Жан дүниенің шипасын іздеген

363

0

Қолымда республикаға белгілі дәрігер, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері Дина Абпазқызының естелігі. Көрген-түйгені мол жан жастарға, оқырмандарға өткен өмірі, білім алу мен арманға жету жолындағы қиындықтарды қалай еңсергені туралы баяндаған. Сол естелікті өзім оқып қана қоймай, көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдім.

«Мен 1940 жылы желтоқсан айында бұрынғы Тереңөзек ауданы «Аламесек» (кезінде Жібек жолы бойындағы үлкен қалалардың бірі болған) деген жерде дүниеге келдім. Кейін ол ауыл «Ақжармаға» қоныс аударған.

Әке-шешемнің 4 баласы кішкентай кезінде шетіней берген соң, әулие-әмбие жағалап жүргенде дүниеге келіппін. Дина Нұрпейісоваға ұқсаған домбырашы болсын деп атымды Дина қойған. Нағашым Баттал Ошақты руының пірі болған, білімді, ескіше дін жолында өте сауатты болған деседі. Адам емдейтін қасиеті бар екен.

Әке-шешеден сіңілім Дәмелі, інім Сақтапберген үш ағайынды өсіп-өндік. Үлкендер колхоздың жұмысында, таң атпай кетеді, ел жата, қараңғыда келеді. Мектепте сабақ беретін нағашым Әбдіғаппар қысқы каникулдан кейін 1947-1948 оқу жылы балалар мектепке барғанда, «далада жүргенше класқа кіріп, жылы жерде отыр» деп мені сабаққа қосыпты. Бойым кішкентай, бірінші партаға отырғызғаны есімде.

Сабаққа алғыр болдым. Бірінші класты жақсы оқып бітірдім. Ауылдағы «Шандайкөл» мектебі 7 жылдық болатын. Ол кезде комсомол мүшесі болу қол жетпейтін арман еді, үштік бағамен қабылдамайды. Бір-бірімізбен жарысып, бәріміз де жақсы оқимыз.

Кешкілік мектеп босаған кезде қарауыл есікті құлыптап үйіне кетеді, қасыма қыздарды ертіп спорт залының терезесінен кіріп, матраста жаттығамыз аэробиканың элементтерін жасаймыз, турникке тартыламыз. Мектеп бітіргеннен кейін құрылыс институтына барсам ба екен деп едім. Алматыдан медицина институтының өкілдері келіпті, интернаты бар екен. Тамағым тегін болса, стипендия алсам, көп болса институтқа жаяу барармын деген оймен емдеу ісі факультетіне құжат тапсырғалы жатқанымда, құжат қабылдайтын апай «бұл жердің конкурсы өте күшті, сіздер қызсыздар, одан да педфакқа тапсырыңдар» деді. Екі бестік бағаны физика мен химиядан алып, оқуға түстім.

Ауылға келсем, «Алматыға оқуға түссе, ол енді саған жоқ, сол жақта қалады, ауылды не қылсын» деген жұрттың сөзіне еріп анам «Алматыға бармайсың» деп қиғылықты салсын. Әкем де әдепкіде оны қоштады. Мен үш күн жыладым. Оның үстіне қаражат та жоқ. Ол кезде жалақы бидай, күріш, жүгерімен төленеді. Үйде бір сары ешкі бар, одан басқа мал да жоқ, қу кедейшілік-ай. Үш күннен соң әкем анама ұрысып, «оқысын, өзі түсіп келген баланы қалай жібермейміз» дегені.

Үйдің ұрыс-керісі тыйылды, оқуға баратын болып әке-шешемнің, ауылдағы үлкен кісілердің батасын алып, жолға жиналдым. Жиналатындай ештеңе жоқ, тек Алматыға жеткізетін пойызпұл керек. Билетке ақша табылса болар еді деп Құдайға жалбарындым. Ауылдың бас есепшісі, ауылсовет ағаларымыз еді, оның үйі, директордың үйі және т.б. ақшасы бар-ау деген үйлердің бәріне көкем кіріп шықты. Ешкімнен бір сом ақша табылмады. 17 тамызда Алматыда болуым керек, тыңға жіберуге ерте шақырып жатқан кез. Ең соңында ауылда Темірхан деген кісі ақша беретін болды. Үй-ішімізбен қуанышымызда шек жоқ. Алматыға екі жарым тәулікте зорға жеттім. Ертеңіне жатақхана-интернатыма орналастым, одан соң жайдақ пойызбен тыңға тартып кеттім.

Екінші курс басталғанда денешынықтырудан беретін татар бапкер Дина Михайловна шақырып алды. «Дина, өте икемдісің, сенен жақсы гимнаст шығады, ертеңнен бастап спорттық гимнастикадан секцияға спорт залына кел» деп шақырды. Өзіме де керегі сол еді. Медицина институтындағы оқу өте қиын, кілең жаттау. Оның үстіне мен сияқты ауылдан қазақ мектебін бітіргендерге оңай емес. Оқығанымызды орысшалап айтып беруге қиналатынбыз, тіліміз жетпей жатады. Біз сияқтыларға орыс тілі сабағы, орыс мектебін бітіргендерге ағылшын тілі жүретін. Белоусова деген қазақ студенттерге екілік қояды, сосын оларды басқа сабақтан сынаққа жібермейді, сөйтіп стипендиядан қағылады.

Алты жыл мединститутта оқығанда ауылға алты-ақ рет бардым. Қысқы каникулда баруға пойызпұл жоқ. Жазда барып келуімнің өзі қиынға соғып жүрді. Бапкер Дина Михайловна спорттық гимнастикадан бірінші разрядтың нормативін орындаған спортшы деңгейіне жеткізді. Институтты бітірген соң да солай болды. Спортқа деген қызығушылығым бас дәрігер болған кезде бүкіл ұжымды спорттық рухта тәрбиелеуіме, басқаруыма бірден-бір ықпалды күш болды.

Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрінің жолдамасымен 1964 жылы Қызылорда облыстық балалар ауруханасына алдымен ординатор, екі айдан кейін қыздар бөлімінің меңгерушісі болып орналастым. Кәсіподақ ұйымының төрайымы болып, барлық қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырдым. Балалар психиатриясынан білімімді жетілдіргім келіп, өз атымнан облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігіне өтініш жаза бердім. Одақ бойынша балалар психиатриясынан біліктілік жетілдіретін Мәскеуде бір-ақ институт болды. Ол – балалар мен жасөспірімдерге арналған В.В.Ковалевтің кафедрасы.

Венгрияға, Болгарияға, ГДР-ға, Египетке барып жүріп, жолда міндетті түрде осы институтқа соғамын. Ауызша да, жазбаша да өтініш айтамын. «Неге маған оқуға жолдама бермейді» деп министрліктегі психиатрия саласына жауапты қызметкер Әсия Әбішқызына бардым. Оның айтқаны: «Бізге жылына 2-ақ жолдама келеді. Оны саған кім береді, осы Алматының өзінде қалады» деді. Ш.Абдуллаев ағамыздың бұл кезде көп жәрдемі тиді.

Менің ауруханада ерекше көзқараспен қарайтын 3 бөлімшем бар болатын. Олар – балалар бөлімшесі, невроз бен сараптау, 7-емдеу-диагностикалық ерлер бөлімшесі.

Балалар бөлімшесі дейтінім, бұл бөлімшеден еңбек жолым басталған. Маған рухани жақын, ата-аналар бөлімшенің ішіне кіріп, зерттеп, төсек-орнын, жиһаздарын қарап, қандай жағдай жасалады, соны байқап барып баласын осы бөлімшеде емдеуге келіседі.

Невроз бөлімшесінде емделетіндер негізінен шекаралас жай-күйдегілер болатын. Оларға барлық жағдайды жасауға тырысатынмын. Басшылық қызмет еткен кездегі бөлімше меңгерушілері Мақашева Наталья Павловнаға, Баженова Галина Сергеевнаға, Батырбекова Сара Ахметханқызына, Бақыт Тоқшылыққызына, Писчатская Алла Григорьевнаға және т.б. елге жасаған мінсіз қызметі үшін алғысым зор.

Құрылысқа деген қызығушылығым жоғары еді. Алдымен әке-шешеме үй салып беруге дәнекер болдым, кейін бұл ептілігім ауруханадағы көптеген құрылыс жұмыстарының сәтті аяқталуына септігін тигізді.

Құдайға шүкір, жасым ұлғайса да, өзімді тың, ақыл-ой, сана-сезімім жоғары еді, күш-қуатым жеткілікті сезінемін. Бәлкім бұл өмірге деген құштарлығым, еңбектен тапқан зейнетім болар. Кезіндегі спортқа деген сүйіспеншілігім мені шыңдай түсті, өмірдегі қиындықтар жігерімді жаныды. Адамның жан дүниесіне шипа іздедім, көп адамдарға жәрдемім тиді деп ойлаймын.

Отағасым кезінде мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, агроколледжде ұстаз болған Пақуаш ұдайы демеп отырды, отбасымның басшысы болды.

Қызым Азиза – ағылшын тілінің маманы. Ұлым Әзім – инженер-бағдарламашы. Қызым да, ұлым да өмірдегі серігін, бақытын тапты. Бізге немерелер қызығын көрсетті. Солармен мақтанып, тілегін тілеп, өміріміз жалғассын дейміз».

Дайындаған Жалғас Жүсіпбай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<