоспарлануда.

Сондай-ақ Арал ауданының «Ақбасты» елді мекенін ауызсумен қамтитын 34 шақырымдағы көтерме сорғы станциясының құрылысы үшін диаметрі 225 мм 117,295 шақырым магистральдік  және диаметрі 110-25 мм 8,355 шақырым ауылішілік су құбырын салу да 2021 жылы басталған еді, алдағы жылы аяқталмақ. Қазалы ауданында да жүйелі жұмыстарымыз бар. Бұл ауданның Әйтеке би кенті, «Алтай», «Ойыңды», «Көбек», «Қызыләскер», «Майлыбас», «Еңбекшіқазақ», «Байқожа», «Ақсуат» сынды 9 елді мекенін ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында №4 және №6 бас тоғандарына жаңғырту жұмысы үшін диаметрі 355-280 мм 62,9 шақырым магистральдік су құбыры 2022 жылы басталып, бүгінде аталған бас тоғандарды жаңғырту  жұмысымен бірге 16 шақырым құбыр төселді. Шиелі, Жаңақорған  аудандарының  «Алмалы», «Төменарық», «Сүттіқұдық», «Қожамберді», «Сунақ ата», «Еңбекші», «Екпінді», «Қодаманов», «Жиделіарық», Бекежанов секілді 11 елді мекенін ауызсумен  қамтамасыз ететін диаметрі 400 мм 32,03 шақырым магистральдік су құбырын төсеу жұмыстары 2021 жылы басталған, мұны да келесі жылға аяқтау межеленіп отыр. Жаңақорған кенті мен «Жайылма»  елді  мекеніне  ауызсу жеткізетін №1 сорғы станциясын жаңғырту үшін диаметрі 315 мм 23 шақырым магистральдік су құбырын тарту 2022 жылы басталды, 2024 жылға аяқтау жоспарлануда.

– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Судың сұрауы бар, су мұнайдан, металдан, газдан кем емес» деп атап өткен болатын. Қазіргі уақытта ауызсудың қадірін жете білеміз деп айта алмаймыз. Филиалға қарасты өндірістік бөлімшелердің қызметкерлері жиі тәжірибе алмаса ма? Су заңнамасына сәйкес тұтынушыларға насихат жұмыстарын жүргізу барысы қалай?

–  Сұрағыңыз өте орынды! Тұтынушының ай сайын пайдаланған ауызсуының құбырындағы су есептегіш құралына филиалға қарасты барлық өндірістік бөлімшелердегі инспектор-бақылаушы қызметкерлер тұрақты мониторинг жүргізеді. Қызметкерлердің жұмысын жетілдіру үшін семинарлар ұйымдастырылады. Сонымен қатар жеке тұрғын үйлердің ауызсу құбырларындағы ұрлықты тоқтату үшін тұрақты тексеру жұмыстары қатар жүргізілуде. Осы жерде судан дәмді, судан бағалы ешнәрсе жоқ екенін айта кетейін. Асыңызды немен істейсіз, әрине сумен. Шөліңізді немен басасыз, тағы да сумен. Осының өзі-ақ көп нәрсені аңғартпай ма?!

– Филиалдағы өзіңіз айтып өткен 1500-ден астам жұмысшының ауызбіршілігін, еңбек өнімділігін арттыруда қандай шаралар атқарылуда?

– Ауызбіршілікті сақтау, жұмысшылардың бір-бірімен араласуы тек жұмыс барысымен шектелмейді. «Спорт – денсаулықтың кепілі» демекші, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарының және Қызылорда қаласының өндірістік бөлімшелерінен жасақталған командалар арасында шағын футболдан, эстафетадан жарыс ұйымдастырылды. Өзара сынға түскен командалардың ешқайсысы осал емес. Сайыс соңына дейін қызықты да тартымды өтіп, женімпаздар марапатталды. Осы секілді іс-шараларды жиі ұйымдастыру басты назарымызда. Филиалдың кәсіподақ ұйымы жұмысшылардың отбасындағы қуанышты жағдайларға бір лауазымдық айлыққа дейінгі мөлшерде материалдық көмек көрсетеді. Некеге тұрғанда, балалы болғанда, мекемеде үздіксіз кемінде бес жыл жұмыс істесе, 60 жасқа толған мерейтойға сыйлықақы беру жолға қойылған.

Биылғы 1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында асырауында  2 және одан да көп мектеп жасындағы кәмелетке толмаған балалары бар жалғызбасты аналарға және көпбалалы отбасыларға, яғни 49 балаға «Мектепке жол» акциясына сәйкес біржолғы қаржылай көмек берілді. Сонымен бірге науқастанған жұмысшы-қызметкердің жазбаша өтініші негізінде қаржылай көмек қарастырылған. Кәсіпорынның 2 зейнеткері және 42 жұмысшы-қызметкері «Сарыағаш» және «Жаңақорған» емдеу-сауықтыру шипажайларына жолдама алды, 14 жасқа дейінгі  балалар лагерьлерге демалуға жіберілуде. Одан бөлек, жетім балаларға, зейнеткерлерге, 9 адамға көмек көрсетіліп, кәсіподақтың мүшесі болып саналатын әрбір қызметкердің 14 жасқа дейінгі балаларына (жалпы 1554 дана) жаңажылдық сыйлықтар беріледі.

– Әңгімеңізге рақмет, жұмысыңызға табыс тілейміз.

Әңгімелескен

Азиз Батырбеков

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<