Ел жадында жаңғырып қалған есім

471

0

Қасиетті Қорқыттан бастау алатын Сыр бойының әдебиеті мен мәдениеті исі қазаққа, қала берді түркі дүниесіне танымал. Күллі адами құндылықты сөз асылымен төккен Сыр сүлейлерін айтпағанда, бекзаттардың бесігі болған бұл топырақтан Әбділдә Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджанов, Асқар Тоқмағамбетов, Мұхамеджан Қаратаев, Зейнолла Шүкіров секілді қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері шыққан. Олардың есімдері мен еңбектері барша қазақ руханиятының алдында Сыр бойы халқының орынды мақтаныш сезімдерін туғызады.

Ел аузында мақтаған, жұрт жадында сақтаған осынау аға буын қаламгерлердің қатарында қазіргі қазақ әдебиетінің абызы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің есімі құрметпен аталады. Халық сүйіп «Әбе» деп атаған әйгілі қаламгердің әдебиетке салған олжасы мен мәдениетке қосқан үлесі орасан.

ХХ ғасырдағы Мұхтар Әуезов бастаған қазақ әдебиеті классиктері көшінің қоңыраулы күймесін тартып, бізге жеткен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ғасырға жуық ғұмыр жасап, мәңгілікке сапар шеккені күні кеше ғана сияқты еді. Сонан бері де жүз күннің жүзі аунап түсіпті. Қанаттыны қондырып, тұяқтыны тоздырған уақыт неткен жүйрік?!

Шоқтығы биік шығармалары әлем оқырмандарын ойға салып, баурап алған Әбең – қасиетті Сыр бойының төл перзенті, Арал теңізі жағалауында кіндік қаны тамған. Алайда, ол күллі қазақтың Әбесі атанды, парасат-пайымы жоғары, Алашқа ортақ ұл болды.

Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Әбдіжәміл Кәрімұлы өзі туып-өскен ел мен жерінің рухани ту ұстары, алып тұлғасына айналды. Әдебиет әлеміне «Курляндия» атты тұңғыш романы арқылы енген қаламгердің есімі сол кезде-ақ кеңінен мәлім бола бастапты. Бұл кейінірек есімі ел-жұртпен етене таныс болатын, аты арғы-бергі елдерге аңыз болып тарайтын қаламгердің тұла бойын жарып шыққан тұңғыш әдеби шығармасы еді. Сол кездері Әбеңнің жас шамасы жалын атқан жиырманың ішінде екен. Қазақ әдебиеті көкжиегінен көрінген жас жазушының алғашқы туындысы республикалық Жамбыл атындағы әдеби сыйлыққа ие болғанын сол кездегі мерзімді басылым беттерінен көруге болады. Бұл әдебиет үшін үлкен жарылыс, қазіргі лексиконмен айтқанда, сенсация еді.

Жаратқан Иеміз адам баласына бір пайыз ғана қабілет пен қарым, талант пен дарын берсе, соның қалған тоқсан тоғыз пайызы тынымсыз еңбектің ғана нәтижесінде өз жемісін береді екен.

Қос дәуірдің куәгері іспеттес Әбең Ұлы Отан соғысы басталғанда мектеп партасынан тура майданның алғы шебіне аттанған бозбала екен. Оқ пен оттың ортасында жалынды жастық шағын қалдырған болашақ жазушы соғыс аяқталған соң қаруын қаламына айырбастап, әдебиет майданына еркін еніп жүре берді. Өз тұстастары – Тахауи Ахтанов, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Қасым Қайсенов және басқа майдангер қаламгерлер қатарында отаншылдық, елдік, ерлік туралы шырайлы шығармаларын дүниеге әкеледі.

Алпысыншы жылдардың алғашқы шенінде жарық көріп, қалың қазақ оқырманының ойынан шыққан жазушының әйгілі «Қан мен тер» трилогиясы алғашқы кітабымен-ақ көпшілік көзайымына айналған. Сол кезеңде бұл шығарма үлкен мен кішінің қызығушылығын оятып, қолдан қолға тимей оқылды. Әсіресе, кітаптағы елжанды Еламан, қара нардай қайратты, қасқыр жүректі Кәлен, Ұлықұм, Кішіқұм бойындағы ауылдарды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Құдайменде болыс, тағдыры дауыл күнгі желқайықтай тас-талқан болған сұлу келіншек Ақбала және басқа да кейіпкерлердің кесек мінездерін оқырман оясына айнытпай жеткізген жазушы шеберлігі, шығарманың шырайлы да көркем тілі шетел оқырмандарының да қызығушылығын тудырады. Қазақ оқырмандарының көкжиегінен әрі асып, көршілес Ресей түгілі шетелге шедевр әдеби шығарма болып танылған «Қан мен тер» осылайша дүние оқырмандарымен емін-еркін қауышқан еді. Бұл жөнінде француздың классик жазушысы Луи Арагон алғашқылардың бірі болып жылы лебізін сүйіншілеп білдіргені таңдандырмай қоймайды.

Тіпті сол атақты Арагон біздің Әбеңе «Қазақтың Гетесі» деп ат қойып, айдар таққан екен. Араға жылдар салып дүниеге келген жазушының «Сең» және «Соңғы парыз» романдары да Сыр мен Аралдың басына төнген экологиялық қауіпті айналып өтпеген еді. Уақытында қалың қазақ, талғампаз шетел оқырмандарымен қатар қарт Қаратау мен айдынды Арал теңізінің арасын жайлаған жалпақ жұртымыз қолдан-қолға түсірмей оқыған осы бір озық ойлы шығармалардың кезінде әлемдік Нобель сыйлығына да ұсынылғанын ұмытпауымыз керек. Ал Әбеңнің «Қан мен тер» трилогиясы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болғаны белгілі. Ұлтымыздың руханиятын байытуға, қазақ әдебиетін дүние жүзіне танытуға өлшеусіз үлес қосқан туынды уақытында 1,5 миллион таралыммен әлем оқырмандарының қолына тисе, «Соңғы парыз» шығармасы 48 тілде жарық көрген.

Шығармашылық ғұмырын бастан-аяқ өзі туып-өскен, кіндік қаны тамған Арал теңізі жағалауындағы өткен өмірдің әрқилы кезеңдеріне арнаған, сол арқылы кесек-кесек кейіпкерлерді дүниеге әкелген Әбең әдебиеттің нағыз суреткері есебінде әркезде мойындалды. Оның қажырлы қаламынан туған тұлғасы асқақ туындылары ұлттық әдебиетіміздің ғана емес, жұмыр жерді мекен еткен әлем халықтары үшін де құнды қазына, өлмес-өшпес рухани мұра болары анық. Оған біздің көзіміз әлдеқашан жеткен. Бұған себеп, Әбеңнің көзі тірісінде әлдеқашан беделді басылымдарда жарық көрген әлем қаламгерлерінің өзі жайлы жазылған үлкенді-кішілі мазмұнды мақалалары, орамды оқшау ойлары.

Әбең – туған жері Сыр өңірін, Арал аймағын соңғы демі бітіп, татар дәмі таусылғанша аузынан тастамаған абыз. Әйгілі академик жазушы, сөз сардары Сәбит Мұқановтың:

«Туған жер, сенде туып, сенен ұштық,

Дүниеде не бар екен сенен ыстық», – деген екі жол өлеңі Әбеңнің ата мекенге деген алғаусыз аңсар сағынышын паш еткендей. Әбең де бір кездері перзенттік махаббатын көл-көсір көңілмен толғапты.

Қазақта «ер туған жеріне» деген мәтел бар. Мен де – осы аймақтың перзентімін. Менің «Қан мен тер» трилогиям мен «Соңғы парыз» атты шығармамда бұл аймақтың қазіргі таңда бастан кешіріп жатқан экологиялық қиын жағдайы туралы жан-жақты әңгіме қозғадым. Менің тілегім, экологиялық апатты бастан кешіріп отырған жерлестеріме шындықты байрақ еткен шығармаларыммен бөлісу. Бұл ойым орындалды ма, жоқ па, бұл жағы оқырманға аян.

«Елу жылда – ел жаңа» деген. Бүгін ғасыр белесінен көрінген Арал қаласының келбетін сонау 40-50 жылдарғы көрінісімен салыстыруға мүлдем болмайды. Туған қаламыз жыл өткен сайын жаңарып, жасарып келеді. Мен барша аралдықтарға осынау үлкен мереке күні зор денсаулық, еңбекте табыс, отбастарына береке-бірлік тілеймін».

Бұл – Әбеңнің 2003 жылы Арал қаласының ғасырлық тойы аталып өтетін мерекесі қарсаңында жерлестеріне жолдаған жүрекжарды құттықтау лебізі болатын. Алып тұлғаның осы бір кішкентай жылы сөзінің өзінен туған елге, туған жерге деген құрметі айқын аңғарылып тұр.

Арал тағдыры Әбең сияқты алып тұлғаның шығармашылығына шындық шамшырағы болғанын оның көзі тірісінде-ақ білгенбіз. Оны ұлы суреткердің осыдан біраз жыл бұрын ақ параққа айшықтаған асыл сөздерінен анық көреміз.

«…Бірақ заман қанша өзгерсе де Арал тағдыры өзгермес. Тек біздің топырақтан да Аралдың қасіретін малданып атын шығарғысы келген талай жанашырсымақтар шығар!

…Ай өтер, жыл өтер, жылдар өткен сайын тартылған теңіз тіпті ернеуінен төмен түсіп, әуелі екіге бөлінер. Оның бірін – Үлкен Арал, екіншісін – Кіші Арал дер.

…Теңіз неғұрлым тартылып, жер неғұрлым азып, ел неғұрлым тозып, індет етек алып жайылған сайын Аралдың әлгі бір жанашырсымақтары да соғұрлым жанталасып даңғырасын қаға түсер. Үкімет те қарап қалмас: талай-талай тамаша қаулы алар. Тамаша қаулыға сәйкес талай-талай тамаша жобалар мен жоспарлар жасалар».

Суреткер сөзі көп кешікпей шындыққа айналғанын, айнала жұрт Кіші Арал толып, қазір бұл айдынының бойына қан жүгіргенін көріп отыр. Жағалай онға жуық балық зауыты салынып, аудандағы жұмыссыздық деңгейі сәл де болса саябырсыды. Аралдан ауланған су маржандары сол жерде өңделіп, көршілес мемлекеттермен қатар Еуропа елдеріне жол тартып жатыр.

Абыздың өзі де абыз, сөзі де абыз. Әсіресе өзі ақ жал толқынын тай қылып мінген, төсінде тербетілген теңіз-анасының дауыл күнгі кескін-келбетін келісті, көркем тілмен бейнелеуі керемет.

«…Енді жер мен көкке қара түн қайта орнап, түсін бермей түксиіп алған дүние өзінің ежелгі қаһары мен қаталдығын қайта танытты: аспан асты азынаған айқай жел, өкірген теңіз, өжектеген толқын, сәт сайын сатыр-сұтыр соғысып қирап жатқан сең…»

Бұл қарт қаламгердің «Сең» кітабындағы дауыл күнгі теңіздің сұсты суреті болатын. Табиғат-Ананың тентек мінезін теңіз суреті арқылы дәлме-дәл жазғанын көріп, қайран қаласың?! Оның шау тартқанда да шалдыққа алдырмағанын кейде мінезі жаңағы дауыл күнгі теңіздей буырқанса, көбіне жаймашуақ болғанын артында қалған ізбасар інілері баяндап жазады. Дәтке қуат. Ол осынысымен асқар таудай алып, теңіздей терең болғанын енді біліп жатырмыз.

Көзі тірісінде Әбеңнің сыйлас, сырлас інілері маңайында, алыс-жақын шетелдерде аз болмаған көрінеді. Мысалы, орыстың тамаша жазушысы Георгий Пряхин Әбең туралы, оның адами болмыс-бітімі жөнінде былайша суреттейді:

«…Оның ақылман адамдарға тән әдемі бет-жүзінен түптеп келгенде ұлттық белгілерден гөрі зерделілік табы айқын байқалып тұрады.

Оның көз жасының түсіндей ашық көз жанары уақыты түскірі өзі де байқамай, енді болмаса жалт беріп бостандыққа шығып кетеді-ау деп, жан-жағын тас қамау қоршап тастаған кәрі қасқырдың көз жанары секілді.

…Маған уақыт ойынынан тысқары осындай адамдар ғана ана жақта жер бетіндегі тірлікке еш қатыссыз жаңа тіршілігін жалғастыратын секілді сезіледі».

Әбеңде Пряхиннен басқа да орыстың озық ойлы қаламгерлері Анатолий Ким, Петр Краснов, Юрий Казаков сияқты достары болса, өз ұлтымыздың бетіндегі қаймағы іспеттес – Дулат Исабеков, Смағұл Елубаев, Герольд Бельгер, Қуаныш Жиенбай, Сайлаубай Жұбатырұлы, Серік Байхонов сияқты шәкірт інілері де аз болған жоқ.

Ел мен жер тағдыры қабырғасын қайыстырған қарымды қаламгердің кезінде баспасөз беттерінде, алқалы жиындарда ашына, ашыла айтқаны ел жадында. Әрқашан өзін ұсақ пендешіліктен аулақ ұстайтын Әбең өз сөзін Алматыда да, Мәскеуде де қасқая тұрып жеткізді. КСРО Президенті М.С.Горбачевке азуын Айға білеген арыстандай желтоқсан оқиғасы тұсында қазақ жастарының ар-намысы тапталып, соққыға жығылғаны туралы айтқан. Иә, бұл еліне, жеріне, оның болашағына алаңдап, жас ұрпақты кеудесімен қорғаған нағыз жанашыр жазушының жанайқайы болатын.

Әбеңнің әдебиет төңірегіндегі сөз зергерлерінен басқа қарапайым еңбек адамдарынан бастап мемлекет және қоғам қайреткерлерімен, атақты ғалымдармен достық, ағалық қарым-қатынастары туралы тұшымды сөз қозғауға болады. Мысалы, Ілияс Омаров, Салық Зиманов, Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағанбетов, Сұлтан Сартаев, Зейнолла Қабдолов, Елеу Көшербаев, Сейілбек Шаухаманов, Әбіш Кекілбаев, Бердібек Сапарбаев, Қырымбек Көшербаев, Иманғали Тасмағамбетов және басқалары сұңғыла суреткермен заманында сырлас, сыйлас болды. Туған жерге келген сапарында әуелі Қызылорда қаласында болып, онан әрі кіндік қаны тамған Арал ауданына қарай ат басын бұратын.

Бұл күндері Әбең дүниеге келген Сыр бойы қайта түлеп, жаңғыру жолына түсті. Өңірдің экономикалық әлеуеті өркендеп, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсарту мақсатында өміршең жобалар мен баянды бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.

Облыс орталығы мен аудандарда, ауылдарда кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, жұмыссыздық деңгейін азайту, жұмыс орындарын көбейту бағытында түрлі шараларды қолға алу біздің кезек күттірмейтін күнделікті міндетіміз болып саналады. Бір ғана Арал ауданында биылдан бастап кальцийлендірілген сода зауытының құрылысын бастау, «Көкарал» бөгетін күрделі жөндеуден өткізіп, Кіші теңізді сақтап қалу арқылы су айдынын онан әрі ұлғайту жобаларын қолға алмақпыз. Осыдан азғана уақыт бұрын «Ғасыр жобасы» атанған бұл бөгет басында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты және Өзбекстан Республикасы Олий Мажилиси Сенатының төрағаларының орынбасарлары бастаған бір топ депутаттар, Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі оны сақтап қалу, құрғаған теңіз табанына сексеуіл көшеттерін отырғызу жөнінде өзара ортақ мәміле жасағаны белгілі. Енді бұл өз жемісін, нәтижесін береді деп сенеміз.

Сондай-ақ, Арал қаласында ұлы суреткердің көзі тірісінде бой көтерген Әбдіжәміл Нұрпейісовтің Әдебиет үйі ғимаратын облыс, аудан қонақтары мен оқырмандарының тұрақты мәдени орнына айналдыру бағытында да атқарылатын жобалар бар. Ел біледі, сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың бастамасымен Әбенің Әдебиет үйі 2014 жылы ашылды. Жазушының еңбектері мен суреттері асқан талғампаздықпен ұйымдастырылған бұл заманауи ғимаратта шығармашылықпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ мұражай алаңындағы «Соңғы парыз» романының кейіпкерлеріне қойылған композициялық ескерткіш те – бүгінгі буынның Әбеңе, әдебиетке құрметі.

Ғасырға жуық жасап, ақтық демі таусылғанша қолынан қаламы түспей, туған халқының руханияты үшін қажырлы еңбек еткен қаламгердің соңында қалған қайталанбас шығармалары ұрпақ игілігі үшін қызмет ете бермек. Ұлы Абай «Дүние терең көл, замана соққан жел, алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер…» деп бекер айтпаса керек.

Сыр бойы халқы ұлы жазушының есімін мақтан тұтады, ешқашан ұмытпайды. Әрдайым соңында қалған әдеби шығармаларын жас ұрпақ қолдан-қолға түсірмей, рухани игілігі үшін оқиды деп сенеміз. Өзі өлсе де сөзі өлмейтін Әбдіжәміл Нұрпейісов сияқты саңлақ суреткердің есімін ұлықтау мақсатында ендігі жерде облыс орталығында, аудандар мен ауылдарда кезең-кезеңімен мағыналы мәдени-көпшілік шаралар өткізіледі.

Қазақ әдебиетінің абызы соңғы сапарға аттанғанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев баспасөздерде жарияланған көңіл айту хатында былай деп жазған болатын:

«Әбдіжәміл Нұрпейісов адам жанын терең түсінетін, түрлі тағдырдың бейнесін көркем суреттей отырып оқырманға жеткізген ойлы, кең тынысты жазушы болатын. Өмірбойы қолынан қаламы түскен жоқ.

Қазақ елінің рухани-мәдени саласын дамыту жолында өлшеусіз қызмет атқарды. Ол – ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қуатты қаламгер. Солайша, өзі де қазақ әдебиетінің патриархына айналды. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің соңында ұрпаққа үлгі, ұлысқа игілік болатын шығармалары қалды. Елге ес, сыртқа сес болған жазушының енді екінші өмірі басталды».

Мемлекет басшысы халқымыздың айтарын дөп басыпты. Әбең жайлы айтылар аңызға бергісіз әңгімелер алдағы уақытта өз жалғасын таба бермек. Бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен, сонша уақытта қазақ әдебиетін өркендетуге бар күш-жігерін сарқа жұмсаған ұлы қаламгер есімі халқының жадында мәңгі сақталады.

Аса көрнекті жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің халқына қалдырған шырайлы шығармалары Жаңа Қазақстанды құруда теңдессіз рухани күш берерлік құндылық болып қала бермек.

Нұрлыбек Нәлібаев,

облыс әкімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<