Әкеміздің есімі есте қалса

296

0

Адам баласы үшін ата-ананың орны әркез бөлек. Өзі өмірден өтсе де, жарқын бейнесі, жақсы істері, тәлім-тәрбиесі жадымыздан өшпейді. Ерге лайық мінезімен, еселі еңбегімен отбасына ғана емес, ел-жұрт арасында құрметке бөленген әкеміз жайлы айтылар естелік көп.

Әкем Еспембет Мұратбаев 1923 жылы дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болып, шешесі жетім балалар үйінде жұмыс істеген. Анасына сүйеу болып, отбасына қарайласып жүрген кезінде, 19 жасында соғысқа аттанған. Бұл 1942 жыл еді. Мерген болғандықтан майданда атқыштар құрамына алынған. Сталинград шайқасына қатысқан. 1944 жылы майданда жараланып, ІІІ топтағы мүгедек болып оралады. Елге келіп, еңбекке араласты. Қиын күндерді басынан кешсе де, ол кісі соғыс туралы әңгіме айта бермейтін.

Елге оралған соң «Октябрь» деп аталатын артелде жұмыс істеген. Бұл жерде өзі сынды мүгедек жандар еңбек ететін. Ал 1958 жылдың қазан айында елді мекенде жаңадан ашылған МИС (машина испытательный станция) мекемесіне жұмысқа орналасады. Алғашқыда қарапайым жұмысшыдан бастаған ол, қойма меңгерушісі қызметіне дейін жоғарылап, өз міндетін жауапкершілікпен атқара білді. Зейнет жасына жеткенше осында еңбек етіп, көптің құрметіне бөленеді.

Ел үшін еткен еңбегі ақталып, «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен, Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 40 жыл, «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл және «Еңбек ері» медалімен марапатталған.

Жұбайы Күлпаш Мұратбаева да бірге еңбек етіп, жоғары марапаттар иеленген. Отбасында алты бала тәрбиелеп, қатарға қосты. Қазір балалары әр салада еңбек етіп жүр.

Көзкөргендер мен қатар еңбек еткен азаматтардың пікіріне кезек берсек:

– Мен Еспембет ағаны 1969 жылдан білемін. Ұлы Отан соғысының ардагері. Қызылорда машина сынау станциясында зейнетке шыққанша абыройлы еңбек етті.

Жұмыс алуан түрлі болатын. Көктемгі егін науқаны, тұқым күріш тиеп жіберілетін кез. Таңертеңгі сағат 4-тен басталған жұмыс қас қарайғанша жалғасатын. Еспембет аға осы шаруаның бәрін қадағалап, бір тынбайтын. Еңбегі елеусіз қалған жоқ, бірнеше рет алғыс хаттар иеленді. Түрлі дәрежедегі орден-медальдары да бар. Сондықтан ол кісіге қандай құрмет көрсетілсе де артық болмас еді, – дейді Жақсымбек Нұрымбетов.

Сол қиын жылдарда Е.Мұратбаевпен бірге еңбек еткен Ақжарма ауылының тұрғындары Рысбек Өтегенов, Николай Григориевич Ходанович секілді замандастары да оның адамгершілігі мол, өз ісіне шын берілген азамат екенін айтып, соғыс және еңбек ардагерінің есімін есте қалдыру мақсатында ауылындағы бір көшеге есімін беру лайықты шешім болар еді дейді.

Сол бір соғыс жылдарында Отанын қорғап, елге оралған соң туған жерін өркендету жолында аянбай еңбек еткен әкеміздің есімі есте қалса дейміз.

Қалкүл Мұратбаева,

Зейнеткер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<