Халықтың құрметіне бөленген тұлға

514

0

Кез келген адамның жас кезінен есінде қалған ұмытылмас әсерлі сәттері болады. Өзім сондай сәттердің бірі ретінде Қызылорда қаласындағы орталық стадионның ашылу салтанатын айтар едім. Бала кезіміз ғой, шамасы 4-5-сынып оқушысымыз. Жаңа стадионның ашылатыны туралы бірнеше күн бұрын тұрғындарға көшпелі радиомен хабарлап, қаланың әр тұсына, қоғамдық көліктерге жарнама ілініп жатты. Спорт нысаны ашылатын күні ағылған халықтың нөпірі өте көп болды. Жиналған халықтың аузында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы

Хасан Бектұрғановтың атына айтылған жылы сөздердің есебі болған жоқ. Түсінгенім, облыс басшысы – спортты жақсы көретін, футбол десе ішкен асын жерге қоятын адам. Қызылордада стадион салдыру үшін жоқтан бар жасаған. Қысқасы, сол кісінің табандылығының арқасында жүзеге асқан.

Қателеспесем, осы күні стадионда Қызылорда мен Жамбыл қаласының футбол командалары кездесті. Соның алдында ғана Х.Бектұрғанов Жамбыл облысына басшылыққа тағайындалып, Қызылордадағы соңғы жұмыс күнін атқарып болып жатыр екен. Матч біткеннен кейін жаңа қызметіне кірісу үшін ұшаққа отырып, Жамбыл қаласына жол тартқан.

Осылайша Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов Сыр халқының жадында қалған еді. Оның есімі біздің облысты басқарып, жұртшылық ықыласына бөленген қайраткер азаматтардың қатарынан ойып тұрып орын алады.

Бектұрғанов туралы бүгінде аймақтағы тек аға ұрпақ өкілдері ғана біледі десек, сөзіміз қате болуы мүмкін. Жас ұрпақ та хабардар деп ойлаймын. Өйткені, қазір Қызылорда қаласында бір көше Бектұрғанов есімімен аталады. Елі ардақ тұтқан азамат тұрған үйге ескерткіш тақта қойылған. Орталық спорт мектебіне ол кісінің есімі берілген.

Әрине, бұл құрмет тек стадион құрылысына ғана байланысты емес, жалпы облыста атқарған еңбегіне орай жасалғанын ескерген жөн. Тағы бір ескерер жайт, тек қызылордалықтар ғана емес, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақтөбе, Жамбыл халқы да оның есімін мақтан тұтады. Себебі ол бірнеше облыста партия жетекшісі, бірінші басшы қызметін атқарып, талай игі іске ұйтқы болған.

Жалпы, Хасан Шаяхметұлының бүкіл өмірі туған еліне аянбай қызмет етумен өткені ақиқат. Өйткені, даналығымен, даралығымен ерекшеленген Хасан Шаяхметұлы адалдығымен, іскерлігімен, тазалығымен, біліктілігімен артында өшпес із қалдырған. Қазақстанның төрт облысын 29 жыл басқарған, КСРО Орталық Комитетінің пленум мүшесі болған қайраткердің туғанына биыл 100 жыл толып отыр.

Ол 1922 жылы 3 ақпанда Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданында дүниеге келген. Отбасындағы төрт баланың үлкені. Әкесі Сібір ауылшаруашылық академиясының түлегі, ғалым-агроном Шаяхмет Тастемірұлы Бектұрғанов 1937 жылы жаламен ұсталып, әйгілі 58-баппен репрессияға ұшырайды. 1939 жылы анасы дүние салғанда ол мектепті бітіріп жатқан болатын. Осыдан кейін ізінен ерген інілері мен қарындастарына қамқорлық жасау жүгі оның иығына артылды. Ал соғыс басталып, әскер қатарына шақырылғанда он тоғыз жаста еді.

1941 жылы Фрунзе (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітіргеннен кейін 38-атқыштар дивизиясының құрамында взвод командирі болып, Калинин және солтүстік-батыс майдандарындағы шайқастарға қатысқан. 1942 жылы сәуір айында 8-гвардия И.В.Панфилов дивизиясында полк комсоргі болады. Мәскеу түбіндегі шайқастардың бірінде ауыр жараланып, госпитальге түседі. Шыққаннан кейін 1943 жылдың сәуір айынан 19-гвардия атқыштар дивизиясына полк комсоргі ретінде жіберіліп, соғысты аяқтайды.

Соғыстан кейін Петропавл қаласына оралған соң Солтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің нұсқаушысы, кейіннен Совет, қазіргі Аққайың ауданы партия комитетінің хатшысының орынбасары болды. Осы кезеңде Алматыдағы Жоғары партия мектебін бітіреді.

1958-1966 жылдары Көкшетау, кейіннен Ақтөбе облысы партия комитеттері хатшысының 2-орынбасары, атқару комитетінің төрағасы лауазымында қызмет атқарған. Қызылорда облысына басшылық жасаған кезеңі – 1966-1969 жылдар. Мұнан кейін Жамбыл облысы партия комитетінің 1-хатшысы қызметін 11 жыл атқарып, құрметті демалысқа шығады. Ленин (екі рет), «Октябрь Революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» (екі рет), І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және көптеген медальдармен наградталған.

Бүгінгі күні Хасан Шаяхметұлы туралы естелік айтатын, онымен бірге қызмет атқарған адамды табу қиын. Олардың көбісі бақилық болып кеткен. Әйтсе де ол кісінің 80 жылдығын атап өту қарсаңында естеліктер жинағы кітап болып басылып шыққан екен. Сол кітапқа қызметтес болған бірқатар азаматтың естеліктері енген. Олар – облыстық партия комитетінің 2-хатшысы Сайдалим Танекеев, облыстық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Абдолла Дәулетов, Шиелі аудандық партия комитетінің 1-хатшысы Орынбасар Бәйімбетов, Сырдария ауданы партия комитетінің 1-хатшысы Еламан Жүнісбаев және өткен ғасырдың 70-жылдар басында Қызылорданың «Автомобилист» футбол командасының бас бапкері болған, қазақ футболының аңызы Тимур Сегізбаев.

Олардың барлығы да Хасан Шаяхметұлының жаны таза, қарапайым, халықтың тұрмысына шынайы қызығушылық танытатын, кішіпейіл бола тұра нағыз басшыға тән мінезге ие өз заманының дара тұлғасы болғанын атап өтеді. Қазақ халқына тән батыр тұлғасы, кесек дене бітімі, бет-әлпеті, ашық батыл айтылатын ой-пікірі, адалдық, әділеттік қасиеттері барлық адамның бойында біркелкі кездесе бермейтін құбылыс. Қызылордаға келгеннен кейінгі үлкен жиын-алқада: «Жолдастар, күріш дақылының қыр-сырын білемін деп айта алмаймын, бұл құдайы шындығым, сондықтан егіңдер, өсіріңдер, тек сол үшін не қажет, не керек – жер, су, техника, қаржы, тыңайтқыш, тағы басқа мәселелердің барлығын шешіп беремін. Ал егу, өсіру, баптау, жиып-теру технологиясы қолдарыңда» дегені сол мінездің белгісі болса керек.

Тағы бір жайт. Қазақстан Компартиясының кезекті съезіндегі: «Қашанғы Қызылорда облысының территориясы ақтаңдақ болып қала береді. Жезқазған, Ақтөбе, Шымкент, мынау тұрған Кентауда жерасты байлығы мол, біз ақ тақырдың үстінде отырғандаймыз. Мұның бір-ақ себебі бар, Қызылорда жерінде байлық жоқ емес, зерттеуге, ыстық-суығына көнетін, шыдайтын азаматтардың болмауында, ондай адамдар табылғанымен құлықсыздығында. Біз облыстың жерасты байлығын жүйелі, мақсатты түрде зерттеуге қаржы бөлуді Қазақстан Үкіметінен, Қазақ Ғылым Академиясынан талап етеміз» деген ой-пікірі мақсатына жеткізгені аян. «Шалқияның», «Құмкөлдің», Шиелідегі кен көздерінің ашылуы – сол еңбектің жемісі. Бұған Ғылым Академиясының Президенті Шахмардан Есенұлының ғалымдармен келуі, обкомның мәжіліс залында зиялы қауыммен кездесуі толығымен айғақ.

Х.Бектұрғанов өте іскер, партия жұмысын жақсы білетін, жоғарыға мәселені батыл да нақты, нанымды етіп қойып, сөзін өткізе білетін басшы болды. Ол облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келгенге дейін аупарткомның бірінші хатшыларынан бір ақ кісі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болатын. Бектұрғановтың кезінде екі аудандық және қалалық партия комитетінің бірінші хатшылары депутат болып сайланды. Ол кісі орыс тілінде тәрбиеленіп, білім алса да барлық жиналыстарды тек қазақ тілінде жүргізетінімен есте қалған. Мұндай мысалдар айта берсе жеткілікті.

Бектұрғанов үлкен құрылысты бастау, жоспарға енгізу, ақша тауып берудің маманы еді. Қазақстанда беделді болды, Кеңес одағынын министрлерімен жақсы жолдас болып көп мәселесі оңай шешетін.

Оның кезінде өндірістік құрылыс базасы, темір-бетон, кірпіш зауыттар, ағаш өңдеу комбинаты салынып,  жаңа трестер, құрылыс басқармалары, жылжымалы механикаландырылған колонналар (ПМК) құрылды. Сондай-ақ Қызылорда мен Ленинск қаласын, аудан орталықтарын абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Облыс орталығында алғашқы аэродром салынып, жаңа авиарейстер ашуға қол жеткізілді. Білім  беру  және денсаулық сақтау салалары дамыды. Колхоздардың күріштік жерін тегістеу орталығын салуға да Үкіметтен ақша бөлініп, соның арқасында 1969 жылы Сыр бойында күріш бітік өсті.

Ол кісінің облыс атын Қазақстанға кең жайып, бүкіл халықтың, жастардың талап-тілегіне, әсіресе спорт мәселесіне баса назар аударды. 1967 жылы Қазақстанда жаңадан құрылған футбол лигасына қатысу үшін футбол командасы құрылды. Сырттан жаттықтырушылар, жастар шақырылды. Облыс орталығы, Ленинск (Байқоңыр) қаласының барлық мүмкіндіктері есепке алынды. Команда құрылды, тіркелді, жарыс кестесіне қосылды. Республика бойынша 21 команда болды. Бірақ, стадион жоқ. Бары «Локомотив» спорт алаңы, тастақ жер. Бірінші ойын сонда басталған. Жықпа-жығылма сәттер, бірақ жығудан жығылу көп болған. Дегенмен, жыл аяғына дейін жарысқа қатысып шықты. Республикадағы командалардың ішінде, айтуға ұят болса да, амал жоқ, шындықтан қашып құтыла алмайсың, қызылордалық футболшылар соңғы 21-орын алды. Келесі 1968 жылы құрамада қалу үшін Кентауда іріктеу матчында жеңіске жеткен команда үшін стадион өте өзекті мәселе еді.

Хасан Шаяхметұлының тапсырмасымен жаңа стадионның жобасы дайындалып, қаржы көзі айқындалады. Көктем шыға ерекше қарқынмен құрылыс басталды. Стадион құрылысының прорабы – обкомның бірінші хатшысы. Шымкенттен алаңға төселетін көк шым тасылды, жарық қойылды, су, жылу, канализация жүйелері салынды. Небәрі 1-1,5 жылға жетпейтін мерзімде ыңғайлы, сұлу, он мың орындығы бар спорт кешені бітті. Жанынан екі үлкен залы бар спорт мектебі бой көтерді. Мұның барлығы стадион құрылысының бірінші кезеңі деп танылды. Міне, сол уақыттан бері Қызылорда футбол орталығына айналды. Жылдан-жылға командамыз тәуір ойнап, жоғары орындарға ие бола бастады. Шымкент, Жамбыл сияқты облыс командаларын үйде де, сыртта да жеңіп, халыққа қуаныш сыйлады.

Екінші жылы Хасан Шаяхметұлы Мәскеуге Жоғарғы Кеңестің сессиясына барғанда Одақтың спорт комитетінің төрағасы Павловқа кіріпті. Павлов: «СССР тарихында спорт комитетіне футбол, т.б. мәселелерімен қабылдауға бірінші келген обком хатшысы, КПСС Орталық Комитетінің мүшесі, СССР Жоғары Кеңесінің депутаты сізге, Хасан Шаяхметович, біздің барлығымыз қызмет жасаймыз. Керектеріңізді еш жақтан іздемеңіздер, спорт комитеті тапсырысын, талабын (не керек, қанша ауқымда, түр-түсі, бойы, ені дегендей) берсе болды, өз фабрикаларымызда дайындап, жеткізіп береміз» деп мәлімдепті. Бұл толық шындыққа айналды. 1960-жылдардың аяғы, 1970-жылдардың басында Қызылордаға кестеге сай ойнайтын командалардан тыс «Қайрат», «Пахтакор», «Ростов», «Харьков», «Москва» командалары жиі келетін. Мәскеуден «Спартак» келгенде Қызылордада үлкен спорт мерекесі болды. Он мың орын жанкүйерлерге жетпей, ойын алаңын жан-жағынан мыңдаған адам қоршап алды. Өте қызғылықты өткен доп додасы тең аяқталды.

Майдангерлер арасында «Онымен бірге барлауға баруға болады» деген сөз бар. Бұл теңеуді әдетте қиын-қыстау шақта жолдасын жауға тастамайтын сенімді адамдарға ғана қатысты айтады. Хасан Шаяхметұлы шын мәнінде, осындай теңеуге лайық, жаратылысынан батыл да батыр тұлға.  Соғыстың алғашқы кезеңінде барлаушылармен бірге бірнеше жау тылына барлауға шығып, «тіл» алып келуге қатысқан. Кеңес Одағының батыры, генерал- лейтенант В.Бойко өз мемуарында «Жауынгерлердің арасында аға лейтенант Хасан Бектұрғанов ерекшеленіп көзге түсетін. Оның жастарға тән ән салып, қызықты әңгімелер айтатынына  қарап, соғыстың қатал кезеңдерін көрмеген бе деп ойлап қаласың. Ал, шын мәнінде, ол Мәскеу түбіндегі шайқастарда ауыр жараланып, госпитальден кейін біздің армияға түскен. 54-гвардия полкінің комсоргі ретінде Духовщинаны азат ету ұрыстарында шабуылға шығып бара жатқан батальонның алдыңғы шебінен табылатын. Бектұрғанов сондай-ақ Витебскіні азат ету барысында да көзге түсті, онда ол танк десантымен бірге Лучесу өзенінен өткен алғашқылардың бірі болды. Дивизияда Хасанды тек батырлығы үшін ғана емес, сонымен бірге жастардың белсенді көшбасшысы ретінде бағалады» деп жазады.

Калининград түбіндегі ұрыстардың бірінде Бектұрғанов ауыр жараланып, қансыраған күйде соңғы күшін сарқа, өзіміздің шепке қарай жайлап жылжи бастайды. Ол жолда басынан жараланып, қозғалуға шамасы келмей жатқан қарулас досы Иван Малинконы көреді. Ол жолдасын тастамай сүйретіп алып шығады. Екеуі өмірінің соңына дейін дос болып, отбасыларымен қатысып тұрды.

Тың игерген өңірде жұмыс істеп жүрген кезде арақ ішіп, қолына пышақ алып райкомға келген маскүнемдерді тыныштандырған сәттері де болды. Кейін Жамбыл қаласындағы колонияда жазасын өтеушілер ереуілге шығып, күзетте тұрғандардың қаруын тартып алып, өздерінің талаптарын қояды. Колонияны құқық қорғау органдары қызметкерлері мен қарулы әскер қоршауға алған болатын. Облыс басшысы Бектұрғанов шабуыл жасауға рұқсат бермей, жалғыз өзі кіріп, олармен сөйлесіп шығып, күрделі ахуалды қалыпты жағдайға түсірген еді.

Хасан Шаяхметұлының есiмi кеңестiк Қазақстанның барша маңызды дерлiк тарихи кезеңiмен байланыстырылады. Дінмұхамед Қонаевпен үзеңгілес болған ол партиялық қызметіне аса жауапты азамат болды. Негізінде, Қонаевтың қанатының астында тәрбиеленген кадрлардың басым бөлігі соғыста шыныққан, кеңестік билік пен өздеріне сеніп тапсырылған іске шексіз берілген адамдар еді. Олардың жетекшілігімен республиканың халық шаруашылығы дамып, жаңа мектептер мен ауруханалардың, институттардың есігі ашылып, құрылыс индустриясы қалыптасты, ауыл шаруашылығы жанданды. Ол кезең Қазақстан экономикасының бір жүйеге келіп, дамудың даңғыл жолына түскен жылдары екенін ешкім жоққа шығармайды.

«Хасан сыртта қатал басшы болса, үйде қамқор әке болды. Бірде қызмет бабымен үйіне бара қалсам, немерелерін өз қолымен жуындырып жатыр екен, соны көріп бір таңдай қаққаным бар» деген еске алу жолдарын кездестірдік. Жұбайы Мәрия Шәкірқызы ақкөңіл, кеңпейіл, дастарханы мол жан болды. Ұл-қыздары, күйеу балалары, келіндері – бәрі де жоғары білім алған, өнегелі отбасы иелері.

Өмірдің күрделі де жауапты кезеңдерін бастан өткерген Х.Бектұрғанов – жалғыз Қазақстанда ғана емес, КСРО аумағында ізі қалған саяси тұлға. Халқымызда «Таулар алыстаған сайын биіктей береді» деген қастерлі сөз бар. Олай болса, нар жүгін көтерген, халқымыздың аяулы перзенті Хасан Шаяхметұлының парасаты мен пайымы, шуағы мен шапағатының алысқа кетері ақиқат.

Өткенін ұмыту – өсер елдің тірлігі емес. Қазақ жұрты жақсысын есінен ешқашан шығармаған. Ел тарихында терең із қалдырған тұлғаларды халық арасында насихаттап, оған сәйкесінше баға бергеніміз – өткенге құрмет, тарихқа тағылым еткеніміз.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<