Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Отан қорғауға аттанғандар қатарында Қани Медетбаев та болды. Қазалыдан басталған ұзақ жол Берлинге дейін созылды.
Ол Қазалы ауданына қарасты №3 ауылда шаруа отбасында дүниеге келген. Соғыс басталғанда бозбала Қани Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумында оқып жүрген. 1942 жылдың 1 қаңтары күні әскери комиссариаттан шақырту қағазын алған жас жігіт ағайын-туысымен қимай қоштасып, Отан қорғауға аттанады. Ташкенттегі бір айлық дайындықтан соң ақпан айында Мәскеуге бағыт алды. Бұл кезде Мәскеу мен оның түбіндегі қалаларды дұшпаннан қорғау үшін қанды шайқастар жүріп жатқан. Қазақы ауылда өскен өрімдей жас жігіттерді Мәскеу түбіндегі алапат ұрысқа әкеп салды. Өлім мен өмір арпалысқан қатерлі күндерді бастан кешкен жас жауынгер алғаш рет қанды шайқасқа куә болды.
Кейін Смоленскіні жаудан тазартуға қатысты. Айта кетейік, Қазақстанда жасақталған әскери құрылымдар соғыстың алғашқы күндерінен бастап жаумен жанқиярлықпен шайқасты. Әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқаста қазақстандықтар үлкен құрметке ие болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың тағдырын шешкен ең қанқұйлы шайқастың бірі – Сталинград майданы. Осындай ең ірі шайқас орын алған Ржев және Сталинград қалаларын қорғауда қазақ жауынгерлері ерекше ерлік көрсетті.
Жауынгер Қани Медетбаев қоршаудағы Ленинградты жау құрсауынан босату шайқастарына қатысады. Одан кейін Белоруссия майданына кірді. Еуропа елдерін фашистік езгіден азат ету шайқастарының ортасында жүріп, Жеңісті Берлин қаласында қарсы алды. Сол сұрапыл соғыста шығын аз болмады. Командирге қарағанда солдат шығыны анағұрлым көп болатыны белгілі. Дұшпанның ордасына жетемін дегенше взводтағы солдаттар бірнеше рет жаңарды. Ауыр жараланып, әскерге жарамсыз деп танылғандары елге қайтарылатын. Аман-есен елге жете алмай, сүйегі жат жерде қалып, арманда кеткен боздақтар қаншама?!
Жеңісті Берлинде қарсы алған солдат тағы екі жылға әскери қызметке қалдырылып, туған жеріне 1947 жылы оралды. Елде де азаматтарға артылар жүк жеңіл емес-ті. Ол бейбіт өмірде арнайы форма киіп, тағы әскери жұмыс атқарады. Бұл кезде майданнан қайтқан ауыр техникаларды Орта Азия мен Қазақстанға теміржол арқылы тасымалдау, яғни осы өңірлердегі әскери округтерді жабдықтау жүріп жатты.
Қазалы әскерилендірілген күзет мекемесіне орналасқан Қ.Медетбаев осындай қиын да күрделі жұмыстың басы-қасында жүрді. Станциядан тәулігіне 80-90-ға дейін ауыр жүк поезы өтетін. Бұл соларды түпкілікті орнына жеткізілуіне әскериленген кондуктор есебінде тікелей жауапты еді. Күні-түні Ақтөбенің Шалқары мен Түркістан аралығын жол қылды. Тіпті осы жауапты жұмыста жүріп жарақат та алды. Екі тілде сауатты, алғыр маман аталған мекеме басшысынан бес рет Алғыс хат, бірнеше мәрте бағалы сыйлық алды. Абыроймен еңбек етіп, елге сыйлы азамат болды.
Қ.Медетбаев 1945 жылы «Берлинді алғаны үшін» және «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен, 1954 жылы «Ерлігі үшін», 1965 жылы «Жеңістің 20 жылдығы» және 1967 жылы «КСРО әскери күшінің 50 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған.
Елге оралған соң шаңырақ көтерген майдангер Қани жұбайы Орынбасар екеуі дүниеге 5 ұл, 5 қыз әкеліп өсірді. Жұбайы – Батыр ана медалінің иегері. Ұл-қыздары қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде тәуелсіз еліміздің дамуы жолында еңбек етіп жүр. Бүгінде батыр атадан 26 немере, 63 шөбере, 2 шөпшек бар. Отбасы үлкендері ұрпақтарына атасы мен әжесінің өмірін үнемі үлгі етіп, айтып отырады.
Ширек ғасырға жуық Қазалы әскерилендірілген күзет мекемесінде адал қызмет еткен Қани Медетбаев соғыстан алған жарақаты, яки ІІ топтағы мүгедектігіне байланысты 1971 жылы зейнетке шықты. Үш жылдан кейін жұмыс бабында алған жарақаты асқынып, ауыр науқастан қайтыс болды. Отанымызды жаудан қорғап, соғысты Берлинде аяқтаған ардагер атаның ұрпақтары Жеңіс көктемін жыл сайын асыға күтеді.
– Балалық қой, әкемнен соғыс туралы сұраймыз. Бірақ көрген қиындықтары туралы айтпайтын. Мінезі өте салмақты еді. «Соғыстың бетін әрі қылсын, енді соғыс болмасын!» деп қысқа қайыратын. Өзі атадан үш ағайынды – Нұржамал, Молдағали және менің әкем Қани.
Үлкені Молдағали әкеміз де соғыс басталған жылы майданға алынып, Жеңісті Берлинде қарсы алған. Кейін Польшада, Алматы қаласында әскери қызметте болды. 1955 жылы туған жеріне оралып, 14 жылдан соң туған апасы Нұржамалмен, інісі Қанимен табысады. Ол кісі 1981 жылы қайтыс болды.
Бауырлар өмірінің соңына дейін аудан орталығы Жаңақазалы (Сұлутам) қыстағында бірге тұрды. Қазір олардың немере-шөберелері бір қауым елге айналды. Шүкір, ұрпақтары елге қызмет етіп жүр. Өкініштісі бүгінде ардагер әкелерімнің көзін көрген замандас-тұстастары сиреп қалды. Біз қан майданда от кешкен барша майдангерлерге басымызды иіп, рухына тағзым етеміз, – дейді бүгінде Қызылорда қаласында тұратын майдангердің кенже ұлы, дәрігер Әділбай Медетбаев.
Отанымызды дұшпаннан қорғап, кеудесін оққа тосқан әр жауынгер жоғары құрметке лайықты. Ардагерлерімізді қадірлеу арқылы біз жас ұрпақ санасына Отанын, елін сүюді сіңіреміз, қазақ атты халықтың мәртебесін көтереміз. 2016 жылы Қазалы аудандық ономастикалық жұмысшы топ өткізген жиындарда ұсыныстар қаралып, Әйтеке би кентіндегі бір көшеге соғыс ардагері Қани Медетбаевтың аты берілді.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
«Сыр бойы»





