Атың қалды даланың жүрегінде

685

0

Дабыс – аймағына мәлім бай болған. Маған біткен малда мұқтаждың ақысы бар деп білген кісі. Адамның тағдыры азан шықырып еншілеген атына байланады деген шын. «Презенттеріңе жақсы есім қойыңдар», – деп Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) жайдан жай айтпаған. Аталығының ғана емес, ауылының асыраушысы болған Дабыс байдың дабысы алысқа кетіп, бүгінгі бізге жетті. Әншейін есте қалмады, халқына белгілі азамат болған ұрпағымен жетті. «Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін, бай болсаң ел-жұртыңа пайдаң тисін» демекші, немересі Қуаныш Дабысов Сыр елінде қайырымдылықпен, жомарттықпен аты шыққан азамат атанды.

Дабыстың бір баласы Жұмабек әке болатын. Тораңғылсайдың жағасында туып, даланың кеңдігін кеудесіне сыйдырып өскен ол Асанас, Айқожа, Мүлкәлан әулиелер жайлы әпсаналарды жасынан бойына сіңіріп өсіпті. Ұлы Отан соғысы деп аталған қырғынды көріп, жеті жыл жырақта жүріп оралған майдангер сол кездегі Тереңөзек ауданындағы «Ильич» шаруашылығында еңбек етеді, егіс бригадирі болады. Кейін әке-шешесін қызы Зина Іңкәрдарияға көшіріп алыпты.

Жұмабек әке мен Қалжан анадан бес қыз өмірге келеді. Бір атұстарым болса екен деп арман қылған әке Мүлкәлан әулиенің кесенесіне түнеп, ұл тілейді. Ниеті қабыл болып, қуантып келген ұл – Қуаныш болатын. «Арпа ішінде бір бидай», бұлғақтап өскен баланы әкесі еркелетуден гөрі еңбекке баулыды. Сол әке тәрбиесінің арқасында Қуаныш орта мектепті алтын медальмен аяқтады.

Мектептен соң Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалын бітірді. «Түстік өмірің болса, кештік білім жи» деп данышпандар айтпақшы, 2004 жылы Қызылорда инженерлік экономикалық институтын, 2006 жылы Мәскеу стандарттау, метрология және сертификаттау академиясын бітірді. Жоғары білімді инженер-құрылысшы, инженер-экономист, қаржыгер болып шықты.

Еңбек жолын 1978 жылы қарапайым жұмысшыдан бастап, институт бітіріп ауылы Іңкәрдарияға барғаннан кейін, он жыл құрылыс саласында бас маман болып қызмет атқарды. Білікті инженер-құрылысшы ауыл орталығындағы әлеуметтік насындар мен мал фермаларының салынуына тікелей араласып, туған ауылын түлетуге үлес қосты.

Жоспарлы экономика жолынан жаңылып, нарық заманы туғанда Қуаныш күріш сатумен айналысты. Ал, қалаға көшіп келгесін ауылдан қауын-қарбыз алып, қала базарына салды. Ара-арасында ескі көлігімен такси болып, адам тасыды. Әйтеуір әрнәрсенің басын шалып, сиырдың жылына бір рет, сауданың күнде туатынына көз жеткізді.

Кейін табысы тасып, жұмысы жанданып жүре берді. Баяғы Дабыс атасындай дабысы алысқа жетті. Ақшаның тиыннан, тиынның қиыннан құралатынын біле бермейтіндер оны мол дүниенің үстіне отыра қалғандай көретін. Бірақ, оның бәрі күн-түні тыным таппайтын еңбектің жемісі еді.

Қуаныштың балалары «Біз папамызды күндіз көрмейтінбіз, үйге кеш келетін, ол кезде біз ұйқыға жатып қаламыз. Сөйтіп, бала күнімізде папамның жүзін көрмей өстік» дейді. Осы сөздің өзі-ақ Қуаныштың еңбекке қалай берілгенін, тұрмысын түз адамы болып жүріп түзегенін танытады.

Кәсіптің көзін тапқан Қуаныш 1999 жылы «Байқоңыр-Транзит» аталатын серіктестік құрып, құрылыс жабдықтарын тасумен айналысады. Салығы бар, көлігі бар, жұмысшы-қызметкері бар бәрін ұстап тұруға бір серіктестіктің шамасы жетпейді. Осыдан соң ол 2004 жылы «КазРос-мұнай» ЖШС-ін құрады. Ресеймен әріптестік келісім жасауға ұмтылады. Алайда, жеме-жемде олар келісімге отырмай қояды. Қуаныштың бір қасиеті бар, «айтылған сөз – атылған оқ» болды. Ертеңіне қапым бар демейді, былай қылғанда ғой дегенді айтпайды. Осы мінезі оны көп қиындықтан алып шықты. Бірсөзділік, табандылық оны жеңіс пен табысқа бастады. Келісім-шартты бұзған талай оқиғалардың ортасын жарып өтті.

Мұнан кейінгі жылдары – «АзияТрансЦентр», «Астана Моторс-2030», «Астана Логистикс», «Астана-Путь», «ЦентрСтройСнабсервис», «Қырғи-Күзет» серіктестіктерін құрып, сол мекемелердің жалғыз құрылтайшысы және бас директоры болды. Олардың кешенді жұмыс жасауына шебер басшылық жасады. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, аймақ бюджетінің толығуына үздіксіз үлес қосты. 600-ден аса адамды жұмыспен қамтыды.

2012 жылы «Мұнай және мұнай өнімдерін сақтайтын және шығыстайтын қойма» терминалын ашты. Терминал атауына сай жүйелі жұмыстар атқарып, қара алтынды қазынамызға айналдыруға атсалысты.

Қуаныштың аты тек кәсібіндегі табыстарымен ғана емес, сол табысын халықтың пайдасына жаратумен құрмет иеленді.

Біреуден алудың рахатын біліп, берудің рахатын сезінбеуден жаман әдет жоқ. Қуанышқа қайыр берудің рахатын білу, жомарттықпен жүрегін қуанту секілді қасиеттер ататегінен келген. Дабыс байдың қайырымдылығы мен адамшылығын алға ұстаған әкесі де көптің көңілін тауып жүргенді жақсы көретін кісі еді. Қуаныш та сол жолдан таймады.

Оның іскерлігін, ізгілігін көрген елі екі рет облыстық мәслихат депутаты болып сайлануына дауыс берді.

Депутат Дабысов өз сайлаушыларын ағайынындай сыйлап, әрқайсының үйіне жеке-жеке кіріп шығады екен. Сондай сәттердің бірінде: «Сайланғанша үй аралағанды жүз рет көріп едік, сайланып алған соң үй жағалаған депутатты бірінші рет көрдік», – депті бір сайлаушы.

Ардагер Әбішев Сайлаубай ағамыз былай дейді: «2005-2008 жылдары мен «КазРос-мұнай» ЖШС директоры Қуаныш Дабысовтың кеңесшісі болғанмын. «Аға, сіздей көпті көрген кісілердің ақылы бізге қашанда керек» деп өзі шақырған еді. Ол кезде Қуаныш – №15 Косманавтар сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаты. Депутатқа мәселесін айтып мекемеге келетін кісілер көп болатын. Қуаныш ат үстінде жүреді. Сондықтан арыз айтып келушілерді қабылдауды маған тапсырып қояды. Мен келушілердің мәселесін, мекен-жайын жазып алып қаламын. Біраз жиналып қалғанда Қуаныш сол мекен-жайларды аралап кетеді. Солардың бәрінің мәселесін шешеді. «Менің жұмысым не болды» деп қайтадан ешкім келмейді, содан білемін. Ол халықтың мәселесіне құзырлы орындардың назарын аударып қана қоймай, сол мәселе орындалмайынша орнына отырмайтын адам. Жалпы, ол өкілетті орган өкілі ретінде билік пен халық арасындағы байланысты орнықтырудағы жаңа тұрпатты депутат болды. Сонымен бірге, Қуаныш – жақсылық жасауда алдына жан салмаған азамат. Қызылордадағы бес бірдей орта мектепке көлемді материалдық-техникалық базадағы көмектер көрсетті. Студенттерге Жалаңтөс Баһадүр атындағы стипендия тағайындады».

Ағамыз осылай дейді, айтса айтқандай, Қуаныш Жұмабекұлы тыл ардагерлеріне, көпбалалы отбасыларына, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі балаларға жыл сайын өз есеп-шотынан қаржылай көмек көрсетіп отырды. Тұрмысы төмен отбасыларын көмірмен және отынмен қамтамасыз етті.

Қызылорда қаласында Абай ескерткішін тұрғызуға тікелей ұсыныс жасап, ұйтқы болды. Өз қаржысын жұмсап, туған жері Іңкәрдария ауылдық округі орталығына «Ер есімі – ел есінде» деп аталған мемориалдық ескерткіш орнатты.

«Бір жылдары кәсібіміз тоқырап қалды. Қарыз алуға мәжбүр болдық. Сол кездерде телеарнадан «баламның отасына ақша керек» деген сияқты жарнамаларды көрген папам: «Бардың ісі пәрменмен, жоқтың ісі дәрменмен» деген, біздің жағдайымыз олардан жақсы ғой» деп мұқтаж жандарға ақшалай көмек көрсетті. Папамның осындай сауапты істері кейін біздің жұмысымыздың қайта жандануына жол ашты», – дейді Абзал Қуанышұлы.

Абзал бүгінде әкесінің бастаған ісін жалғастырып, екі серіктестіктің жұмысын дөңгелентіп отыр.

Елі мен жерінің гүлденуіне, көркеюіне көп еңбегі сіңген Қуаныш Дабысов Қазақстан Республикасының  «Білім меценаты» дипломымен, «Nur Otan»-ның Құрмет грамотасымен, «Луч восходящего солнца» халықаралық сыйлығымен, «Лидер отрасли 2013 года» атағымен, «Слава Казахстана» орденімен марапаттталды. Омырауына басқа да мерекелік медальдарды тақты.

Құдай қосқан қосағы Күлшат екеуі ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, үлгілі отбасы атанды. Отанасы көп жыл білім саласында еңбек етті. Қазір «Зере» жеке тігін цехының иесі, немерелерінің әзиз әжесі.

Өткен қаңтар айында, алпыс жасқа қараған шағында, халқының қалаулысы болған, ағайынның арқасүйеріне айналған асыл азамат кенеттен  қайтыс болды. Оның қазасы атын естіген, жүзін танымайтын жандардың да қабырғасына батты. Өйткені, Қуаныш елдің ұлы, халықтың перзенті еді.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<