Аңызға айналған қазақтың ақмаңдайы

547

0

Ұлт тарихында есімі қалған ұлы тұғаларымыздың бірі – аты аңызға айналған әнші, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Халық қаһарманы, жерлесіміз Роза Бағланова. Ол 1922 жылы Қазалы ауданында өмірге келген.

Әкесі Тәжібай бақуатты кісі болған. Әуелі татар қызы Мәриямға үйленген. Бірақ, одан сәбилі болмаған. Кейін шешесі Күндей ер адамға ізін жалғастыратын ұрпақ керек деп, екінші рет Ақкүріш деген қазақ қызын алып береді. Осыдан соң Тәжібайдың екі әйелі қатар босанып, Мәриямнан Ыдырыс деген ұл, Ақкүріштен Роза дүниеге келген.

Кеңес өкіметінің аумалы-төкпелі кезеңінде Тәжібай отбасы ауа көшкен жұртпен бірге Өзбекстанға барып орныққан.

Ол кезде Роза алты жастың шамасында болса керек. Тұрмыстың қиындығынан қу бейнетке байланған әке-шешесі қызын Ташкенттегі балалар үйіне берген. Негізі Розаның азан шақырып қойған аты Үрбибі болатын. Оған орыс тәрбиешілерінің тілі келмей, гүл секілді үлбіреген кішкентай қызды Роза деп атап кеткен. Құжатын да солай толтырған.   

Ыдырыс әскерге кетіп, содан оралмаған. Ал, Роза болса, Өзбекстанда оқып, Ташкент филармониясында еңбек жолын бастаған.

Бізге кездескен кейбір деректерде Роза Бағланованың 1941 жылы Қызылорда пединститутын бітіргендігі айтылады.

«Менің бағымды ашқан Кари Якупов деген кісі, – дейді әншінің өзі, – соның көмегімен Ташкент филармониясына жұмысқа тұрдым». Осы дерекке сүйенген дұрыс. Өйткені, тағы бір деректе «1941 жылы Мәскеу консерваториясына жолдама алғанымда соғыс басталып кетті» депті Розаның өзі. Ал, соғыс жылдары Ташкент консерваториясы ансамблі құрамымен майдан даласында өнер көрсетуді бастайды. 1945 жылы Берлинде Жеңіс концертіне қатысады. Мұны Мәскеуде Жоғары партия мектебінде оқып жүрген Жұбан Молдағалиев естіп, Розаны елге қайтаруға әрекет етеді. Соғыстан кейін әншіні кездестірген Кеңес Одағының батыры атағын екі мәрте алған даңқты Талғат Бигелдинов «өз еліңе орал» деп ақыл беріпті. Сол марқасқа азаматтардың қолдауымен Роза Қазақстанға 1947 жылы оралады. Содан 1949 жылға дейін Абай атындағы қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жұмыс  істейді.

1949 жылы Бухаресте өткен дүниежүзілік жастар мен студенттердің 2-фестивалінің лауреаты атанады. 1949-1960 жылдары Жамбыл атындағы республикалық филармонияда жұмыс істейді. 1960 жылдан «Қазақконцерт» солисі болады. Бүгінде аңыз әнші еңбек еткен бұл өнер мекемесі Роза Бағланова есімімен аталады.

Өзі балалар үйінде өскен Роза балажан болған. Ұлын өмір бойы «Ақтәжен» десе, ал, келіні Маралды «Бозторғайым» деген, немересін «Алтын сақам» деп атаған. Ұлы адамның өзіне тән ерекшелігі болады. Роза Тәжібайқызының ерекшелігі өте қарапайым және айналып-толғанып сөйлейтіні деседі. Ол кез келген жерде концерт беріп жүре берген. Маған жағдай жаса деп айтпаған.

Бір жылдары Меркі ауданына Роза келе жатыр дегенді естіген аудан әкімі қонақ үйді жөндеп әбігерге түсіпті. Сөйтсе, әнші құдасының үйіне қонып, қайтып кетіпті. Әрине, бұл әркімнен табыла бермейтін қарапайымдылық еді.

Көмейіне бұлбұл ұя салған әнші Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласында ән салып, жауды жеңуге өнерімен үлес қосып, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Кейін оған «Кеңес Одағының халық артисі» деген атақпен қатар «Ленин», «Халықтар достығы» ордендері берілген.

Ол – өз заманында АҚШ-ты, бүкіл Еуропаны аралап, концерт берген бірден бір өнер адамы. Мысалы, елуінші жылдардың өзінде гастрольдік сапармен Венгрия, Германия, Қытай, Польша, Чехословакия, Ауғанстан, Үндістан, Австрия, Бельгия, Бирма, Швеция, Канада сынды елдерде болған. Елизавета патшайымның алдында ән шырқаған. Үш рет Сталиннің жеке қабылдауында болған. «Халықтар көсемі» бір көргенде Розаға: «Қызға қос бұрым жарасады, грузин қыздары да шашын қос бұрым қылып өреді, сонысымен әдемі көрінеді» депті. Әрине, бетіне қарауға жан батпаған Сталиннің қазақ қызына бұлай мақтау айтуы оның өнерін бағалағандық еді. 

Сұлулығы сахнаны сәнге бөлеп, ерекше дауысымен, ұлттық нақыштағы киімімен барша тыңдарманын таңырқатқан әнші – қазақтың атын, дарынын, дәстүрін қатар танытқан тұлға.

Роза Тәжібайқызы әншілік өнермен қатар саяси-қоғамдық жұмыстарды атқарды. 1950 жылдары Алматы қалалық кеңесінің депутаты болған. Кеңес жұмысына белсене араласып, жұмысшылардың өзекті мәселелерін шешуге көмектескен.

1980 жылы Қазақстан Компартиясының пленумында сөз сөйлеген Роза Тәжібайқызының бейнетаспасын «Youtube» арнасынан көруіңізге болады. Әнші Арал проблемасын, Семей сұмдығын айтып шырылдап тұр. Ат үркетін атағы бар ғалымдардың тұтас ұлт қасіретіне көз жұма қарап шындықты айтпауын айыптайды.

Қылышынан қаны тамып тұрған коммунистік партияның кезінде мұндай ақиқатты жайып салуға екінің бірінің батылдығы жеткен жоқ.

Бұл нағыз батырлық емес пе?!

Биыл аңыз әнші топырақ жасымен 100-ге толып отыр.

Осы атаулы күнге орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдік дәрежеде бірқатар мәдени шаралардың атқарылатынын арнайы атап өткен болатын.

Бұл жөнінде Президент Twitter парақшасында: «Майдан даласында ән салған Роза Бағланова қазіргі күнге дейін еліміздегі және шетелдегі әнсүйер қауым арасында кеңінен танымал. Оның есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырдым» деп жазды.

Роза Бағланова есімін ұлықтау оның туған топырағы Сыр елінде де бұрыннан іске асырылып келеді.

Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі орталық көшеге және мәдениет орталығына Роза Бағланованың есімі берілген, бюсті орнатылған. Сондай-ақ, облыс орталығында да Бағланова атындағы көше бар.

Міне, енді Қызылорда қаласының нақ төрінен аңыз адамға арналған ескерткіш бой көтерді. Бұл ескерткіш атақты тұлғаны ұмыттырмайтын еңсесімен биік, бұл ескерткіш ұрпаққа рух беріп, олардың отаншылдық сүйіспеншілігін арттыратын бейнесімен асқақ. Қызылорданың келбетіне көрік, кеудесіне рух қосқан асыл бейненің биік образбен сомдаған ескерткіші Мәңгілік ел ұрпақтарының қастерлі мирасына айналмақ.

Осынау тарихи күні өнерсүйер жұртшылық ұлы әншінің 100 жылдық мерейтойына арналған «Ақмаңдайлым» атты республикалық әншілер конкурсының ашылуына куә болып отыр.

«Ақмаңдайлым», «На солнечной поляночке», «Ах, Самара-городок» секілді әндерді Ресейде, Орта Азияда, Қазақстанда Роза Бағланова секілді ешкім де ұшар шыңына жеткізіп орындай алмаған. 

Ол Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әншілерінің екінші конкурсының дипломанты, Бухаресте өткен Жастар мен студенттердің II бүкіл дүниежүзілік фестивалінің лауреаты болды. Осы фестивальда халық әндерін орындағаны үшін арнайы сыйлық иеленді. Роза Бағланова еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Халық қаһарманы атағына ие болды,  «Шапағат» медалімен марапатталды, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын иеленді.

Сонымен бірге Роза Бағланова Қазақстанның ғана емес, Қырғызстанның да халық артисі атағын алған. Ол – әншілер арасында «Халық қаһарманы» атанған тұңғыш тұлға.

Аңызға айналған қазақтың Ақмаңдайлымы халық жадында мәңгі жасай бермек.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<