Киізден киім кестелеп 

287

0

Бүгінде ұлттық киім үлкен сұраныста. Әсіресе, мерекелік кештерде, ас-тойларда қазақы киім кию үрдісі қалыптасып келеді. Қынамабел қамзол, үкілі бөрік ару қыздардың ажарын аша түссе, заманауи қалпақ, зерлі бешпент жігіттерге жараса кетеді. Сонымен қатар, қазір мектеп оқушылары да ұлттық нақышқа сай киінуге ықыласты. Бұл бастаманы мұғалімдер, ата-аналар да құптады.

Біздің кейіпкеріміз Айзат Мырзаева – Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылының тұрғыны. Отбасындағы қыз балалар. «Ана көрген тон пішер» дегендей, киіз басып, кілем тоқыған кезінде жабылып жәрдемдесетін. Осылайша түкті кілем, тықыр кілем тоқуды, текемет, киіз басудың әдісін үйреніп алды.

Сол бала күнінен қолөнерге қызығып, әсемдікке құштарлықты бойына сіңірген ол қазір ұлттық киімді киіз басу әдісімен әзірлейді. Заманауи үлгіде дайындалып, ұлттық оюмен зерленген сәнді бешпенттердің түймесі де ерекше, ағаштан, сүйектен, мүйізден жасалады. Табиғи таза өнімнен дайындалған  сырт киімдерге жастардың қызығушылығы жоғары.

– Анамыз ауылға белгілі шебер еді. Ауылда әлі күнге дейін ол кісінің қолынан шыққан кілемдер бар. Осы еңбекті әрі қарай дамытуды ойлап, қолөнермен айналысуды бастағанмын. Бастапқыда ғаламтор арқылы қолөнер бұйымдарын жасаудың қыр-сырын іздеп көрген едім. Одан кейін Қорқыт ата атындағы университетінің оқытушысы Айдана Әлайдарова киіз басудың жаңа технологиясын үйретіп, аяқкиім әзірлеуден бастадым. Әрі қарай өзім меңгеріп,  түрлі үлгілер бойынша киім басуды қолға алдым. Оның өзгешелігі, алдымен эскизін сызып алып, киімді киізден басып, дайын болған соң оюды инемен шаншып орналастырамыз.

Қазір Оқушылар мен жасөспірімдер үйінде қолөнер үйірмесінің жетекшісімін, оған қоса, «Бегімбай» өнер орталығында киіз басу үйірмесіне жетекшілікі етемін. Осы күні киімдердің үлгісін әзірлеп берсем, үйірмедегі оқушылар дайындайды. Киім жасауға қажетті өнімдерді өз қаражатыма сатып аламын, – дейді А.Мырзаева.

Қолөнершінің айтуынша, бұдан бөлек, тігін цехы да бар. Онда тігіншілер тұрғындардың тапсырысы бойынша перде және құрақ көрпе дайындайды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<