Аралдың асыл перзенті

247

0

«Жақсы ел ағасыз, жақсы тон жағасыз болмайды» дейтін данагөй халқымыздың керемет сөзі бар. Байырқалы ел, байыпты халық ішінен шығып, сол елге зиялы аға болған жақсылар жүрген дара жол қаншама адамға айдау соқпақ болды. Айдынды Арал өңірінде ел-халық арқа сүйеген, азамат атын кірлетпей өткен жандар туралы айтқанда аузымызға ең әуелі оралатындардың бірегейі тұрпаты бөлек тұлғалы азамат Сағитжан Сермағамбетов еді.

Сірә, бұл кісіні Арал, Сыр өңіріне әспеттеп, таныстырып жатудың өзі артық болар. Халықтың бел ортасынан шыққан, озық ойлы қатарлас, замандастарымен иықтаса жүріп, игілікті оң істерімен ел жадында қалған жанды бүгінде жұртшылық тұрлаулы тұлға деп таниды. Қарымды қайраткердің есімін ерекше қадірлейді. Сағитжан Сермағамбетов есімі ел есінде өзінің төл саласы балық шаруашылығының аймағымыздағы қыран қанатты саңлағы әрі ұзақ жылдар ел-жұрттың аманатын абыроймен арқалаған ақиқатшыл депутат ретінде қалды. Ал ұлы теңіздің қойнауындағы халық оны туған жердің шын жанашыры, атамекеннің біртуар перзенті деп біледі.

Ғұмырдерегіне көз салсақ, Сағитжан Сермағамбетовтің өмір жолы тап болған, ұшырасқан қиындықтар мен кедергілерді жойып, алға ұмтылудан тұрады. Ғибратқа толы ғұмырының жасампаздықпен сәулеттенген негізгі бағдаршысы да, жаңа істерге леп беретін бастаушысы да өзі болды.

Сонау 1936 жылы Арал ауданының Аван елді мекенінде дүниеге келген оның балалық шағы сол Аван, Көкарал және Ақбастыда өтті. Көнекөздердің айтуынша, ол ашаршылық жылдардың ызғары әлі қайта қоймаған кез екен. Жағаны жайлаған ел ұлы теңізден несібесін айырып отыратын. Ол ерте есейіп, үшінші сыныптан бастап еңбекке араласады. Жетінші сыныпта пошташы болып, ақтүтек боранмен алыса түйеге арба жегіп, қайықпен ауыл-ауылды аралап газет тасиды. Буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып-ақ ересектермен қатар еңбек етіп, 9-сыныпта «Аван» балық зауытында жұмыс істеді.

Сағитжан Сермағамбетов мектеп бітірген соң 1956 жылы бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау қаласындағы балық шаруашылығы техникумына оқуға түсті. Сонда білім ала жүріп Құдайберген Саржанов, Дәуқара Аймағанбетов, Өмірзақ Рахметов, Ағытай Есенов секілді достар тапты. Кейін бұл достық өмір бойы жалғасып, заманы қатар азаматтар Арал аймағына аты мәлім, ел-жұртына жаны жақын тұлғаларға айналды.

Балығы байлығына айналған аймақ перзенті өз саласын жетік меңгеріп, техникумды бітірген бойда елге келіп қызметке кірісті. Жас маман алдымен Қазалы балық зауытына технолог, кейіннен бас инженер болып тағайындалды. Туған елі үшін Толағайдай терін төгіп, бойына біткен тектілік қасиетімен қадірін арттырған азамат өзіне тапсырылған жұмысты абыроймен орындап, 26 жасында зауыт директоры болды.

Сағитжан Сермағамбетов сол уақыттары Кеңес одағы бойынша балық шаруашылығының алдыңғы қатарлы институттары орналасқан Волгоград, Астрахань қалаларына барып, білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасып тұрды. Ұтымды істерімен көзге түсіп, 1970 жылдың басында Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының Мыңарал елді мекенінде орналасқан «Мыңарал» балық зауытына директор болып тағайындалды. Сол тұста «Мыңарал» бүкіл Балқаш көлінен ауланатын балықтың үштен бірін қамтитын ең үлкен балық өңдейтін зауыт болған екен. Сағитжан Сермағамбетов зауытта 1975 жылға дейін еңбек етті де, туған жердің түтіні өзіне қайта тартып, теңіз балығын тұтынушыларға жеткізіп отырған «Арал балық өнеркәсібі» бірлестігіне директордың бірінші орынбасары болып барған. Шешімін күтіп жатқан түйінді мәселелердің тінін тарқатып, қолын мұз, кеудесін суық қарыған балықшылардың жігерін жылы сөзбен қуаттап, керек-жарақтарын қолына ұстатқан. Сөйтіп, 1978-1983 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы «Қызылорда балық зауытының» директоры қызметін атқарып, 1983-1988 жылдар аралығында Арал қаласындағы «Арал балық өнеркәсібі» бірлестігінің бас директоры қызметіне тағайындалды.

Басшы болып барған алғашқы жылдары бірлестіктің дүркіреп тұрған кезеңі болатын. Айдынды Аралдан балықтың 23 түрі ауланып, осы комбинатта өңделетін. Уақытында мемлекеттік шешіммен Ресейдің Қиыр Шығыс, Мурманск, Владивосток аймақтарынан жылына 6-7 мың тонна балық түрлері алынып, осы бірлестікке қарасты Қазалы, Бөген, Ақтөбе, Қуаңдария, Арал комбинаттарында өңделетін. Ыстап, тұздалған балықтар еліміздің түкпір-түкпіріне ғана емес, басқа одақтас елдерге де жіберілетін. Мұнда 5 мыңнан аса адам жұмыс істеп, нәпақаларын тапқан.

Өкінішке қарай, 1970-жылдардан бастап Арал теңізі келмеске кетіп бара жатқандай күй кешеді. Комбинаттың да шаңырағы шайқала бастады. Бұл кезеңде де Сағитжан Сермағамбетов бейнетпен белдесе жүріп батыл қадамдар жасайды. Теңіз тартыла бастаған алғашқы жылдардың ауыртпалығын Арал балықшыларымен бірге көрді. Балықшылар Балқаш, Ырғыз, Атырау, Зайсан, Ақтөбе, Қапшағай көлдеріне барып, балық аулап алты айлап жатты. Бертін келе бұл көлдерден де аралдықтардың балық аулауына тоқтам жасалды.

Ол кезде бұл іргелі кәсіпорынға 7-8 балық зауыты қараған. Сағитжан Сермағамбетовтің тікелей бастамасымен осы зауыттарды шикізатпен толықтай қамтамасыз ету мақсатында балық өсіретін тоғандар салына бастайды. Арал, Қуаңдария балық зауыты, Аманөткел, Бөген ауылдары мен Қазалы балық зауытына да тоғандар салынып, тірі балық аралдықтарға ғана емес, Байқоңыр, Қармақшы ауданы тұрғындарына да жіберілді.

Мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюповтың естелігінде Сағитжан Сермағамбетовке «қайтқан теңізбен «ауырып», келген теңізбен «емделген» азамат» деп баға берген екен.

– Ол кісі саналы ғұмырында балық шаруашылығы саласының өркен жаюына өзінің қолтаңбасын қалдырды. Атқарған ауқымды істерін санамалап айту әсте мүмкін емес. Айтпағым, Сағитжан аға «Аралбалық» өндірістік бірлестігінің бас директоры қызметінде жүргенде 7-8 балық зауыты қарайтын еді. Осы өндіріс орындары Сәкеңнің тікелей нұсқауымен бой көтерді. Балықшы ауылдарында тоғандар салынып, тірі балықтар өсіріле бастады, – дейді Биғали Қаюпов.

Өткен ғасырдың 1970-1980 жылдары сала министрі Арал балық шаруашылығын өркендеткен білікті басшы Құдайберген Саржанов болғаны белгілі. 1988 жылы Сағитжан Сермағамбетов сол кездегі министрдің ұсынысымен Қызылорда балық зауытының директоры қызметіне қайта оралды. Бұл балық зауыты жергілікті билікке емес, Балық шаруашылығы министрлігіне қарасты болды.

Зауыт жаңа басшының ұтымды ұйымдастыруы арқасында қанатын кең жая түсті. Өзіне қарасты бірнеше көлінен балық ауланып, зауытында өңделіп, еліміздің түкпір-түкпіріне толассыз жіберіле бастады. Сегіз сауда нүктесі ашылып, тұтынушыларға тірі балықтар да сатылды.

С.Сермағамбетовтің білікті де белсенді басшылығы арқасында Қызылорда балық зауыты шын мәніндегі ырысты, несібелі орталыққа айналды. Қызылордалық тұрғындар дастарханынан ақ балық үзілмейтін. Асылында зерделі жанға әр күнін босқа өткізбеу тағдырдың бұйыртқан сыйы болса керек. Алыпқашпа әңгімеден бойын аулақ ұстап, жаңа бір өндіріс орнына келіп, алмағайып кезеңнің ыстық-суығын бастан кешіп, ащы-тұщысын татқан Сағитжан Сермағамбетовтің осындай ғибрат қалдырғаны ел есінде.

Зауыт Қызылорда қаласы ғана емес, қала айналасындағы елді мекен тұрғындарын да тірі балықпен қамтамасыз етіп отыратын. Өкініштісі сол, Арал теңізінің келмеске кете бастауы оңай соққан жоқ. Сағитжан Сермағамбетов дариядан арна арқылы су жүргізіп, бірнеше тоғандар даярлап, балықтарды осы тоғандарда өсіріп, күрмеуі қиын кезеңде де қала тұрғындарын қамтамасыз етуге басшылық жасады. Зауыттың алға қарыштауына ерен еңбегін сіңіріп, өлшеусіз үлесін қосқан азамат 1997 жылы зейнетке шықты.

– Досым Сағитжан балық шаруашылығында 40 жылдай қызмет атқарды. Оның 34 жылында бірінші басшы лауазымында болды, – деп еске алады мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов оның салаға сіңірген еңбегі туралы.

«Бейнеттің зейнеті бар» дегендей, жарты ғасырға жуық еңбек жолын жүріп өткен ақылман абыз ел-жұрттың алдындағы үлкендік жолынан жаңылмайтын. Талай-талай белгілі азаматтар, ел таныған ерен тұлғалармен қызметтес, дәмдес, сыйлас болған жан қаншама өмір ғибратын жинап, құрметті еңбек демалысына шыққан соң соны кейінгі буынға жеткізуден жалықпады.

Кім де болса жүріп өткен өмір жолындағы халыққа сіңірген еңбегімен бағаланса керек. «Адал жанды өнеге тұт өзіңе» демекші, адамгершілік ұстанымымен, адами қасиеттерімен көпшіліктің құрметіне бөленген Сағитжан Сермағамбетов алақаны ашық, кімге болса да көмек қолын созатын жүрегі жомарт жан болды.

Замандастарының айтуынша, ол кісі қаншама жыл балық шаруашылығы саласында басшылықта болса да кабинетіндегі жұмсақ креслосында азаннан қара кешке дейін отыратын бір күні де болмаған көрінеді. Үнемі қозғалыста жүруді ұнатыпты. Бірде ақ бас толқындары тулаған теңіз төскейінде жүрсе, енді бірде қарамағында қызмет ететін балықшылар базынасын тыңдап, қолынан келгенше оларға жақсылығын жасаған. Оның қамқорлығы арқасында шаруасын ширатып, қызмет бабында өсіп, өркен жайғандар жетерлік.

Еліне қызмет еткен жылдары Сағитжан Сермағамбетов қоғам өміріне де белсене араласты. 1961 жылдан бастап партия комитеті тарағанша партия мүшесі, аудандық, қалалық, облыстық партия комитетінде бюро мүшесі болған. «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттар», «Еңбек ардагері» медальдары мен түрлі марапаттар иегері атанды.

– Сағитжан қырық жылдай басшылық қызметтің ыстық-суығында шыңдалды. Оны аз десеңіз, отыз бір жыл депутат болды. Қала, аудан, кент сайлаушыларының қалаулысы болып, жоғын жоқтады. Топты жарып, коллективі «Қызыл туларды» жеңіп алып, жүлдегер де атанды. Сонау Калининград қаласына барып, білім жетілдіріп, балық өндірісінің шын мәніндегі білгірі атанып қайтты. Көрмеге де барды, мақтауды да алды. Жиырмасыншы ғасырда елге ерен еңбегі сіңгендердің қатарында жүрді, – делінген Арал ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шәкірат Дәрмағанбетұлының естелігінде.

Сағитжан Сермағамбетов жары Үршаш Әлібекқызымен бірге екі ұл, үш қызды ұядан ұшырды. Адамзат баласының бойына біткен адами қасиеттерінің ішіндегі ең шоқтығы биігі парасат деп пайымдаған жан бойындағы дара қасиеттерімен ел игілігіне қызмет етті. Мансабы жоғары қызметтерде жүрсе де, туабітті қарапайымдығы мен бекзаттық болмысынан таймады. Еңбектің қара қазанында қырық жыл қайнап, ағайын мен замандас-достардың қадіріне жете білді. Өзі шыққан адамгершілік биігінен аласармай, ұрпағына осы қасиеттерді сіңірді. Туралықтың жолын нұсқады. «Әке көрген оқ жонар» деп, бүгінде ұрпақтары да осы ұстанымнан таймай келеді. Ұл-қыздары түрлі салаларда ел игілігіне еңбек етуде.

Бар ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған С.Сермағамбетов артында өшпес із бен өлмес мұра қалдырып, 2013 жылы 77 жасында өмірден озды. Сыр елінің ардақты ұлы, аймақ тарихында елеулі орын алатын, артына ұмытылмас із қалдырған азаматын Арал халқы әрқашан мақтан тұтады. Артында ердің еңбегін бағалайтын елі барда, ізін жалғастыратын ұрпағы барда жақсының аты өшпейді деген осы болар.

Имамадин Оңғарбаев,

Арал ауданының және Қызылорда қаласының

құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<