Еңбек ескерусіз қалмайды

308

0

Жалағаш ауданы Еңбек ауылында  облыс көлемінде ұзақ жыл басшылық қызмет атқарған Сәмит Далдабаевты еске алу кеші өтті.

Кешке қайраткердің жары Айгүл Өміртайқызы, балалары мен інілері, ауыл тұрғындары қатысты.

Сәмит Далдабаев еңбек жолын Тереңөзек кеңшарында мал дәрігері болып бастаған. Кейін Сырдария ауданында мал дәрігері, аудандық мал дәрігерлік станциясының басшысы болды. Сырдария, Тереңөзек аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, одан кейінгі жылдары Жалағаш аудандық партия комитетінің хатшысы, Сырдария аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

Оның елге сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Құрмет» орденімен марапатталды. «Қазақ ССР-ына еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері», «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер» атағына ие болды. Селолық тұтыну кооперативтері облыстық қауымдастығы қоғамдық ұйымының төрағасы ретінде атқарған ісі ауқымды. «Мүсірәлі пір ата» қоғамдық қорының төрағасы ретінде Қызылорда қаласынан мешіт салуға үлес қосты. Жұмыс тәжірибесін ғылыммен ұштастырып, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атанды. Тереңөзек, Сырдария, Жаңақорған және Жалағаш аудандық кеңесінің, облыстық кеңестің депутаты болып сайланды.

Замандастарының айтуынша, Сәмит Далдабаев басшылық қызмет атқарған жылдар еңбеккерлер үшін аса табысты болған. Еліне қадірлі, аса кішіпейіл, азаматтығы басым, өзін емес, өзгенің қамын ойлайтын шынайы адал жан еді. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, қолынан келгенше жақсылық істеуден жалықпаған.

– Сәмит ағаның балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келді. Ол еңбекке ерте араласып, ерте есейді. Көктем келе дала жұмыстарына кірісіп, «Жыңғылды» көлінен су жеткізетін арықты тазалап, әкесіне көмектесетін. Ол азаматқа тән өзіндік болмысынан ешқашан айныған емес. Басшылық қызмет атқара жүріп, халықтың талап-тілегін ескере білді. Соның арқасында көптің көңілінен шығып, ықыласына бөленді, – деді ауыл тұрғыны Ә.Ысқақов.

Тағылымды кеште замандас достары қайраткердің өмірінен естелік айтып, сыр шертті. Кеш «Билік те, байлық та уақытша, басты байлық – денсаулық. Сондықтан денсаулығымыздың арқасында ел үшін, халық үшін қызмет ету – бізге парыз бен өтелмеген қарыз» деген Сәмит Далдабаевтың сөзімен қорытындыланды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<